Мен оның Президент болғанын шын жүректен тілеймін

20.05.2019
Қаралды: 202

Елімізде Президент сайлауына қатысты науқан жүріп жатыр. Енді жиырма шақты күннен кейін ол да зырғып өте шығады. Осыған орай додаға түскен үміткер 7 азамат та жұртшылыққа өзі Президент болып сайлана қалса, қандай жұмыстар атқарып, нені өзгертетінін айтып-ақ жатыр.

 

Ал бүгінде жұрттың көңілінде сені­мнен гөрі күдік-күмән басым. «Сайлауға қатыстың не, қатыспадың не – нәтиже белгілі ғой...», «Бұл елде енді ештеңе де өзгермейді» деген тұрғыдағы сөздерді қазір көп адамның аузынан естуге болады. «Бір емес, бірнеше үміткер бар ғой, ішінен неге біреуін таңдамасқа?» – деп сұрасаңыз, жауап дайын, «бәрі белгілі» екенін айтады.

 

Бұл қайдан шыққан «көріпкелдік»? Әлде адамдардың ешкімге де, ештеңеге де сенбейтін болғаны ма? Бүтіндей бір елдің халқын осынша үмітсіздікке апарып қойған қандай күш?

 

Ал мұның несі жақсы? Сайлаудан кейін тіршілік тоқтап қалмайды ғой,  сонда ертеңгі күнге деген сенімсіз, ізгілікке деген үмітсіз қалай өмір сүреміз?

 

Меніңше,  тап осы жолы бәрі де алдын-ала белгілі бола қоймайды-ау. Өйткені саясат сахнасына бір кездердегідей кілең «әртістер» шығып жатқан жоқ сияқты. Қазір жағдай мүлде басқаша емес пе? Егер де науқан кезінде қандай да бір құйтырқы тәсілдер орын алар болса, ол сайлаудан кейін ғана белгілі болатын шығар.

 

Осы орайда өз басым жұртшылықты алдағы сайлауға белсенді түрде атсалысуға шақырған болар едім. Өзіміз таңдаған үміткерге дауыс берер болсақ, таңдау еркімізге ашықтан-ашық ешкім де қол сұға алмайды деп ойлаймын. Өз басым сайлауға қатысамын, ел тізгінін ұстауға лайық деп санайтын үміткерге дауыс беремін. Өзгелерді де осындай ұстанымда болуға шақырғым келеді.

 

Президенттіктен үміткерлердің сайлауалды уәделеріне мән беріп көріңізші. Оған сенсеңіз, алдағы уақытта елімізде көп нәрсе өзгеретін сияқты. Бұлардың қай-қайсысының болса да айтып жатқандары сөз жүзінде қалып кетпей, өмір шындығына айналса, жаман болмайтын шығармыз.

 

Ең бастысы, олар халықтың неден шаршағанын, нені қалайтынын есте ұстап әрекет етсе, өздерінің осы халықтың бір бөлшегі, Қазақ елінің азаматы екенін ұмытпаса екен.

 

Өз басым жүз ойланып, мың толғанып, осы жетеудің ішінен біреуін таңдадым, соған дауыс беремін. Оның Президент болғанын шын жүрегіммен қалаймын, халықтың көңілінен шығып, елді еш кедергісіз басқаруын, Қазақстанды шын мәнінде  мықты елге айналдыру жолында еңбек етуін Құдайдан тілеймін.

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ