50 теңгеге – 5 ауызашар

21.05.2019
Қаралды: 373

Қасиетті Рамазан айының келуіне байланысты көптеген мұсылмандар ауыз бекітті. Осыған орай қайырымдылық шаралар ұйымдастырып жатқан жандар аз емес.

 

Солардың қатарында «Kausar Medіa» студиясының, «Kausar Store» интернет-дүкенінің негізін қалаушы 21 жастағы алматылық кәсіпкер Ербол Бердімұрат та бар.

 

Ол «50 теңгеге ауызашар беріңіз!» атты жобаны қолға алған, содан жиналған қаржыға ауызашар беруге ниетті. 

 

«Жобаны жалпы ұжымымызбен ұйымдастырып жатырмыз, – дейді ол. – Бұйырса, 20-25-мамыр аралығында Алматы қаласында ауызашар бермекпіз. Оны мешітке жиналған жамағатқа немесе медреседе тәлім алып жатқан ілім іздеу­шілерге бергенді жөн санап отырмыз.

 

Біз осыдан төрт жыл бұрын «В Контакте» желісінде діни бағыттағы жазбалармен бөлісіп отыратын «Kausar» парақшасын ашып едік, әлі күнге дейін жұмыс жасап келеміз. Қазірде 15 мыңға жуық оқырман тіркелген. Яғни ешқандай жарнамасыз тіркелген бұл оқырмандардың ізгі ниетін, дінсүйгіштігін ескере отырып, осындай бір игі бастама ұйымдастырғанды жөн көрдік. Ұжыммен ақылдаса келе «50 теңгеге ауызашар беріңіз!» деген жобаны жария қылдық. Ораза ұстаған оқырмандарымызды да алдағы ауызашарға шақыру ниетіміз бар. Сондықтан ауызашардың нақты қанша адам­ға берілетіні әлі жоспарда жоқ. Барлығы да жиналған қаражатқа байланысты болмақ. Қазірде xалық әлі жаппай ақша аудару үстінде. Сенсеңіз, 24 сағат бойы үздіксіз 50 теңгелер келіп түсіп жатыр. Адамдар күн-түн демей ақша аударуда. Алла барлықтарының асыл ниеттерін қабыл етсін!

 

Ең төменгісі 50 теңге деп бекіткенбіз, одан көп, тіпті 10 мың теңгеден аударып жатқандар да бар. Біз бұл сомаларды кімнің беріп жатқанын да біл­мейміз. Жақын арада ақша салып жат­қан xалыққа міндетті түрде оның есебін тапсыратын боламыз», – дейді Ербол.

 

Дәл осындай жобаны шымкенттік Нұрсұлтан Бейсеков те қолға алды. Өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырған жігіттің жасы – 30-да. Ол халықтан 50 теңгеден жиналған қаржыға мүмкіндік болса Шымкенттің бес ауданында ауызашар бермек.

 

«Бұл жобаны негізі «Кәусар» парақшасының админдері бастаған болатын. Содан соң менде неге осы жақсы амалды эстафета секілді етіп жалғастырмасқа деген ой пайда болды. Солай ниет етіп бастадым. Бір жағынан – сауапты іс, екінші жағынан  – ауызашар өткізсем деген жандардың осылайша ақшалай үлес қосу арқылы ізгі ниеттері орындалсын деген ой. Анам үшін де көпшіліктің дұғасын алсам деген ниет бар. Ол кісі дертке шалдығып бір бүйрегінен айырылған.

 

Қазіргі таңда бірінен-бірі асырып жомарттық танытып жатқандар баршылық. Алла қаласа, Қадір түніне ауыз­ашар беру жоспарда тұр. Ауызашарды жетімдер үйінде, медреселерде, мешітте өткізсек деп ойлап отырмыз. Үлкен кісілермен ақылдасып жатырмын. Әзірге тізімде Шымкент және Түркістан қалалары бар. Ауызашар берген кезде бәрінің есебі беріледі, қанша қаражаттың жиналғанын көрсетеміз және «Жамағаттың ауызашары» деген баннер ілінетін болады», – дейді ол.

 

Әуелде бұл екі жігіт те «жақсылықты жасырын жасау керек» деп есімдерін жарияламауды сұраған болатын. «Хадис­те оң қолың берген садақаны сол қолың көрмесін деген бар, атымызды жария етіп, рияткершілікке салынғымыз кел­мейді», – деген еді. Бірақ шара ұйымдас­тырып, игі іс жасауға ниет еткен жандардың өз келісімдерімен аты-жөндерін жасырып қалмауды жөн көрдік. Олар ауызашар өткізіліп болған соң бізді істің нәтижесі туралы тағы да хабардар ететіндіктерін жеткізді.

 

Ендеше, бұл азаматтардың ниеттері қабыл болсын!

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ