10-сынып оқушысы екі отбасыға көмек көрсетпек

22.05.2019
Қаралды: 342

Қайырымдылық шараны ұйымдастыру да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дегенмен Алматы облысындағы Аққайнар ауылының тұрғыны, 10-сынып оқушысы Мәдина Советбай  мұндай жауап­кершіліктен қорықпайды. Ол көпшіліктен қаржы жинап, сол ақшаға  тұрмысы төмен екі отбасыға азық-түлік апарып беруді ниет еткен.

 

«Бұл шараны шамамен осыдан бір жылдай бұрын ұйымдастырғым келген. Кезінде к-pop жанрында ән орындайтын топтардың жанкүйерлері мектеп оқушылары бола тұра қаражат жинап, бір емес, бірнеше рет бір отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз еткен болатын, – дейді Мәдина бұл жөнінде. – Менің бұл идеяны іске асыру тек осы жылы ғана қолымнан келді. Мұны мен өз еркіммен, өз қалауыммен ұйымдастырдым. Содан кейін адамдарға есеп беретін боламын.

 

Алдында бір отбасыны тауып, сөй­лескен кезде олар келісіп тұрып, бас тартқан еді. Сонда көңілім түсіп қал­ған. Бірақ мен «бұл менің қолымнан келеді, істей аламын, оны барлығына дәлелдеймін» деп өзімді жігерлендірдім. Өкінішке орай, әзірге ұйымдастырушы өзім ғана болып тұрмын».

 

Ол барлық әрекетті ата-анасымен кеңесіп жүзеге асырып жатыр екен.  Атал­ған шара арқылы оқушы қыз сол отбасыдағы бүлдіршіндердің шат күлкісін  көргісі келетінін айтады. Көшеде үй-күйі жоқ, жағдайы төмен жандарды көргенде  жаны ауыратынын да жеткізді.

 

«Бұл қайырымдылық шарасы туралы кей достарыма айтқан кезде олар: «Сонша ақшаны бекерге жұмсайсың ба? Уақытың кетеді ғой. Еріккенсің бе?» – дегенді айтты. Бірақ мен барша жанға сөзбен ғана емес, іс-әрекетпен нәтижесін көрсетсем деп ойладым. Сол арқылы бір отбасыға аз да болса бақыт сыйлап, Алладан сауап алғым келді және де ата-анам менімен мақтанса екен деймін.

 

Мендегі басты мақсат – екі отбасыны азық-түлікпен қамтамасыз ету болды. Оларды анам тауып берді. Біріншісі бес баласы бар жалғызбасты ана болса, екіншісі – аздаған психикалық ауытқушылығы бар кісілер. Түскен қаражатқа алын­ған азық-түлікті анаммен бірге барып табыстайтын боламын. Жалпы, бұған атсалысқан адамдардың саны өте аз. Көпшілігі мектеп оқушылары. Есеп-шотқа 200, 500, 1000, 1500 теңгеден түсіп жатты. Өзім де ақша қостым.

 

Жүрегінде жылуы бар жандар қол ұшын созатын болса, болашақта тағы да бірнеше отбасыға қуаныш сыйлағым келеді. Сондай-ақ Балалар үйіне тәттілер, Қарттар үйіне дәрі-дәрмектер апарып бергім келеді», – дейді Мәдина.

 

Қоғамға аз да болса өз пайдасын тигізіп жүрген оқушыға біз де ризамыз. Оның бұл ісі өзгелерге де үлгі боларлық.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ