Перзентханада ауысып кетіп, есейгенде табысқан азаматтар

17.05.2019
Қаралды: 478

...Тұттысайдың бөктері биыл жауын-шашынға молықты. Осындағы Таушағанның  қойнауында сиыршы Қасымбек пен көмекші табыншы Бозымбайдың үйлері бар. Қасымбек таң алакеуімде тау шатқалына кеше кешке кірген бойдақ сиырларды көріп қайтуға суыт жүріп кеткен еді.

 

Әйелінің толғағы ұстап қалды

 

Қасымбек – жасы 25-тен асқан, шаруаға мығым жігіт. Келіншегі Райхан болса, үй тірлігіне пысық. Отбасын құрғандарына бірнеше жыл болды, Айзат, Нұрзат деген екі баласы бар. Үшінші перзентіне аяғы ауыр болатын. Сол күні оның толғағы ұстады.

 

Сауылған сиырларды беткейге өргізген Бозымбай таңғы шайына енді отыра бергенде тыста жүрген келіншегі Айсұлу үйге ентіге кірді де: «Райхан әпке толғатып жатыр! Дереу Ағалақтағы Баймұратқа барасың ба? Көлік табу керек!» – деді аптыға әбіржіп. Қатты сасқан Бозымбай апырақтап: «Қап, Қасекең де қасақана жоқ, көлігін де жүргізуді білмеймін», – деп асығыс киімін іздей бастады.

 

Бұл уақытта Райхан көзі қарауытып, қос бүйірін қысқан толғақтан әзер демалып жүрді. Бірақ қиналғанын балаларға сездірмей, киім-кешектерін жинап, үйді Айсұлуға тапсырып, керекті заттарын қол сөмкеге тықпалай берді.

 

Бұл кезде Ағалаққа астындағы жарау атымен төтелей шапқан Бозымбай әп-сәтте таудың аңғарынан шығып, жазыққа жеткен. Бұл кезде Баймұрат та бір шаруасымен орталыққа жүргелі тұр екен. Тез арада Таушағанға жетіп, Райханды көлікке отырғызған күйі олар орталық ауруханаға жөнелді.

 

Ауруханаға жеткенде қос қапталын қысқан толғақтан есінен айырылған Райхан тура жансақтау бөліміне жеткізілді. Абырой болғанда, дәрігерлер аман-есен босандырып, дүниеге ұл әкелді.

 

Кештете бойдақ сиырларды ауылға айдап әкелген Қасымбек болған жайды Айсұлудан естіп, елеңдеп екі көзі орталықтан келетін қара жолға қараумен болды. Есейіп қалған балалары да анасы кеткен орталықтан қуанышты хабар келетінінен үмітті еді.

 

Қонақ келіншек те ұл туды

 

Дәл осы күні көрші Ынтымақ ауылындағы Өндірбайдың үйіне қаладан меймандар келіп, Өнекеңнің 60 жылдығын мерекеліп жатқан еді. Қаладан келген Асылдың жұбайы Раушанның той үстінде бірден толғағы қысты. Қаладан ауылға дейінгі аралықтағы қотыр жолдың ұзақтығын көтермеді ме, әлде даңғаза шулы орта әсер етті ме, босануына әлі екі апта бар деп жүргенде Раушанның толғағы ойда-жоқта ұстады. Оны тез арада перзентханаға жеткізді. Сол күні ол да аман-есен босанып, өмірге ұл бала әкелді.

 

Раушан мен Райхан бір палатада жатты. Түн баласы медбикелер нәрестелерді аналарына әкеліп, әлсін-әлсін емізіп тұрды.

 

Арада бір апта өткенде Асыл Раушан мен кішкене нәрестені алып кетуге келді. Раушан мен Райхан айналасы апта ішінде бір-біріне бауыр басып, бұрыннан таныс-біліс құрбыдай сырласып үлгерген еді. Бірі таудың қиян түкпірінен келсе, енді бірі көлігі көп, дүрмегі бітпес қаладан келген екеуі бір-бірін қимай қоштасты.

 

Араға апта салып нәрестесін құндақтап перзентханадан Райхан да шықты. Қасымбектің өзі келіп әкетті.

 

 

Балалары ауысып кеткен екен

 

Асыл мен Раушан шаңырақтарына жеткен соң, бірнеше күн өткенде немересін қолына алған Айман апа: «Мына бала перзентханада ауысып кеткен жоқ па екен? Бүгінде біздің кезі­міздегідей үйде босану, жаңа босанған нәрестені анасымен бірге жатқызу деген жоқ. Бір аяғына белгі тағып, бөлек жатқыза салады. Осының түсі мен түрі біздің тұқымға келіңкіремейді ме, қалай?» – деп ішіне аздап күдік алғанымен ұлы мен келініне күдігін білдірмеген еді. Ақырында шыдамай, арада бірер күн өткенде көңіліндегі күдігін келініне жет­кізіп тынды. Раушан: «Апа, қайдағы ауысып кеткен?! Мен босанған күннен өзім емізіп келемін. Менің нағашы апамнан аумай қалған қоңыр өңдінің өзі ғой!» – деді бөбегін мейірлене иіскеп.

 

Уақыт осылай өте берді. Таудың қиян түкпіріндегі Қасымбектер жазды, күзді, қысты өткізіп келесі көктемге де жетті. Көктемнің екі айы да сырғып, Асыл мен Раушанның Бексұлтаны, Қасымбек пен Райханның Дәулетжаны бір жастан ай жарым асып, топырақ шашып ойнайтын жасқа да жеткен. Сол күні түске таяу қаладан Асыл өз көлігімен келіншегі Раушан мен анасы Айманды, ұлдары Бексұлтанды алып Қасымбектің ауылына жетті. Қуанысқан құрбылардың құшағы айқаса кетті. Асыл мен Қа­сымбектің де бір-екі рет перзентханада көрісіп, танысқаны бар. Олар да бұрыннан таныс адамдардай арқа-жарқа болысты. Қой сойылып, қазанға ет салынды. Электр жарығын беретін мотор қосылып, тау түкпіріндегі сиырлы ауыл қонақтарымен бірге мәре-сәре болысты.

 

Барлығы жата жастанып, жайғасқан соң Айман апа келген басты жұмыстарын айтты. Мәселенің мәнін түсінген Қасымбек пен Райхан «нәрестелер ауысып кетіпті» деген сөзді естігенде әрі-сәрі күй кешті. Қасымбек пен Райхан Раушанның қолындағы Бексұлтанға, Асыл мен Раушан Дәулетжанға қарағыштап көздерін жасқа шылады.

 

Қысқасы, олар әркім өз баласын алатын болып шешті. Өз нәрестелерімен табысқан қос ата-ана бір жағы қуанышты болса, бір жағынан біреу ет-жүрегін жұлып әкеткендей күй кешті.

 

Өз еріктерімен ауыстырды

 

Қасымбек пен Райхан Дәулетжанын шығарып салып, түн баласы орталарына Бексұлтанын алып жатып көздерін іле алмады. Түн ауа Бексұлтан туған анасына көнбей, төсін емген анасын іздеп шырылдап жылай берді, жылай берді.

 

Ертеңіне кешке дейін Бексұлтан қолды-аяққа тұрмай бақырып жылап, өксіп егілгенде Райханның ет-жүрегі езілуге айналды. «Сенің жағдайыңды да түсінемін. Маған да оңай емес, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген перзентім. Бір жаратқан Жаратушының ісі шығар. Баланы  ауыртып алармыз. Өзінің жылай бергеннен кіндігі де көтеріліп қалыпты. Қайда жүрсе де аман болсын, сырттай тілеулес болып жүрерміз. Бұлардың не кінәсі бар? Тағдырдың тартқан сыйынан қашып құтыла алмаспыз. Бексұлтанды ата-анасына тапсырып, Дәулетжанды алып қайтыңыз. Мен осы байламға келдім», – деді ол күйеуіне.

 

Бұл кезде қаладағы көпқабатты үйлердің біріндегі Асыл мен Раушанның отбасы да осы жағдайды бастан кешіп жатты. Барлық іске өзін кінәлі санаған Айман әже: «Айналайындар, баланың бақытынан асқан бақыт жоқ. Тағдырдың маңдайға жазғаны болар. Босқа баланың обалына қалармыз, ата-анасына тапсырыңдар», – деген соң олар да жол­ға шыққан.

 

Тағдырлары сәби арқылы тоғысқан төртеу қала мен даланың тура ортасында, тоғыз жолдың торабында кездесіп, балаларын бұрын білместікпен жаңылыс ауыстырып алса, енді өз қолдарымен ауыстырып, шаңырақтарына оралды.

 

Олар жиі кездесе берді

 

Осылайша Бексұлтан мен Дәулетжан бақытты балалық шақтарын ауыстырып алған ата-аналарының аялы алақандарында, жылы ұяларында өткереді. Осы аралықта өмірден Айман әже де өтеді.

 

Бір жолы Дәулетжан мектепте кластас балалардың бірімен шекісіп қалады. Әлгі бала: «Сені мамаң перзентханада ауыстырып алыпты. Сен ол үйдің баласы емессің!» – дейді Бексұлтаннан кегін алмақ болып. Бексұлтан мектептегі болған жайды анасына айтқанда ол: «Бекжан, оны кім айтып жүр? Сен біздің баламызсың, сен нағашы атаңа тартып туғансың. Әшейін сенен кегін алмақ бол­ған ғой», – дейді ұлын жұбатып.

 

Арада тағы бірер жыл өтеді. Ержеткен екі азамат әскерде Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеп қайтады. Отбасын құрады. Үйлі-жайлы болады. Бір күні Дәулетжан  аудан орталығындағы жаңадан салынатын аурухананың құрылысына  жұмысқа тұрады. Сонда құрылысшы жігіттердің бірі Дәулетжанның бір жігіттен аумайтынын, тіпті сөз саптауы, жүріс-тұрысы айнымай ұқсайтынын айтып қалады.

 

Тағы бірде Дәулетжан жол бойында көлігі бұзылып тұрған жігітті көріп, көмектескенде көлік иесінің өзінен аумайтын жігіт екенін аңғарады.

 

Осындай кездейсоқ жайттар екі жігітің басынан күн, ай, жыл сайын жиі-жиі өте берген соң Бексұлтанның жұмысқа құлықсыздығы, сәл нәрсеге қит етіп ашулана салатын оғаш қылықтары байқала бастағанын сезген Раушан ана күндердің күнінде баласын ертіп Қасымбек пен Райханның есігінен аттайды. Сонда Райхан ана: «Раушан, мен сендердің неге келгендеріңді түсіндім. Ешнәрсе де айтпа! Балалардың өзі шешсін. Ең бастысы, екеуі де дін-аман, ел сыйлар жақсы азамат болып өскеніне ризамын. Алла солардың өмір жасын ұзақ етсін!» – дейді жаулығының ұшымен көзін сүртіп.

 

Табысуларына Тоқтар Серіков себеп болған еді

 

Бұл әңгіме ауылдан ауылға, одан қалаға да жетеді. Арада жылдар сырғып, бұл азаматтардың өз ұл-қыздары өмірге келіп, ержетеді, бойжетеді. Бексұлтан мен Дәулетжан ел ағасы атанар елу жастан да асады. Дәулетжанның туған анасы қайтыс болады, ол арнайы барып, қабіріне өз қолымен топырақ салады.

 

Бұл екі азамат арада жылдар өте өздерінің анық ауысып кеткендерін алаңсыз мойындап, тағдырларына мо­йынсұнады. Үйдегі қыздар да мектеп бітіріп, бойжетеді. Енді олардың да болашағын ойлау керек. Ертең өзге босағаға келін болғанда ата-тегін, руын білуі керек. Бұл жағы да қос әкені ойланта бастайды.

 

Бір жолы белгілі әнші, сазгер Тоқтар Серіков ел аралап жүргенде осы әңгімені  естиді. Қатты толғанып, бұл азаматтарды табыстыруға бел байлайды. Сосын «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Қарекет» хабарын жүргізетін журналист Бейсен Құранбекке хабарласады. Содан телеарнаның түсірілім тобы дереу жиналып, арнайы барып Дәулетжан мен Бексұлтанға жолығады. Алайда олар алғашында бағдарламаға қатысуға қарсы болыпты. Кейін Бейсен мен Тоқтар олардың отбасыларына қазақтың кеңпе­йілділігі, ұрпаққа деген мейірімі, жат адамның баласын жақынындай бауырға басуы, оларды тәрбиелеп адам қатарына қосуы, тәрбиелеп өсіруі бүкіл әлем хал­қына үлгі-өнеге екенін, ізгілік пен мейі­рімнің айқын дәлелі екенін тү­сіндіріп айтады. Содан екі азамат та, олардың отбасы мүшелері де айтыл­ған уәжді толықтай түсініп, «Қарекет» хабарына қатысуға келісімдерін береді.

 

...Міне, өмірде осындай бір ерекше оқиға болған. Ол жөнінде бүгінде көп адамдар біледі.

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ