Билікке жемқорлықты түп-тамырымен жоятын Президент келе ме?

21.05.2019
Қаралды: 176

Елімізде алдағы 9-маусымда болатын Президент сайлауына түсетін үміткер­лердің қай-қайсысының болса да қоғамды жайлап алған жемқорлықпен күресемін деп уәде беріп жатқан жайы бар. Олардың уәде үдесінен қалай шығатынын білмедік, ал әзірге жемқорлықтың үдеп тұрғаны өтірік емес, күн сайын дерлік біреудің ұсталғанын, енді біреудің сотталғанын еститін болдық.

 

Қоғамның барлық саласын жаулап алған

 

Мысалы, кешегі аптада Солтүстік Қазақстан облысында экономикалық тергеу департаментінің бірнеше заң бұзушылықтарды анықтағаны белгілі болды. Онда облыс орталығындағы Ж.Жабаев атындағы көшені жарықтандыруға бөлінген 230 миллион теңгенің 44 миллионы қолды болғаны анықталыпты. Сатып алынған қажетті заттардың бағалары асырып көрсетілгені туралы айтылады.

 

Бұл қаладағы халықаралық әуежайды жөндеп-жаңғырту жұмыстарына 1 миллиард 100 миллион теңге қаржы бөлінген екен, соның 68 миллион теңгесі жымқырылғаны белгілі болған.

 

Осы жұмыспен айналысқан кәсіпкерлер кейін тәуелсіз тексеру жүргізушілерге «ауызбастырыққа» 500 мың теңге пара бермек болғанда ұсталыпты.

 

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жымқырудың, арам жолмен баюдың жолы да, тәсілі де көп.

 

Мысалы, өткенде Алматы облысында аудандық жер комиссиясының мүшесі – мәслихат депутаты ұсталды. Оған 76 миллион теңге пара алған деген күдік келтіріліп отыр.

 

Алматы қаласының өзінде жезөкшелерді ұстайтын притон ұйымдас­тырғаны және «жеңгетайлық» жасағаны үшін істі болған әйел полицияға 20 мың доллар пара бермек болған кезінде ұсталды.

 

Мұндай «сыйлықты» алатын, қылмысты «көрмей қалатындар» да бар ғой. Яғни жемқорлық деген өмірдің барлық саласына дендеп еніп алғаны сонша, оны жою оңай болмай тұр.

 

45 миллион теңге айыппұл төлейтін болды

 

Биылғы ақпан айында Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары  ұсталғаны белгілі. Арнайы қызмет оның қаладағы мектептердің біріндегі асхананы жалға алған адамға жалдау мерзімін ұзартып бергені үшін 1 миллион 500 мың теңге пара алғаны туралы хабарлаған болатын. Кешегі аптада осыған қатысты қозғалған қылмыс­тық істің  нүктесі қойылды, ол азаматқа 45 миллион теңге айыппұл салынды.

 

Айыпталушы бұл сомадағы ақшаны 1 айдың ішінде төлеп құтылуы тиіс. Төлей алмаса, жағдайы ауырлай түспек.

 

...Талан-таражға түскен миллиардтаған қаржы... Ұсталған адамдар... Салынған айыппұлдар... Бүлінген тағдырлар.

 

Осының бәрін ойласаң, билік басына жемқорлық деген жұқпалы дертті, жегі құртты шын мәнінде жоятын әділ, мықты Президент келсе екен деген тілегің ұштала түседі.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ