Алтын жайлы айтайық...

17.05.2019
Қаралды: 175

Павлодар облысының Ақсу қаласында болған оқиғаның жұртты бір елеңдеткені белгілі. Біреулердің бұрын зауыт қалдықтары жиналған жерден алтын шығып жатыр деген сөзіне сеніп алтын іздегендер аталған жердің астын үстіне шығаруға шақ қалды. Кейін ол сөздің өтірік екені анықталып, жұрт тынышталды.

 

Меншікті жерінен шыққан қазына отбасының түбіне жеткен екен

 

Жалпы, алтынның адамдарды қатты қызықтырып, кейде қауіпті жайларға себеп болатын кездері де жоқ емес. Осы орайда есімізге ілгеріректе оқыған Австрия жазушысы Стефан Цвейгтің «Адамзаттың жұлдызды сағаттары» деп аталатын кітабы түсіп отыр. Сондағы новеллалардың бі­рінде қазіргі Сан-Франциско қаласы тұрған жердің заңды иесі болған адамның тағдыры туралы айтылады.

 

Шығарма кейіпкерінің аты-жөні есімізде жоқ, ал оқиға барысы былай суреттеледі:

 

Жеңіл өмір сүруге құмар, жанкешті бір азамат заң алдында кінәлі болып қалып, Солтүстік Америкаға қа­шады. Сол кезде ол үш баланың әкесі екен. Әйел, бала-шағасына қарайлай алмай, кемеге жасырын мініп, Америкаға тартып кетеді.

 

Әлгі азамат қазіргі Калифорния штатына жетіп, бір жұпыны балықшылар елді мекеніне тұрақтайды. Жаңа жердің жай-жапсарын тез бағамдап, жергілікті басшылықпен келісіп, он жылға жалға жер алады. Сосын ол жерге адамдар тартып, шаруашылықты жолға қояды. Бірер жылдың ішінде ғана сол аймақтағы ең бай адамға айналыпты. Тың жерде егін жайқалып өсіп, мал басы тез көбейіпті. Ол қыруар орман алқабын отап, зауыт салдырады.

 

Сосын ол Германиядағы отбасын АҚШ-қа шақырады. (Бұл барған кезде Испанияның меншігінде болған Сан-Франциско аумағын Мексика алған екен, кейін оны АҚШ-қа беріпті). Әйелі мен балаларын күтіп жүрген күндердің бірінде жер иесіне қарамағындағы жұмысшылардың бірі аптыға жетіп, жерінен алтын шығып жат­қанын айтады. Қалтасына толтырып алған топырақ пен құм аралас алтын түйірлерін көрсетеді. Бұл оған ешкімге тіс жармауын бұйырады, сосын көрер таңды көзімен атқызып, ертеңіне зауыт басына асыға жетеді. Сөйтсе... жұмысының бәрі де қараң қалған, диқаны да, бақташысы да, жұмысшысы да бүкіл әулеттерімен  жаппай алтын қазып кетіпті. Алас­ұра жер қазып жүргендердің ешқайсысы да қожайындарының бұйрығына құлақ аспайды.

 

Бұл жөнінде алыс-жақын аумақтың бәріне хабар жетіп, ол жерге жан-жақтан ағылып келіп жатқан адамдар бүкіл меншіктің ту-талақайын шығарыпты. Заң әлі толық орнап болмаған жерде кім күшті, соның дегені болып жатады, талай адамның қаны төгіледі. Алтын іздеген жұрт мыңдаған гектар жерді қопарып тастайды.

 

Содан әлгі адам бүкіл меншігінен айырылып, жұтап қалыпты. Осы кезде Германиядан әйелі мен ұлдары да жеткен екен, ол соларды алып, тау беткейіндегі аман қалған қыста­уына көшіп кетеді.

 

Сол жерге қоныстанған соң көп ұзамай оның әйелі қайтыс болады. Бұлар үш баласымен әрекеттеніп, аз уақыт ішінде шаруаларын көтеріп те қалады. Бірақ әлгі азамат өзінің меншігіндегі жерге орныққан 17 мың 221 фермердің, Калифорния штаты әкімшілігінің үстінен сотқа шағымданамын деп өз отбасын қатерге ұрындырыпты. Уәжін дұрыс деп тапқан сот мәселені оның пайдасына шешіп береді, кінәлі деп табылған адамдардан, жергілікті әкімшіліктен миллиондаған доллар қаржы өндіруге шешім шығарады. Оған қоса фермерлер жерді босатуға міндеттеледі. Содан фермерлер мен олар жалдаған жендеттер шағымданушының үйіне шабуыл жасап, оның үш ұлын да өлтіреді, бүкіл шаруашылығын тал­қандап, өртеп жібереді. Ал мұның өзі әупірімдеп жүріп аман қалады.

 

Қысқасы, әлгі адам Сан-Франциско аумағы өзінің жері екенін дәлелдеу жолында өмір бойы шағымданып, соттасып өтіпті. Ақырында қаң­ғыбасқа айналып, есі ауысып, сот алдында жан тапсырыпты.

 

Міне, бұл оқиғаның тарихы осындай екен. Ал әлгі адамның иемденіп, алтынның себебінен айырылып қалған жерінде кейіннен Сан-Франциско қаласы бой көтеріпті. АҚШ-тың экономикасы мығым, белді қалаларының бірі саналатын онда қазір 1 миллионнан аса адам тұрады.

 

90 кило тартқан алтын

 

Айта берсеңіз, алтын туралы әңгіме көп. Мысалы, газетіміздің өткен 15-сәуір күні жарық көрген нөмірінде Қытайдағы Шыңжаң өңірінде Берік Сауыт есімді жергілікті қазақ азаматының 2015 жылы құрамы 80 пайыз табиғи таза 8 килолық алтын тауып алғаны жайында жазғанбыз.

 

Ал табиғатта ең үлкен саф алтын (суретте) 1872 жылы Австралия­дан табылған екен. Ұзындығы 144 сантиметрді, ені – 66, қалыңдығы 10 сантиметрді құраған бұл алтынның салмағы 90 кило тартыпты.

 

Ресейдің әйгілі Алмаз қорында «Ат басы» деп аталатын, салмағы 14 кило тартатын саф алтын болған. Одан бөлек, тұрқына қарай «Түйе» және «Қоянқұлақ» атанған 9,3 және 3,34 килолық алтындар көрмеге қо­йылған екен.

 

Ең тазасы қандай?

 

Алтынның тазалық құрамы бо­йынша бірнеше сынамаларға (проба) бөлініп қаралатыны белгілі. Олар мынадай:

 

375 – 38 пайыз бөлігінен басқасын күміс пен мыс құрайды. 500 – күміс пен мыстан бөлек, алтынның үлесі 50,5 пайызға тең. 585 – 58,5 пайызы алтын, қалғаны – күміс, платина, мыс, палладий, никель. 750 – 75,5 пайызын алтын құрайды, қал­ғаны – күміс, платина, мыс, палладий, никель. 958 – құрамының 96 пайызы, 999 – құрамының 100 па­йызы – саф таза алтын.

 

Өзбекстан алтын сатудан әлем бойынша алға шықты

 

Кей деректерге қарағанда, әлемде алтын өндіруден Қытай алда тұр. Онда жылына жүздеген тонна алтын өндіріледі. Одан кейінгі орындарды Австралия, Ресей, АҚШ, Канада, Оңтүстік Африка Республикасы, Перу сияқты елдер иеленеді.

 

Жақын көршіміз – Өзбекстанда да алтын көп өндіріледі. Мысалы, кешегі аптада ғана Өзбекстанның биылғы жылдың алғашқы 3 айында алтын сату бойынша әлемде 1-орын­ға шыққаны туралы жарияланды. Бұл туралы Алтын жөніндегі бүкіл­әлемдік Кеңестің есебінде айтылған екен. Яғни Өзбекстан осы 3 айда 6 тонна 200 килограмм алтын сатыпты. Бұл көрсеткіш бойынша одан кейінгі орындарда Монғолия (3 тонна 400 кило) және Тәжікстан (1 тонна) тұр.

 

Жалпы, Өзбекстан биыл 80 тонна алтын өндіруді жоспарлап отыр екен. Бұл өткен жылғыдан 10 тоннаға артық. Жоспар межесіне жетсе, Өзбекстан қазынасына алтын сатудан 3,4 миллиард доллар кіріс түспек.

 

Ал алтын сатып алушы елдердің көшін бүгінде Ресей бастап тұр екен. Ол 2019 жылдың 1-тоқсанында шеттен 55 тонна 300 кило алтын сатып алған. Түркия – 40 тонна, Қытай 33 тонна алтын сатып алыпты.

 

Қазақстанның көрсеткіші қандай?

 

Біздің еліміз де алтынның нақтыланған қоры бойынша әлемде ал­ғашқы «ондыққа» кіреді екен. Ал оны өндіру бойынша үшінші «ондықта» тұрмыз. Елімізде оның баланстық қорына 200-ге жуық кен орындары кіреді. Олардың бірінде өнеркәсіптік игеру жолға қойылса, енді бірінің әзірге есептелген қоры ғана белгілі, өндіру басталған жоқ. Сондай-ақ анықталған, бірақ қоры бағаланбаған жерлер де бар екен.

 

2017 жылы Қазақстан өңделмеген, жартылай өңделген немесе ұн­тақ алтынның 5978 килосын өн­діріпті. Алтын өндіру жылдан-жылға артып келе жатқаны туралы айтылады. Елімізде алтын өндірумен айналысатын 100-ге жуық серік­тестіктер тіркелген екен, бүгінде олардың жартысына жуығы қазба жұмыстарымен айналысуда. 2018 жылы Ұлттық банк осылардан 33 тонна алтын сатып алыпты. Жалпы, осы жылы Қазақстан алтын қоры бойынша (құны 12,9 миллиард долларды құрайтын 323 тонна шамасы) әлемде 15-орынға шыққан. Биылғы жылғы деректе де 345,4 тонна алтын қорымен 15-орында тұрғаны туралы айтылады.

 

Аталған деректе 1-орындағы АҚШ-тан ең соңғы орындағы ОАР-ға дейінгі 30 елдің тізімі келтірілген. АҚШ-тың алтын қоры 8133,5 тоннаны құраса, Оңтүстік Африка Рес­публикасынікі 125,3 тоннаны құрапты. Ал алтын қорының алтын-валюта қорының қомақты бөлігі екені, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз етуде, оның қауіпсіздігін сақтауда, елді қаржылық дағдарыстан қорғауда ролі зор екені белгілі.

 

Жалпы, деректерде алтын өндіруден біздің елдің ТМД бойынша Ресей мен Өзбекстаннан кейінгі 3-орында тұрғаны туралы айтылады.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ