Таяуда Президент Қ.Тоқаев 13-мамыр мен 7-маусым аралығында елімізде «Бірге» деген атаумен арнайы акция өткізілетінін мәлім етті. Оған бүкіл халық болып атсалысуға шақырды.
Яғни еліміздегі өзекті деген мәселелердің барлығы айтылуына мүмкіндік бар, анықталған жайлар бойынша тиісті шешімдер жасалып, нақты істер қолға алынбақшы.
Ендеше бұған бір кісідей атсалысу керек қой. Халықты не толғандырады, не мазалайды – бәрі де ортаға салынғаны дұрыс.
Мен, мысалы, мына жайларды айтқан болар едім:
1. Елімізде ажырасушылар көп. Ал ажырасу деген – жалғызбасты ана, жалғызілікті еркек, тірі жетімдер. Әлеуметтік зерттеу жүргізіп, осының түпкі себебін анықтау керек, мұндай жағымсыз құбылысқа жол ашып отырған жайларды біліп, олардың алдын алатын шаралар жасау қажет.
2. Халықты көпбалалы болуға ынталандыру керек, көпбалалы ата-аналардың жұмыспен, лайықты баспанамен қамтылуына жағдай жасау қажет. Халық саны өспесе ұлан-байтақ даламызды кім игереді, кім қорғайды?
3. Бүгінде қалаларда үйсіз-күйсіз, жылдап, тіпті өмір бойы пәтер жалдап жүрген қандастарымыз көп. Олардың да баспаналы болуына жеңілдікпен жағдайлар жасалғаны жөн.
4. Бүгінде қала көшелерінен қаңғыбас болып кеткен қандастарымызды жиі көретін болдық. Көзіміз үйренгені сонша, бұл адам мұндай күйге қалай душар болған деп үңіліп қарамаймыз. Осыны зерттеп, анықтау керек, олардың адам қатарына қосылуына жағдай жасалуы қажет.
5. Жемқорлықтың, еңбек етпей баюдың, жайлы жерлерге туыстарын сүйрелеудің жолына тосқауыл қою керек.
...Осылай да осылай, айта берсеңіз, мәселе көп. Мүмкіндік беріліп тұрғанда оны неге айтпасқа? Айтып-айтып тастаңыз, ол сіздің елді, қоғамды өзгертуге қосқан бір үлесіңіз болсын.
Р. ҚАЛТАЙ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!