«Замананың» арқасында алғысқа кенелудемін», – дейді сарыағаштық оқырман

11.05.2019
Қаралды: 33

Редакциямызға Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылының тұрғыны Зүлфия Шың­ғысова хабарласты. Естеріңізде болса, оның «7 жасында жоғалып кетіп, екі перзентті болғанда табылған қыз» атты мақаласы газетіміздің өткен 22-сәуір күні шыққан нөмірінде жарияланған еді. Онда З.Шыңғысова нағашы әжесінің тағдыры жөнінде баяндаған болатын.

 

«Ең алдымен жазған хатымды жақсылап жариялаған сіздерге алғысымды білдіргім келеді, – дейді ол кісі. – Бушат әжеміз туралы жазғаным «Заманада» жарияланғалы бері маған хабарласушылар көбейіп тұр. Барлығы да рахметтерін жаудырып жатыр.

 

Ал кешегі дүйсенбіде маған Мақтаарал ауданында тұратын бөлелерім телефон шалды. Олар да «Замананы» алып тұрады екен, газет қолдарына енді тиіпті. «Заманадан» әжелері туралы жазылған мақаланы оқып, бір жағы таңқалып, бір жағы қуанып жатқандары телефонның арғы жағынан қауқылдаса естілген дауыстарынан білініп тұрды. Бір үйге жиналып оқып отыр, енді келесі үйге бармақ екен. Телефонды кезек-кезек алып: «Рахмет, айналайын!», «Алла разы болсын!», «Береке тапқыр, айналайын, әжемізді бір еске түсірдің-ау!» – десіп, жарыса алғыс білдірумен болды. Өзім де бір үлкен іс тындырғандай жаным жадырап, бір жасап қалдым. Енді сіздерге деген алғысымды жеткізбек мақсатта телефон шалып отырмын».

 

Сарыағаштық оқырманымыз осылай дейді. Ол кісінің әңгімесінен біз де бір марқайып қалдық.

 

«Шынымды айтсам, Бушат әже туралы көп біле бермейтінмін. Сондықтан бөлелерімнен ол жайында жаз­ғандарымнан қандай да бір жаңсақтық кеткен жоқ па екен деп сұрадым. Олар бәрін де қаз-қалпында жазғанымды айтқанда өзім де таңқалдым. Өйткені Бушат әженің тағдыры туралы маған кішкентай кезімде марқұм әкем айтып берген еді, содан есімде қалғандарын жазғанмын ғой.

 

Негізі Бушат әже бес балалы отбасының үлкені болған. Менің анам Жанат – оның кенже сіңлісі. Бушат әже кішкентай кезінде жоғалып кетіп, екі баланың анасы болғанда табыл­ған. Әкесі оның тірі табылғанын біл­мей тұрып өмірден өткен. Ал әже­міздің Садықбек, Әзім деген інілері Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Бушат әженің  Бихан деген сіңлісі Жызақта тұрған, ол кісінің ұрпақтары бүгінде бар. Енді мен «Заманада» шыққан мақаланы Бихан әженің балаларына да көрсетпек ниеттемін», – дейді З.Шыңғысова.

 

Қысқасы, сарыағаштық оқырманымыздың «Заманада» жарияланған мақаласы осылайша түкпір-түкпірлерге жетіп, жұртты қуаныш сезіміне бөлеуде екен.

 

Бұл орайда айтарымыз – сіз де танымдық-тағылымдық айтары бар осындай мақала жаза аласыз, құрметті оқырман! Ал мақаланы редакциямызға хат арқылы ғана емес, газетіміздің «Zamana_shmk@maіl.ru» электронды почтасы арқылы да жолдай аласыз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ