Түрлі-түсті түшпара пісіретін келіншек

11.05.2019
Қаралды: 357

Шымкенттік Әлия Мықтыбекқызы бүгінде ерекше кәсіпті дөңгелентіп отыр. 28 жастағы келіншек – 3 баланың анасы. Қаржыгер және экономист мамандығын иемденген Әлия бұл кәсібін өзінің хоббиі деп санайды.

 

Әлия түшпараға қызыл түс беру үшін қызылшаның, сары түске сәбіздің, жасыл түс үшін ақжелкен (петрушка) немесе асжапырақтың (шпинат) жаңа сығылған шырынын пайдаланады екен. Көкөніс­тердің шырынына иленген қамырдың тығыздығы да ерекше болатын кө­рінеді. Ол мұндай түшпаралар сорпаға салып пісіргенде мүл­дем езілмей­тіндігін айтады. Әлия тек түшпараның ғана емес, манты мен еттің қамырын да осылай илеуге болатынын айтады.

 

«Жалпы, бұл кәсіпті бастағаныма көп бола қойған жоқ. «Ас – адамның арқауы» демекші, асымыз таза болса, деніміз де сау болады. Біз тек халал етті пайдаланамыз. Сонан соң қамырды илеу, түю жұмыстарының барлығы аппаратпен емес, қолмен жасалады. Бізге үй тағамдарын ұнататын, бірақ оны дайындауға уақыты тапшы қыз-келіншектер тапсырыс береді. Мен олардың уа­қытын үнемдеуге сеп­тігімді тигі­земін. Өзімнің балаларым да оның түсі­не қызығып жейді. Әйтеуір сұранысқа сай болуға тырысып жатырмыз. Мұндай түшпараны жеп жүрген адамдар кө­біне балаларына алады, себебі олар түсіне қызығып жейді. Бірақ көбісі түсіне бермейді.

 

Негізі бұл түшпаралар дәруменге бай, барлығы табиғи, оның құрамында зиянды қоспалар жоқ. Пісірген кезде дәрумендердің бәрі сорпаға шығады. Әлеуметтік желілерде де түрлі-түсті түш­паралар сатылады, бірақ оларға тағам бояуын қосады, сондықтан олар езі­ліп кетеді. Енді болашақта кәсібімді ары қарай дамытсам деймін», – дейді ол.

 

Мұндай түрлі-түсті тағам сәл қымбаттау жүреді екен. Кәдуілгі түшпараның келісі 1500 теңге болса, түрлі-түсті түшпараның бағасы 2000 теңгені құрайды. 6000 теңгеге тапсырыс бе­рушілер үшін жеткізу бағасы тегін болатын көрінеді.

 

Әрине, тағамның дәмі ғана емес, түрі де адамның тәбетін ашып, тамаққа тартып тұрғаны дұрыс. Сүйіп жеген ас қашан да сіңімді. Әлияның түшпараны түрлендіруінің бір себебі де осында жатса керек. 

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ