Психологиялық кітаптардың пайдасы қандай?

16.05.2019
Қаралды: 558

Қазіргі таңда жұртшылық психология ғылымына көбірек ден қоя бастады. Себебі психологтар ойды өзгерту арқылы өміріңді де, өзіңді де өзгертуге болатынын дәлелдеу­мен келеді. Соның негізінде психологиялық, мотивациялық кітаптардың саны артуда.

 

Осындай кітаптардың қатарында Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өз­герт», «Жақсы сөз – жарым ыр­ыс», Қуаныш Шонбайдың «Екін­ші болма!», Ләйла Сұлтанқызының «Менің екінші кітабым», Құралай Ошақбаеваның «Әй­ел­мін мен! Тербетемін әлемді!», Аманжол Рысмендиевтің «Өзің­ді оят» секілді кітаптары бар. Сондай-ақ жетістікке жетудің жолдарын Брайан Трейси, Дейл Карнеги, Наталья Прав­ди­на, Луиза Хей, Роберт Кийосаки секілді шетелдік авторлар да түрлі-түрлі етіп түсін­діруде.

 

Мұндай кітаптардың көбінің бағалары 3000-3500 теңгенің шамасында. Олардың электронды нұсқаларын ғаламтордан тегін-ақ жүктеп алуға да болады. Бірақ барлық кітап­ты бірдей таба алмайсыз. Ондай кезде электронды нұсқаларын сатып алуға мүмкіндік бар. Өз басым осындай 130 кітапты 2000 теңгеге сатып алдым. Ол тізімнен Аманжол Рысмендиевтің «Табыстарға жетудің 7 құпиясы», Сайдмурод Давлатовтың «Мен және ақша», Роберт Кийосакидің «Бай әке, кедей әке», Дарья Трутневаның «Как впустить в свою жизнь большие деньги», Брайан Трейсидің «Выйди из зоны комфорта. Измени свою жизнь», Остин Клеонның «Кради как художник», Гай Каваса­кидің «Стартап», Дональд Трамп­тың «Думай как миллиар­дер» секілді кітаптарын табуға болады.

 

Ал енді мұндай дүниелер адамдардың көзқарасын, ойын қаншалықты өзгерте алады? Оқығандарға көмектесе ала ма?

 

Аталған кітаптардың көмегі адамның қызығушылығына, ниетіне, сеніміне байланысты болса керек. Мәселен, Кәмшат Бекжігі­тованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» атты кітабы туралы жақсы пікір айтып жатқандар жетерлік. «Онда жасына, жынысына, мамандығына қарамастан ақшасыз, таныссыз-ақ жетістікке жетуге, өмірді өзгертуге болатынын түсінді­реді. Кітап негізінен ренжігіш, ұдайы ештеңеге көңілі толмайтын, негативті көзқарастағы адам­дарға арналған. Автор мақ­сат қоюды, өткенге шолу жасау­ды, кешіре білуді, әр­кімнің өз өмірінің сценарийін жа­зуды, күнделікті аффир­ма­ция­лар айтуды практикалық тапсырмалар арқылы көрсетуге тырысқан. Мұның бас­қа кітап­тардан ерекшелігі – мақсатты, жоспарды қалай қою керектігін нақтылап көрсетеді. Кітап өмі­рін­де көп сұрақтарға жауап таппай жүргендерге арналған», – десе­ді оқығандар.

 

Ал осы кітаптың авторы Кәмшат Бекжігітованың мамандығы – қаржыгер. 2014 жылы күйзеліске түскенге дейін психология туралы ештеңе білмеген. Қарызы бастан асып, бір тиын табыссыз, баламен үйде отырған, нанға ақшаны қайдан аламын деп таңға дейін көз ілмей шыққан күндері болыпты. Ол Луиза Хейдің «Өзің­ді өзің жақсы көр» деген кітабынан соң ғана өзінің де, өмірінің де түбегейлі өзгергенін айтады. Сол оқыған кітаптарынан алған білімді қалай пайдаланғаны туралы ақпаратпен, тәжірибесімен бөлісу ние­тін­де өзінің кітабын жазып шыққан.

 

Көпшілікке белгілі Құралай Ошақбаева бір сұхбатында өзінің 20 мың теңге айлықпен мұғалім болып жұмыс істегенін, бар­шылықта өскен қыз қарапайым жігітке тұрмысқа шыққан соң өздерінің әлеуметтік жағдайларына көңілі толмағанын, отбасында түрлі мәселелердің орын алғанын айтады. Сөйтіп, ең бірінші баю туралы, кейіннен денсаулықты жақсарту бойынша психологиялық кі­тап­тарды оқи келе өзінің рухани тазарғанын, өмірінің де оң арнаға бұрылғанын түсіндіреді.

 

Байқасақ, жетістікке жетіп, түбі кітап жазып отырған авторлардың өздері де кезінде осындай кітап­тарды оқыған соң басқаша ойлай бастаған. Ал оған жетелеген – өз­де­рінде орын алған қиындықтар. Бұл ойымызды тәжірибелі психолог, арттерапевт, гештальттерапевт, коуч Ләззат Нұрпейісова да нақтылайды және кітаптардың пайдасын да сөз етеді.   

 

«Әртүрлі кітаптар бар, оны әркім әрқалай қабылдайды. Мәселен, К.Бекжігітова, Қ.Шонбай өз басынан өткен тәжірибелерімен, қалай жетістікке жеткені туралы ойларымен бөліседі. Ондайды екінің бірі жазып жатқан жоқ. Ал мотивациялық кітаптар адамға сенім мен күш-қуат береді. Мұны кім қалай қа­былдайды? Кей адамдар оқып бол­ған соң «мен дұрыс өмір сүр­меппін» деп өзін-өзі кінәлауы мүм­кін. Ол кезде мұндай кітаптарды көмектесті деп айту екіталай. Нақ­ты бір қадамдарды жасап, бұрын болмаған әдетті қалыптастырған кез­­де ғана адамда өзгеріс болады.

 

Дегенмен маған келіп жатқан жандардың көпшілігі осындай кі­таптарды оқыған соң ғана өмір­лерінің, ойларының өзгеріп жатқанын айтады. Кейбіреулер кітап мүлде көмектескен жоқ дейтін болса, онда ол адамдар сол бойдағы қалыптасқан әдетін өзгерту үшін жұмыс істемеген болуы мүмкін.

 

Негізінен психологияны кәсіби және көпшілікке арналған деп бөлеміз. Біздің айтатындарымыз – кәсіби психология. Мәселен, Құралай ханымның айтатындары – көп­шілікке арналған психология. Оның да айтып жүргендері орынды. Сондықтан екеуінің де адамдарға пайдасы бар», – дейді ол.

 

Әр адам – жеке бір әлем. Сондықтан тек белгілі бір кітап авторының көзқарасымен ғана өмір сүруге болмайтын сияқты. Мұндай кітаптардан әркім өзіне керегін ғана алуы тиіс.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ