Музыкалық аспапта ойнауды бір айда үйрете алады

11.05.2019
Қаралды: 36

Шымкент қаласында музыкалық аспаптың сан түрінде ойнау­ды үйрететін «Zhazіra Dala» атты музыкалық курс жұмыс істей бастады. Ол жерде вокалды, сондай-ақ музыкалық аспаптың кез келгеніне ойнауды бір айдың ішінде үйретеді.

 

Бұл курстың қатысушыларының жас ерекшелігіне ешқандай шектеу қойылмаған. Егер үйренуші нота сауатын ашып, кеңейтілген түрде білім аламын десе,  оқуды ары қарай жалғастыруына әбден болады. Курстың негізін қалаушы Гүлжазира Төлебаева – музыка маманы, аспаптарда ойнау және вокал курстарының репетиторы.

 

«Мақсатымыз – аспапты меңгеріп, вокал техникаларын үйренгісі келетін әрбір қазағымызға қол ұшын беру, олардың арман-тілектеріне қол жеткізу­леріне көмектесу және халықтың игілі­гіне жұмыс жасау. Бір айдың ішінде бір аспапта ойнауды мейлінше меңгер­теміз. Мәселен, домбыра курсын алар болсақ, талапкердің музыкалық және есте сақтау қабілеті жақсы болса, оған осы бір айда 25 әнге дейін үйрете аламыз. Ал ары қарай дамытқысы келе­тіндерге термелерді үйретеміз, шығармашылықпен айналыстыру мақсатында айтыс жанрына да баулимыз.

 

Негізі келген адамға тек аспапта ойнау мен ән салуды ғана үйретіп қоймай, шығармашылықпен айналыстыруды да жөн көреміз. Одан соң олар ары қарай ансамбльдерде ойнаймын десе, біз оның да жолын көрсетеміз. Біздің өзімізде музыкалық аспап түрлерінің барлығы табылады. Сонымен қатар, заманауи эстрадалық аппаратураларымыз бар. Үйренушілер осы құралдармен өнерлерін шыңдап шығады. Үздік­терімізге бізбен бірге халықтың игілігіне жұмыс жасауына мүмкіндік береміз, сондай-ақ көптеген конкурстарға жібереміз. Вокал сабағында тек жанды дауыста ән салуға үйретеміз. Тыныс алу жаттығуларын жасаймыз, дауыс қоямыз, диапазондарын кеңейтеміз, төменгі және жоғарғы дыбыстарды дұрыс алуды үйретеміз, музыкалық шығармаларды заманауи технологиялармен дамытамыз», – дейді Гүлжазира.

 

Ол курс бағасының қолжетімді екенін де айтады. Жекелеп үйрену 18 мың теңгеден басталса, топпен үйрену 6500 теңгеден басталады екен. Топта 6 баладан болады. Егер топта екі адам ғана болса, онда курс бағасы 12 мың теңгені құрайтын көрінеді. Сондай-ақ бұл төлемақылар курсқа жазылушылардың аптасына екі, үш, төрт, бес рет келуіне байланысты да өзгеріп отырады екен. Гүлжазираның өзі мұғалімдердің айлық жалақысы мен өздері отырған ғимаратты жалға алу ақысын шығару үшін осындай төлемақылар қойғанын айтады.

 

Өнерлі адам қашанда елден озық жүреді. Қабілетті дамытып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болғанға не жет­сін!

 

М. ИБРАЕВА.

 

Гүлжазира Төлебаеваның байланыс телефоны: 8-775-847-38-88.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ