Тұсаукесер мен сүндет тойды қатар өткерді

16.05.2019
Қаралды: 105

Әріптесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Фатима Забурақызының есімі бүгінде республика жұртшылығына танымал. Оның ізденістерінің жемісі – «Әйел құпиясы» және «Әйел денсаулығы» атты газеттерді әсіресе қыз-келіншектер, аналар сүйіп оқиды.

 

Фатима Забурақызы басқаратын «Zabura ЖШС» Баспа үйі бұдан басқа да баспа өнімдерін шығарумен айналысады. Сондай-ақ әріптесіміз бұл жұмыстармен ғана шектелмей, кейінгі кездері шығармашылық іске де ден қойған. Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын біз оның «Менің әкем – ең жақсы адам» атты тұңғыш кітабы жарық көргенін хабарлағанбыз.

 

Таяуда Фатима Забурақызының «Періште» деп аталатын екінші кітабы жарыққа шықты. Осыған орай Шым­кенттегі қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасында оның шығармашылық кеші болып өтті. Оған бір топ қаламгерлер, Алматы, Семей, Кентау қалаларынан қонақтар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, автордың ба­уырлары, туыстары мен жора-жолдастары, мектеп оқушылары қатысты. Қа­ламгер әріптестері авторға ізгі тілек­терін білдіріп, сый-тартулар жасады. Автордың бірқатар өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Мектептен келген жас жеткін­шектер оның шығармаларынан үзінділер оқыды. Екі сағатқа жуық уақыт­қа созылған  іс-шара өте әсерлі өтті.

 

Жалпы, Фатима Забурақызы бұл күні қос мерекесін қатар тойлады. Осы күні кешке қаладағы «Наурыз – 777» мейрамханасында оның тұңғыш немересі Нұрсаянның сүндет тойы да болып өтті.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ