Тоқберген бақсы Президент сайлауы туралы не дейді?

20.05.2019
Қаралды: 938

Сайлау өтетін күн нақтыланғалы бері «енді не болар екен» деп елеңдеген халық ерекше қасиеті бар адамдардың түрлі жорамалдары мен болжамдарына көбірек құлақ түре бастады. Бұл бір жағы елдің көкейінде туындаған мың түрлі сауалға жауап алудың бір жолы іспетті.

 

Өзін Абай, Шәкәрім, Йассауи салған ізді қайта жаңғыртушымын деп санайтын Тоқберген Байтасов – әруақтармен тілдесе алатын қасиеті бар бақсы. Ол Қызылорда облысының тумасы болғанымен бүгінгі таңда отбасы Алматыда, ал өзі Астана қаласында тұрады. Оның себебін тылсым күштердің бұйрығымен болған дәруіштік деп түсіндіреді.

 

Осы Т.Байтасовтың «Youtube» желісінде бірнеше бейнежазбасы бар. Солардың бірінде сайлау туралы да әңгіме қозғайды. Онда ол өзінің айтуынша, тылсым дүниеден, Құдайдан әруақтар арқылы алынған ақпараттармен бөліседі. Осы орайда біз де ол кісімен арнайы сұхбаттасып, алдағы сайлауға қатысты ойларымен бөлісуді сұраған едік.

 

«Қазір ақ пен қара аңдысып, аласапыран болып тұрған кез. Қара күштер деп біздегі бұрыннан келе жатқан жүйені айтып отырмын. Қазір ондағылардың арасында қызмет орындарынан айырылып қалмау үшін астыртын күрестер жүріп жатыр. Жұмысын, жиған-тергенін жоғалтып алу, қызметтің төмендеуі, ішкен-жегендерінің әшкере болуы сияқты қорқыныштары бар.

 

Халық та негізінен бар керектіні дүниемен бағалап жатыр. Олар кім жағдайды жақсартамыз десе, соған дауыс беруге ыңғайланып тұр. Шет жерде қашып жүрген белгілі саясаткердің «халыққа жеңілдік жасаймын» деген сөзіне көпшілік сеніп жатыр. Бірақ мұның бәрі жалған нәрсе. Оның соңы аласапыран, өзара қудалау, қосымша шығындармен жалғасып, айналып келгенде елдің рухани жағдайын төмендетіп жіберуі мүмкін.

 

Сайлау барысында жасырын дауыс жинау орын алады. Халық онымен келіспейді. Әлем мемлекеттері бізді бақылап отырғандықтан бұл жерге Қытай араласады. Өйткені Қытайға қазіргі биліктің саясатының ауыс­қаны керек емес. Олар тіпті қарумен де ықпал етуге дайын тұр. Биліктің сайлауды бұрмалауы халықты ашындырып, төңкеріске дейін апаруы мүмкін. Сол кезде екінші сайлау өткізілуі де мүмкін. Тек қыркүйек айында ғана бір қалыпқа келеміз», – дейді ол кісі. 

 

Бізді сайлаудан кейінгі халықтың өмірі қалай болатыны да қызықтырды. Сондай-ақ «саяси додада кімнің бағы жануы мүмкін?» деген сұрақтарға да жауап алмақ болдық.

 

«Қазіргі әрбір қиянпестік істерді тылсым дүние бақылап тұр. Сондықтан сайлаудың нәтижесі тылсымның пайдасына шешіледі, яғни халыққа жағымды, бүгінгі биліктің жүйесін өзгерте алатын басшы тағайындалады. Бірақ сол екі ортада әртүрлі кедер­гілер бар. Халықтың қазіргі дүниені қалайтын ниетіне тоқтау болмаса онда аласапыран, түрлі оқыс жағдайлар, қиындықтар мен апаттар болады. Құдай халықты осылай еріксіз мәжбүрлейді. Халыққа қарама-қарсы топтардың өзінде де ажалдар, түрлі сынақтар болады. Егер халық бірлікке келсе, мұны бейбіт түрде жеңіп шығуға болады.

 

Билік төрт жылда қайта ауысады. Біз осылай сатылай келе, 8-12 жылдың ішінде жақсы жағдайға қол жеткіземіз. Алдағы қыркүйек айына дейін аласапыран жалғасады. Оған дейін бәрібір Құдайдың үкімі орындалады. Содан кейін елде тыныштық орнайды.

 

Шамамен оншақты күннен кейін көп нәрсе шешіледі. Елбасына сынақ түсіп отыр. Оған Алладан ескерту келеді. Егер ол соған қарсы шығатын болса, денсаулығына зиян тиюі мүмкін. Ал тәубе етіп, дұрыс шешім жасаса, онда сайлау басқа арнаға бұрылып кетуі де мүмкін. Сондықтан пәлен деп ештеңе айтуға болмайды. Оның барлығын қадағалап отыру керек. Тылсым күштерден алдағы уақытта түскен ақпараттардың бәрін жүйелеп, желіге ұдайы жариялайтын боламыз», – дейді бақсы ата.

 

Сонымен қатар ол кісі сайлауға түсетін үміткерлердің әрбірінің рухани дәрежелеріне де тоқталады. Олар туралы тылсымнан түскен ақпараттарымен былай деп бөлісті: 

 

«Қасым-Жомарт Тоқаев – өз еңбегімен, білімімен көтерілген жан. Ең түпкі ойы – халықтың мүддесін ойлау. Бірақ ол өзінің айдаһардың қақпанында тұрғанын, маңайында дұшпандардың көп екенін біледі. Қасында сенім артатын адамы жоқ. Сондықтан да шарасыз. «Ол халықтың мүддесіне қарай аз да болса жұмыс істегісі келеді, бірақ оған істетпейді», – деп жатыр әруақтар.

 

Содан соң әділетсіз дауыс жинау орын алуда. Қазір Тоқаевқа дауыс беруге дайындық жүріп жатыр. Мұның бәрін әруақтар ашықтан-ашық ескертіп отыр. Бір жағы оған да қауіп төніп тұр. Ол шетелге кетіп қалатын жағдайлар да болуы мүмкін.

 

Ал Әміржан Қосанов – Алладан үміт еткен, қазақтығы бар адам. Жүрегінде «осыны орындасам, осылай болса» деген ақпараттар да бар. Ол басқаларға қарағанда халыққа жақындау болып тұр. Оның бір қателігі – бетке айтамын деп өзіне жауды көп жинап алған. Оған шығармашылық тұрғыдан Абай, Шәкәрім аталарымыздың қолдауы бар. Енді оған Абылай хан атамыздың қолдауын сұрау керек. «Құрбандыққа ірі қара мал шалып, Абылай хан атаның басынан тілек тілесін», – дейді әруақтар. Сонда оған халықтың қолдауы болады.

 

Жамбыл Ахметбеков кішіпейіл көрінгенімен өркөкіректік мінезі де жоқ емес. Құжатқа мықты, білімді. Жүрегінде ақау бар. Содан соң төртеуі түгел емес, яғни рухани түрде әлі толық жетілмеген. Әруақтар: «Бұл істе оған Құдайдан қолдау жоқ», – дейді.

 

Сәдібек Түгел – жан-жағын түгелдеп, өзіне дауыс беретін адам санын молайтуда. Ата тегінде ел билеген қасиет бар. Бірақ ол оны ұстанбаған. Дегенмен ел билеу деңгейіне әлі жете қойған жоқ.

 

Ал тағы бір үміткер Амангелді Таспихов – ішінде жасырын жұмбағы бар, өмірдің ауырын да, жеңілін де көрген адам. Оның маңайында ақша үшін жүргендер бар. Кейде ақ пен қараны ажырата алмайды. Ел басқаратын адам ретінде көрінбейді.

 

Дания Еспаева жан-жағын жұмсай білетін әйел болғанымен алды тұман. Қателіктері де жоқ емес. Соның барлығын билікке жетсем, түзеймін деп отыр.

 

Төлеутай Рақымбеков – шыншыл, тура басар. Халықтың жағдайын түсіне білетін, имандылығы бар адам. Таққа жетемін деп құрбандық шалып, Құдайға жалбарынып та жатыр. Әруақтар оны: «Уәдеге берік, айтқанын орындайтын пенде»,– дейді. Билікке сайланған жағдайда ол ары қарай алып кете алады, ескі жүйені өзгерте алады. Оны тылсым күштер қалап отыр.

 

Бұл жерде екі адамға ғана тылсым күштерден қолдау бар. Олар – Әміржан Қосанов пен Төлеутай Рақымбеков. Қалғандарында бұл жолда кедергілер болады. Оларға әруақтардан аманат түсіп жатыр, құрбандық шалулары керек.

 

...Әзірге Тоқберген атаның тоқтамы осындай. Бұл жөнінде ол кісі «Ютуб» әлеуметтік желісінде жариялаған. Біз сол жазба негізінде мақала жариялап отырмыз. Ал енді бұл болжамдардың қаншалықты шындыққа жанасатынын алдағы күндер ғана анықтап бермек.

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ