Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!

10.05.2019
Қаралды: 156

Құрметті мұсылман бауырлар! Баршамызды мүбәрак Рамазан  айы­ның келуімен шын жүректен құттықтаймын!

 

Рамазан айының нығметтері

 

Рамазан – араб сөзі, түбірі «рамзау» – «өте ыстық» деген мағынаны білдіреді. Ғұламалар мұны: «Рамазан айында ораза ұстаған пенденің бойына біткен кіші­гірім күнә-кемшіліктері күйіп кетеді», – деп түсіндіреді. Пайғамбарымыз Мұхам­мед (с.ғ.с.) ораза туралы өз хадистерінің бірінде: «Кім Рамазан оразасын иман және сауап үмітімен ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейді. Сондықтан Рамазан айы күнәлар кешірілетін ай деп айтуымызға толық  негіз бар.

 

Рамазан – барша мұсылмандардың сағына күтетін қасиетті Құран-Кәрім аяттары түсе бастаған мүбәрак ай. Бұл ай барша адамзат баласына рахметті ала келеді.

 

Құран Кәрімде: «Ей, иман келтір­гендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», – делінсе, тағы бір аятта: «Сен­дердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсе, сол күні ораза ұстасын. Сырқат немесе жолаушыларға ораза айын­да ұстай алмаған күндерін бас­қа күндері ұстасын» (Бақара сүресі, 183-185 аяттар), – делінген.

 

Бұл айда барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, жыныстық қатынасқа барудан, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерді тоқтатады. Ораза ұстаған адам сабырлылық, мейірімділік, қанағатшылдық сияқ­ты қасиеттерге бой ұсынады.

 

Оразаның негізгі шарттары

 

«Ораза» («әс-соум») сөзі тіл саласында «бір іс немесе сөзден тыйылу» деген ұғымды білдіреді. Шариғи мағынасы – құлшылық ниетімен таң атқаннан күн бат­қанға дейін ішіп-жеуден және жыныс­тық қатынастан тыйылу.                     

                      

Әуелі рамазан айының оразасын тұтуға ниет етіледі. Сосын таң сәресінен күн батқанша оразаны бұзатын нәрселерден сақтану керек.

 

Оразаның пайдасы:

 

Ораза ұстаушы Алла-тағаланы таниды. Өзін қиыншылықтарға төзуге және шыдамды болуға үйретеді. Аш-жалаңаш жүрген бейшараның көрген күнін бірге тартады. Өзіндегі шайтанның жолын тарылтады. Жалпы, оразаның денсаулыққа пайдасы мол.  

 

Оразаны не бұзбайды, не бұзады?

 

Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек.

 

Ұйқыдан жүніп болып ояну, әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі жағдайларында егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды.

 

Түнде жүніп болып, ғұсыл алуды сәресі уақытынан кейінге қалдыру, түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі, құлаққа су кіру, бұлық ағу, темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды. Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды. Қан алдыру немесе сүлік салдыру, көзге, құлаққа дәрі тамызу, мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. (Бірақ паста ішке кетіп қалса бұзылады). Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтану керек.

 

Ескерту: Білмей тамақ жеп қойған болса, оның оразасы ашылып кетпейді, яғни оразасын одан әрі жалғастырып тұта береді. Хадисте: «Кімде-кім ораза екенін білместен ішіп-жеп қойса, Алла оның тамақтандырған болады», – делінген.

 

Ал әдейі бір нәрсені жеп-ішу, темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау, таң намазынан ақшам намазына дейін жыныстық жақындасу оразаны бұзады. Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады. Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстауы қажет. (Каффарат деп – оразасын біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады).

 

Оразаны кімдерге ұстамауға рұқсат?

 

Жолаушылық. (Сапарда ауыз бекітпеуге болады, бірақ басқа күндерде санын толтырып ораза ұстайды). Жүктілік пен бала емізу. (Егер денсаулығы мен баласына зиян келуден қорықса ораза ұстамай кейін қазасын өтесе болады). Ауру-сырқау. (Сенімді дәрігер ораза денсаулығына зиян тигізетінін жан-жақты анықтап барып айтса, жазылған соң ұстауға болады). Кәрілік. (Қартайып, оразаны денсаулығы көтермейтін кісілер бір кедейдің таңғы және кешкі асын беріп тойдырады. Оған шамасы келмесе, тәубе етеді).

 

Әйел кісілерге байланысты  тәртіптер:

 

Әйел кісіге етеккірден тазарып болмай ораза тұтуына болмайды. Өткен күндерін Рамазан айынан  соң өтеп береді. Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйел, егер өзіне немесе баласына зиян келер деп қорықса, аузын ашуға хақылы. Бірақ кейін мезгілін тауып ораза ұстайды. Олар оразаның орнына аш адамды тойдырудан азат етілген.

 

Қадір түнінің қасиеті

 

Айлардың сұлтаны – Рамазан айы болса, түндердің сұлтаны – Қадір түні.

 

Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді, «құдірет» мағынасын қамтиды. Қадір түні – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, барлық жақсылық атаулының бастау қайнары  көзі болып саналатын мүбәрак Құран-Кәрім аяттары түсе бастаған  түн. Ол жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасаллам былай деген: «Кім Қадір түнін сенімімен, артының қайырлы болатынына үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі».

 

Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді. Ислам ғұламаларының пәтуасы бойынша Қадір кеші Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түні деп белгіленген. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн.

 

Тарауих намазы

 

Тарауих намазы – мүбәрак Рамазан айының маңызды ғибадаттарының бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Рамазан айында тарауих намазын шын ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешірі­леді»,– деген.

 

Тарауих намазы Рамазан айы бойы құптан намазынан кейін, үтір намазынан бұрын оқылады. Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Бірақ үйде немесе басқа жерде жалғыз оқыса да болады.

 

Қадірлі ағайын, ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай!

 

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,

Қазақстан Мұсылмандары діни

басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл-имамының

орынбасары, магистр.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ