Ақсудың адамдары неге дүрлікті?

17.05.2019
Қаралды: 324

Жуырда Павлодар облысындағы Ақсу қаласында жүздеген адам алтын іздеп әлекке түсті. Бұл туралы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Әлдебір затты қабымен тасып, көлігіне тиеп жатқан жандарды көрген кейбіреулер алтынды қаптап әкетіп жатыр деп ойласа керек, әлгі жердің нақты мекен-жайын сұрап, «Барсақ бола ма?» деген сауалдар тастап, видеоның астына пікір қалдырып жатты.

 

Бағалы металл түгілі тас та жоқ екен

 

Көп ұзамай мұнда ондай бағалы металдың атымен жоқ екендігі белгілі болды. Ал тасып жатқандары – зауыттың қатты отын жаққанынан қалған күл екен. Бұл туралы Павлодар облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Дархан Исжанов мәлімдеді.

 

 «Онда ешқандай да алтын жоқ. Әлдекім жал­ған ақпарат таратқан, соның нәтижесінде адамдар жерді қаза бастаған. Ол жерге нақты қанша көлік жиналғанын айта алмаймын. Арнайы жасақ келіп, жиналғандарға ескерту жасап, үйді-үйлеріне таратты. Адамдардың тарапынан болған мұндай іс-әрекет те, олардың бұдан қандай табыс көрмек болғаны да бізге түсініксіз.

 

Барлық алтынның қоры мемлекеттің мен­шігінде. Бұл тек қана зауыттардың бұрынғы күл мен қалдықтарды жинайтын орны. Егер ол жақта бағалы нәрсе бар болса, республикадағы осындай барлық жерлерді қазар еді. Мұндай жағдайдың неге Павлодар облысында орын алғанын әзірге біз білмейміз, бірақ жуық арада оны да анықтаймыз. Адамдардың неліктен бұлай дүрліккені де белгісіз. Олардың қалдық күлді не нәрсеге пайдаланбақ болғанын да сұрап білеміз», – деді ол. Айтуынша, Ақсу қаласынан 5 шақырым қашықта орналасқан бұл жер 1970 жылдары күл төгетін орын болған, кейін бұл жерде құнарлылығы қайта қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізіліп, мемлекет меншігіне беріліпті. Бұл аймақ Еуазиялық энергетикалық корпорациясы (ЕЭК – Қазақстандағы электр энергиясы мен көмір өндіретін ірі компания), Казақстан электролизді зауытына (КЭЗ – Қазақстандағы алюминий өндіретін жалғыз зауыт) тиесілі бол­ған. Аталған жағдайдан соң бұл төңіректі қорғауға алу жұмыстары қолға алынып жатқан көрінеді.

Дегенмен алтын іздеушілердің өздері әлгіндей күлдің бір қабын 3-5 мың теңгеге сататындығын айтқан. Ал оны өзгелердің неліктен алтынмен байланыстырғаны әзірге беймәлім. Бірақ мұндай қалдықтар құрылыс материалдарын жасау үшін таптырмас шикізат болып табылады екен. Әдетте мұндай күлдің түрі газобетон, пенобетон, кірпіш жасауға пайдаланылатын көрінеді.

 

Бір жүзіктік алтын алу үшін 1 вагон кен қопару қажет

 

Жалпы, біздің елімізде алтынның қоры солтүстік, шығыс, орталық өңірлерде көбірек кездеседі. Осы жерлерден алынған бағалы металл бірнеше процестерден өтеді. Алдымен маркшейдер деп аталатын мамандар алтын кенінің қай жерде аз, қай жерде көп жатқанын  анықтайды. Одан соң геологтар жер құрамындағы алтынның мөлшерін нақтылайды. Келесі кезекте бұрғышылар жерді 16 метр тереңдікке дейін бұрғылайды. Бұрғыланған қуысқа жарылғыш заттар орналастырып, жарады. Содан соң ол жерден кенді экскаватор арқылы жинап алып, қоймаларға жеткізеді, сұрыптайды, уатқышпен ұнтақтайды. Ол ары қарай сынамалық зертханаларға, одан әрі фабрикаларға жеткізіліп, металл құймасына айналады.

 

Жалпы, 1 тонна кеннен небәрі 2 грамм алтын алынады екен. Мысал ретінде айтар болсақ, қарапайым неке жүзігін жасау үшін оған бір вагон кен қажет болатын көрінеді. Осыдан-ақ алтынды күрекпен оп-оңай қазып алуға болады дегенге сене қою қиын.

 

Ұлттық Банктің соңғы мәліметтері бойынша елімізде 1 грамм алтынның бағасы 13 мың 849 теңге тұрады. Елестетейікші, егерде әлгілер тасып жүрген қаптың іші толған алтын болса, онда қаншама миллиондаған қаржыны қалтаға бас­қан болар еді. Бірақ оңай жерде олжа жоқ. Сондықтан күрек ұстап күл қазғандардың түпкі мақсаты не болғаны бізге әзірге белгісіз.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ