Шағатай тіліндегі кітапты 600 мың теңгеге сатпақшы

17.05.2019
Қаралды: 134

Таяуда көзімізге бір қызық жарнама шалынды. «Шағатай тіліндегі қолжазба. 600 мың теңге» деп жазылыпты. Ондағы көрсетілген телефон нөмірі (8-778-015-17-79) арқылы жарнама берушімен хабарластық.

 

Бұл азаматтың аты Саидияр екен. Қолжазба деп отырғанының орташа көлемдегі кітап екенін айтты.

 

«Хижра жыл санағы бойынша 1280 жыл деп көрсетілгеніне қарағанда, оның басылып шыққанына кемінде 200 жылдай уақыт өтсе керек, – дейді ол. – Бұл кітапты әжемнің оқып жүретіні есімде. Ол кісі қайтыс болғасын оны әкем оқып жүрді.

 

«Шағатай тілі» деген – көне тіл. Оны қазір көп адам түсіне бермейді. Әкем 2017 жылы өмірден өткен еді. Содан бері кітап оқылусыз тұр. Ол араб әріптерімен жазылған. Өзім оқи алмаймын. Есімде қалғаны – үлкендер онда әулиелер туралы, шариғат жайында уағыздар жазылған деп айтатын. Біраз молдаларға апарып көрсеткен едім, ешқайсысы да оқи алмады, ескі тілде жазылған дейді. Мұны оқыса енді ғалымдар оқи алатын шығар.

 

Мен мұны тарихи жәдігерлерді бағалайтын, сақтай білетін адамның алғанын қалаймын. Хабарласқандармен бағасын келісуге болады».

 

Көненің көзін сатпақ ниеттегі азамат осылай дейді. Біз бұл жөнінде га­зетімізде жазғанды жөн көрдік. Ел арасынан оны алатын адам табылып қалар деген ойдамыз.

 

...Ал тарихи деректерде шағатай тілінің 1400-ші жылдан 1920 жылдарға дейін өмір сүргені туралы айтылады. Ол әйгілі Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайға тиесілі болған ұлыста мекендеген халықтарға ортақ тіл болған. Ал ол ұлыс­қа қазіргі Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Шығыс Түркістан жерлерінің көп бөлігі, Иранның солтүстік аумақтары кірген екен. Шағатай тілі осы аумақтағы ел арасында кеңінен таралған. Әйгілі Шығыс жұл­дыздарының ішінде түркі халықтарына ортақ ақын Әлішер Науаи өзінің ең­бектерін осы тілде жазыпты. Жиһангер Ақсақ Темірдің өмірбаяны, Моғолстан билеушісі Бабырдың «Бабырнамасы» шағатай тілінде жазылған екен. Ахмет Йассауидің сопылықты, сондай-ақ иман, ізгілік жолын, адамгершілікті дәріптейтін «Диуани хикмет» (Ақыл кітабы) атты еңбегі де осы шағатай тілінде жарық көріпті.

 

Дегенмен шағатай тілі ХХ ғасырдан бері өлі тілдер қатарына енген. Себебі қолданылатын аумағының басым бө­лігінде тілге байланысты өзгерістер орын алған. Мысалы, кеңестік кезеңде Орта Азия республикалары «Кирилл әрпімен» жазуға көшті. Қазіргі адамдардың ол тілді түсінбеуінің бірден-бір себебі осы. Жалпы алғанда, қазіргі өзбек және ұйғыр тілдерінің шағатай тіліне ұқсастықтары да бар екен.

 

Қысқасы, орта ғасырларда «Шахнаме», «Фархад – Шырын», «Ләйлі – Мәжнүн» сияқты жауһарларды, Йас­сауидің хикметтерін өмірге әкелген, бір­неше ұлттарға ортақ тіл қызметін атқарған шағатай тілінде жазылған дүниелер түбегейлі жоғалып кетпеген сияқты. Із­десе, оны ел ішінен табуға болатынға ұқсайды. Саидиярдың қолындағы кітапты сондай жәдігерлердің бірі ретінде мұражайда сақтап қойса артық болмас еді.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ