Оңай баюға шақыратындар қатары артып тұр

15.05.2019
Қаралды: 224

Кез келген кәсіп түрінде жарнаманың маңызы өте зор. Оның мәтінін адамға әсер ететіндей етіп жаза білу де өнер. Жарнама қалай жасалса, тауар мен қызметтің өтімділігі де солай болатыны белгілі. Қазіргі таңда бұл әдісті көптеген салада жақсы пайдаланады.

 

Қыруар табысқа кенелтетінін айтады

 

«Табысты жұмысқа шақырамын. Қарапа­йым отбасыларға арналған өте мықты мүмкіндік.

- Егерде сіз кредит төлеуден шаршасаңыз...

- Бір нәрсе жасау керек, бірақ не екенін білмесеңіз...

- Балалар өсіп, жаныңыз тыныш болмай жүрсе...

Бізге келіп, табыс табыңыз!

- Заңды және налог төленеді.

- Пенсионный және декретный төленеді.

- Оқыту тегін.

Қазақстанның қалалары ғана емес, ауылдарына дейін тараған кәсіп».

 

...Таяуда «Facebook» әлеуметтік желісінде жүрген осындай бір жарнамаға көзім түсті.  (Мәтіні сол күйінде беріліп отыр). Мұның желілік маркетинг екенін жүрегім сезіп-ақ тұр. Десе де жұмыс таппай сенделіп жүрген кей туыстарыма бір септігі тиер деген ой да қылт ете қалды.

 

Иә, қазір екінің бірінде ай сайын төленуі тиіс несие бар. Бәрі де бір нәрсе жасағысы келеді, бірақ оның не екенін білетіндер кемде-кем. Бала-шаға өскен сайын олардың сұранысы ұлғайып, шығынның көбейетіні де рас. Өзі заңды жұмыс істейтін компания  болса, тегін оқытса, зейнетақы аударымы жүріп тұрса, кең тараған әрі табысты кәсіп болса керек жұмыс екені жасырын емес қой. Жарнамасы жап-жақсы, адамдардың жанды жерінен басып-ақ тұр. Қызығушылығым ұстап, бұл туралы нақтырақ білгім келді. Көрсетілген телефон нөміріне толық ақпарат алғым келетінін айтып, хабарлама жіберіп қойдым.

 

Кешкісін үйге барған соң телефоныма қарасам, «Онлайн проект» деп аталатын «WhatsApp» желісіндегі чаттан 100-ден аса хабарлама келіпті. Мені сонда қосып қойған. Мәлімет алғысы келетіндерді осылайша бір чатта жинақтап, топтап түсіндіреді екен. Чатта 30 шақты адам бар. Ондағы алғашқы фотоны ашып қарадым. «Ғазиза ханымның 25-сәуір күні түскен табысы» депті. «3 033490» деп көрсетілген сандарға қарап, мұның не теңге, не балл, не бонус екенін аса түсініңкіремедім.

 

Келесі суретке көз жүгірттім. «Ғазиза ханым­ға 13-наурызда түскен айлық» деп «2 758 828 теңге» деп қойыпты.

 

Қаз-қатар тізілген фотоның үшіншісін аштым. «Ғазиза ханымға компаниядан берілген теп-тегін машина». Шармен және бантиктермен әрленген көліктің жанында бір келіншек кілт ұстап тұр. Оның Ғазиза ханым екенін түсініп-ақ отырмын. Бір сәт менің де Ғазиза ханым болғым келіп кетті. Енді ше, есеп-шотыңа миллиондап ақша түсіп тұрғанымен қоймай, су жаңа көліктің жанында шіреніп тұрсаң...

 

Хабарламаларды шолып, төмен қарай түсіп келемін. «1 миллион теңге несие алып, бизнес бастағаннан 30 мың теңгеге керекті зат алып, кәсіп бастау тиімді болады» деп жазыпты. Демек, 30 мың теңгеге компаниядан тауар сатып алуым керек. «21 күн сайын 150 балл жасауыңыз керек. 150 балл шамамен 22 – 30 мың теңге болады. Үнемі 150 балл жасауыңыз тиіс болғанымен, үнемі ондай сомада ақша төлемейсіз. Мен сізге команда жинауға көмек­тесемін. Екеуміз жинаған команда есебінен жеңілдік жасалады».

 

Арғысы түсінікті болды. Қол астыма адам жи­нап, түгелдей тіркей беруім керек және олардың әрқайсысы 150 балдан жасауы тиіс. Өзім де осы компаниядан 22-30 мың теңге шамасында сабын, шампунь, гель, тіс пастасы, крем, парфюм, дәрумендерді ұдайы сатып алып немесе сатып алушы тауып отыруым қажет. Осы­лай жұмыс істеуді тоқтатпасам, 21 күн са­йын жалақы алуға, көлік мінуге, саяхатқа шы­ғуға мүмкіндік бар дейді. Айтып отырғанының желілік маркетинг екені айдан-анық болды.

 

Барлығы толық түсіндіріліп болған соң: «Командамен жұмыс жасайтыны ұнады, мені тіркеңізші», «Мен тіркеліп, жұмыс жасағым келеді», «Мен де тіркелсем деп отырмын», «Маған да ұнады, тіркелемін» деген хабарламалар бірінен соң бірі қаптай бастады. Оны көріп отырып, маған: «Осыны жазып отырғандар өздерінің адамдары шығар» деген ой келді. Себебі желілік маркетингте «мен тіркелемін, маған ұнады» дейтіндер өте аз. Десе де бұл кәсіпке он ойланып, жүз толғанып барып келеді. Оңай олжа туралы сөз болған жерде кез келген адамда ең бірінші сенімсіздік болады. Мұның басы-қасында жүргендер бұл жұмыстың майын тамызып, бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берген соң ғана «ойланамын» дейді. Ары қарай не тіркеліп, не қарсылық танытып тынады.

 

Күмәнді ойымның рас-өтірігін анықтамақ ниетте осы чатқа өзінің мұғалім екенін, бір айлығының жетпейтінін, қосымша табыс көзі қажет екенін, компанияға тіркелетінін айтқан бір келіншекке арнайы хабарлама жаздым. Әлгі компанияның атын атап, сол туралы білгім келетінін айттым. Ол да көп күттірмей, өзінің осында 2,5 айдан бері жұмыс істеп жүргенін, алдағы уақытта 80-120 мың теңге көлемінде айлыққа ілінгелі жатқанын, мұнда келгеніне еш өкінбейтінін айта келе, компанияның артықшылықтарын, тауардың сапалылығын да түсіндіре кетті. Соңыра: «Оның мүмкіндіктерін айтып жеткізе алмаймын, керемет!» – деп барып тоқтады. Толық ақпарат үшін ортақ чатқа қоса алатынын да жеткізді. Оның қажеттілігі жоқ екенін айтып, әңгімемді аяқтадым.

 

Иә, күдігім расталды. Ойлағанымдай-ақ, әлгі тіркелгісі келетіндердің барлығы әлдеқашан тіркеліп қойған өз адамдары екен. Басқалар­ға көз болсын деп әдейі жазып отырған сияқты. Ал сырттан қосылғандар да қарап қалған жоқ. Әлгіндей әңгімелер айтыла бастағаннан-ақ жартысынан көбі чаттан шығып кетті. 30 шақты адамның тұп-тура 18-і мұны қажет деп таппады. Қажетсіз дегендердің қатарын мен де толықтырдым. Осылайша бір жарнаманың арқасында біраз нәрсе білгендей болдым.

 

Желілік маркетинг арқылы баюға бола ма?

 

Өз басым желілік маркетингке еш қарсылығым жоқ. Тарихы сан жылдық сенімді компаниялар баршылық. Мұнда тек адамға  та­уар алғызып, ары қарай оны жұмыс істеуге көндіру мен сендіруде шеберлік керек. Тек желілік маркетингпен тауарын сататын компаниялардың шарттары осыны талап етеді. Атал­ған әрекеттерді үздіксіз орындай алған жандар ғана табысқа қол жеткізеді. Миллионер атанып кетпесе де мұндай маркетингтің рахатын көргендер жоқ емес. Көлік ұтып, саяхатқа шығып жүргендердің біразы осы салада жүргендер.

 

Дегенмен мұны қаржылық пирамидалармен шатастырмаған дұрыс. Ондай пирамидалар тауармен жұмыс істемейді. Онда тек «Ақша құясың, содан соң оны көбейтіп аласың» деген принцип қана бар. Сондықтан ондай пирамидалардан мейлінше аулақ болған дұрыс.

 

Иә, бүгінде елімізде желілік маркетингті кәсіп еткендер өте көп. Олардың арасында жұлдыз атанған танымал адамдарымыз да бар. Бұл соңғы уақытта еліміздегі желілік маркетингтің уақыт өткен сайын кеңге қанат жайып келе жатқанын байқатады. Мұнда мейлінше көп адам тіркелсе, табыс та қомақты болмақ. Сол үшін дистрибьютер атанғандар жоғарыдағыдай жарнамаларды ойлап тауып, адамдарды өз қатарларына қосып жатады. Қолымнан келеді дегендер ғана келіседі.

 

Десе де барлық нәрседе сақтық керек. Желілік маркетингтің жетегіне ермес бұрын анық-қанығын біліп алып қана кіріскен жөн секілді. Әйтпесе, не боларын кім біледі...

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ