Үйіңізде құмырсқа өсіргіңіз келе ме?

14.05.2019
Қаралды: 128

Бала күнінде құмырсқа илеуімен ойнамаған адам кемде-кем болар. Тіпті оның ішіндегі тіршілікті көру үшін біразын бұзған да боларсыз. Себебі илеу сыртындағы құмырсқалар құжынаған құмырсқаның 10 пайызын ғана құрайды екен. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманында дәл осы құмырсқа илеуін жұмыс үстеліңізге қойып, ақылды әрі еңбекқор жәндіктердің тіршілігін бақылауға толық мүмкіндігіңіз бар.

 

Былтырғы жылдан бастап Қазақстан нарығында да құмырсқа фермаларын сатумен айналысатын «Antsfarm.kz» интернет дүкені жұмыс істеуде. Бізге осы интернет дүкеннің негізін қалаушылардың бірі Михаил Кочальмен сұхбаттасудың сәті түсті.

 

Айтыңызшы, неліктен адамдарды құмырсқалардың өмірі қызықтыра бастады?

 

– Уақыт өте келе адамдардың өмірге көзқарасы мен талғамы өзгере бастайды. Оларды қаланың шулы өмірі жалықтырып, жүйке тынықтырудың жолын іздейді. Ал құмырсқа фермалары бұл үшін таптырмас мүмкіндік.

 

Бүгінгі таңда барлық шаруа автоматтандырылған, адамдардың бос уақыты көп. Формикарий сондықтан да көпшіліктің хоббиіне айнала бастады. Рас, Қазақстан үшін құмырсқа фермалары жаңа, тың дүние. Бірақ әлемдік тәжірибеде бұл жаңалық боп саналмайды. Алғаш құмырсқа фермаларын  ХІХ ғасырда мирмеколог ғалымдар ғылыми зерттеулері үшін пайдаланса, 1931 жылы Дартмут колледжінің профессоры, өнертап­қыш Фрэнк Остин патенттеген.

 

– Ешкімнің ойына келмейтін ерекше сауда түрімен айналысуыңыздың сыры неде?

 

– «Егер сіз бір табысты бизнес көрсеңіз, ол бір кездері қабылданған батыл шешімнің нәтижесі» деп Питер Друкер айтқандай, мен осындай тә­уекелге бардым. Көп ізденіс нәти­жесінде мен осы шешімді қабылдадым. Себебі сауданың бұл түрімен айналысқан калифорниялық «Милтон атайдың құмырсқа фермалары» (Uncle Mіlton’s Ant Farm) сауда белгісі 1956 жылдан бастап 20 миллионнан астам формикарий сатып, мол табыс­қа кенелген.

 

Құмырсқа фермаларының дүкені Еуропада 2000-жылдардың басынан бастап, Ресей нарығында соңғы 5 жылдан бері пайда болды. Ал Қазақстан нарығына енгізгенімізге 1 жыл енді ғана болады.

 

– Айрықша тауардың сатып алушылары туралы айта кетсеңіз...

 

– Негізінен құмырсқаларды бақылау өте қызық. Оны балаларға да, ересектерге де арнайы сыйлыққа беріп жатады. Құмырсқа фермаларына күтім жасау арқылы балалар жауапкершілікті сезініп, шыдамдылыққа үйренеді. Қазіргі кезде балалардың барлығы ғаламторға байланып отырады ғой. Ал формикарийде 20-25 құмырсқадан «үлкен құмырсқа отбасын» өсіріп шығаруға мүмкіндік алып, телефон, гаджеттерден бас тартады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Нұрорда» лицейі үшін арнайы мектептің логотипі бейнеленген формикарий жасап бердік. Соңғы уақытта тіпті кеңселерге де сатып алып жатыр. Жұмыс үстеліне қоюға да ыңғайлы. Ал көлемі үлкен фермаларды холлдар мен басшылардың кабинеттеріне алады.

 

– Құмырсқа фермаларын сатып алу қолжетімді ме?

 

– Иә, жақсы сұрақ қойдыңыз. Сіз кез-келген балаларға арналған ойыншық дүкеніне барып көріңізші. Ондағы бағаларға қарап, балалар ойыншығының қаншалықты қымбат екеніне көз жеткізесіз. Жансыз ойыншықтардың бағасымен салыстырғанда құ­мырсқа фермалары әлдеқайда арзан. Көлемі мен сыйымдылығына қарай бағасы да өсіп отырады.

 

Егер сіз әлі де күмәнмен қарап, тартыншақтап тұрған болсаңыз, сы­йымдылығы 700 жәндікке дейін, көлемі кішірек ферма алуға болады. Бағасы – 20 мың теңге. Сыйымдылығы  1500 және 2500 құмырсқаға дейінгі фермалар да бар, тиісінше бағасы 25 мың мен 35 мың теңгені құрайды.

 

– Аквариумде балық, тор ішінде тотықұс, тышқан, жылан, қоян өсірумен салыстыра айтсаңыз, қандай артықшылығына тоқталар едіңіз?

 

– Біріншіден, құмырсқа фермалары қауіпсіз. Сыртындағы құты сын­ған күннің өзінде сізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оның үстіне фермалар берік, төзімді материалдан (акрил) жасалған. Оларды қоректен­діруге кететін шығын көлемі 80-90 пайызға төмендейді. Екіншіден, формикарийлер көп орын алмайды, кез-келген интерьерге үйлесіп кетеді. Үшіншіден, басқа жануарлар сияқты серуендетуді, тазалауды, тұратын орнын тазалауды талап етпейді. Жануарлардан шығатын жағымсыз иіс атымен жоқ.  Төртіншіден, танымдылықты арттыруға зор мүмкіндік бе­реді. Құмырсқалар таңқалдырудан шаршамайды. Олардың бірлесіп қорек іздеуі, ұжымдаса жұмыс іс­теуінен адамдарға да үйренер нәрсе көп. Құмырсқалардың ең басты қажеттілігі – ылғал және дұрыс қорек­тендіру.

 

– Жалпы, қажет еткендер сіздермен қалай байланыса алады?

 

8-701-481-36-66 телефоны ар­қылы менеджер Николайға хабарласса болады.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан - Ақнұр АСЫЛБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ