Азаматтар соғысқа аттанған күн әліге дейін көз алдымда

08.05.2019
Қаралды: 22

Алдағы 9-мамырда Ұлы Жеңістің 74 жылдығын атап өтеміз. Ал ол Жеңіс оңай келмеген еді, оған жету жолында миллиондаған адамның қаны мен тері төгілді. Жыл сайын осы мереке кезінде көңілді мұң басып, өткен-кеткен еске түсетіні бар. Соның бірін оқырман назарына ұсынуды ұйғардым.

 

Әжем ортаншы ұлының оралмасын сезген сияқты

 

Шамасы 1941 жыл болуы керек (онда 5-6 жасар баламын), жерде қалың қар, есік алдында қос ат жегілген шана тұр. Шана үстінде жүруге дайындалып, бет-аузын түк басқан бір орыс отыр. Ол  асыққаны болар, делебені ұстап-ұстап қояды.

Үйде тола адам: ағайын-туғандар, жекжаттар, бала-шаға. Олар бабамыз Төлебайдың үш ұлы Оралбек, Олжабек, Жақсыбектер­ді ұзақ жолға – Ұлы Отан соғысына шығарып салмақ.  Олармен бірге Рыскүл әпкеміздің жалғыз ұлы Сыйқымбай да бар. У-шу, жылау-сықтау, басу айту. Көзім алақандай болып, дымға түсінбей, әрқайсысына бір жалтақтап мен жүрмін, екі-үш жас кіші інілерім де мен қайда барсам, сонда барады. Бізбен бірге Жақсыбек көкемнің тұңғышы – екі жасқа аяқ басқан Қалдыбек те қалбалақтап жүр.

 

Аттанатын мезгіл жеткен болар, әжем Сындыбике ұлдарымен қоштасып, ортаншы ұлы Олжабекке келгенде оны айқара құ­шақтап, босатпай қойды. Көп­шіліктің қаумалауымен құшақтаған бойы шана үстіне шығып кетті. Ер денелі әжеме ешкімнің әлі келер емес, әйтеуір қазағы, орысы болып жабылып, зорлықпен ажыратып, шанадан құлатып, орыстың сала құлаш қамшының шартылымен сәйгүліктер жолға шықты. Олар лезде Ақсу өзенінен өтіп, батысқа қарай көрінбей кетті.

 

Қар үстінде етпеттей құлап жатқан қайран әжемді шешем Жезбике, жеңгелерім Ділләй, Қаншайым сүйемелдеп әупіріммен үйге кіргізді-ау. Үйге кірген әжем шөкелеп отырып әнге басты, оған Рыскүл әпкем қосылды. Біз олардың аузына қарап, таңырқаған сыңай білдірудеміз. Әсіресе жаңадан тәй-тәй басып жүрген Қалдыбек біресе әжемнің, біресе Рыскүл әпкемнің қасына барып, тыным таппай бірнәрсесін жоғалт­қандай болып жүрді. Мен «оларға тыныштық бер» дегендей қасыма көтеріп әкелсем, қайтадан еңбектей басып соларға ұм­тылады.

 

Ертеңіне әжем үй тірлігіне айналысып, әлгі әнімен ыңылдап жүрді. Содан әжемнің мінезі өзгергендей болды: ешкіммен сөй­леспейді, ешкіммен араласпай, жеке өзі әлгі әнімен өмір кешті.

 

Әжемнің әуені ән болып туылды

 

Соғыс та бітті. Оралбек пен Жақсыбек елге аман-есен оралды. Атам мен әжем сүйікті ұлы Олжабекті күте-күте 1950-ші жылдары дүниеден озды. Өмірмен қоштасарында әжем: «Олжашым... Олжашым келді ме?» – деп көз жұмды.

 

Артында «бір ізі» қалмаған Олжабек көкемнің келіншегі, жеңгем Ділләй қарайлайтын не ұлы, не қызы болмай, жылай-жылай төркін жұртына кетуге мәжбүр болды. Ол жеңгеміз құсалықтан бір-екі жылдың арасында қайтыс болды. Бейшара жеңгем өмірінде тек соғыстың  тауқыметінен басқа не көрді?

 

Көп жылаған Рыскүл әпкемнің Сыйқымбай ұлы да сол кеткеннен мол кетті. Ол үйдегі жеңгеміз Әуес те ұлы-қызы болмағандықтан артына жалтақ-жалтақ қарайлай, көз жасын сығып төркініне кетті.

 

Иә, соғыстың зардабы жас бала – біз сияқтыларға да ауыр тиді. Аштық, жалаңаштық, жоқшылық пен колхоздың қара жұмысына жегіліп жүріп, мектепте оқыдық. Сол мектептің бастауыш сыныбын бітіріп, әрі қарай оқу үшін басқа жерге кеттім. Орыс ауылында өскендіктен  домбыраны мен сонда алғаш көрдім, демалыс күндері сол аспапты үйге әкеліп, інілеріме таныстырдым. Көп ұзамай жастар арасында домбыра, мандолин аспаптарына әуестену үрдісі шықты.

 

Сол кезде бастауыш сыныпта оқитын баяғы інім Қалдыбек менің ұстап жүрген домбырама, мандолинге қызығып, күні бойы біздің үйден шықпайтын. Кейін жоғары оқу орнында оқып жүргенімде демалыста ауылға келгенімде әлгі оқушы Қалдыбектің домбыраны да, мандолинді де тамаша ойнайтынына таңқалдым. Ал келесі бір келгенімде тіпті басқа музыкалық аспаптарды да меңгеріп, ауылдағы қазақ жастарын ұйымдастырып, концерттік топ құрып, ауданға белгілі өнерпаз атаныпты. Репертуарында халық әндері мен Қалдаяқовтың шығармалары бар екен, әзіл-сықақ нөмірлері, әр халықтың билері де қамтылыпты.

 

Қалдыбектің өзі маған бірнеше әнді орындап берді.

 

– Көке, өзімнің шығарған ән­дерім де бар. Мынау Ұлы Отан соғысынан қайтпағандарға арнал­ған, – деп баянға қосылып зарлы әнге басты бір кезде.

 

Көңілім босап, ән аяқталғанда:

 

– Бұл әнді мен бұрын есті­генмін. Оның авторы Сындыбике әжеміз ғой, баласы Олжабекті шығарып салғанда айтқан еді, – деп сол кездегі оқиғаны баяндап бердім.

 

Ол таңқалды, мен одан бетер таңқалдым. Ой, Алла-ай, сәби кездегі есіткен ән кейін жаңғырып адамды сазгерлікке жеткізеді екен-ау деген ойға қалдым.

 

Ширатбек ОРАЛБЕКОВ,

тыл ардагері.

Ширатбек Оралбековтің байланыс телефоны: 8-707-217-81-11.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ