Қызметтік көлікпен емес, таксимен жүретін болды

13.05.2019
Қаралды: 207

Шымкент қалалық сотының қызмет­керлері биылғы жылдың 6 мамырынан бастап қызметтік көлік­пен емес, таксимен жүруге көшті. Мұн­дағы мақсат – қызметтік көлік­терді жаңарту мен сатып алу­ға, оларды жөн­деу жұмыстарына, жанар-жағармай сатып алуға, көлік жүргізушілерін қамтамасыз етуге қажетті қаражатты қысқарту арқылы бюджет шығынын 50 пайызға дейін азайту. Осыған дейін аталған шығынның жылдық мөлшері орта есеппен 40 миллион теңгеге жуық болса, енді ол 20 миллионды шамалайтын болады.

 

Шымкент қалалық соты бұдан былай «Шымтранс» таксопаркінің қызметін пайдаланады. 

 

«Біз таксиге ауысу арқылы тек бюджет қаржысын үнемдеп қана қоймаймыз. Сонымен бірге шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау білдіру арқылы осылайша басқаларға үлгі бола аламыз. Ал үнемделген қаржы республикалық бюджетке қайтарылады және қажеттілігіне байланысты басқа бағыттарға жұмсалады. Қызмет көрсетулер бойынша такси ақысы республикалық бюджет есебінен ай сайын төленетін болады. Төрағалар, соттар және соттар әкімшісінің басшылығы таксиді  таңертең, түскі, кешкі уақыттарда шақырта алады, қосымша екі шақырту жасауларына болады. Ол бойынша қызметкерлердің қайда, қандай мақсатта барғаны бақыланып, арнайы бекітілген диспетчерлер арқылы мониторинг жасалынады», – дейді Шымкент қаласы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Нұрсұлтан Байтілесов (суретте). 

 

Оның айтуына қарағанда, қолданыстан шыққан автокөліктер Түркістан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне қайтарылады.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ