Еліміздің бас санитары ораза тұтқандарға қандай кеңес береді?

13.05.2019
Қаралды: 487

Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин Рамазан айында ораза тұтып жүргендерге арнайы кеңес берді. Көктемнің көкөзек шағында таңнан кешке дейін 16-17 сағат бойы аш жүрудің адамның жай-күйіне кері әсер етуі мүмкіндігіне алаңдаған ол жамағатқа мынадай кеңестер ұсынып отыр:

 

- Сәресіге құрамында күрделі көмірсулар мен жасұнығы мол тағамдарды (мысалы, күріш, сұлы, лобия) пайдаланған дұрыс;

 

– Ауызды құрмамен немесе сумен ашқан абзал. Ол ағзадағы қант пен тұз теңдігін қалпына келтіруге қажет;

 

 Сәресіге ішіп-жейтін тағамдардың гликемиялық индексіне мән берген абзал. Индексі неғұрлым төмен болса, азықтың қантқа айналуы соғұрлым баяу жүретін болады;

 

 Ауыз ашарда тұщы айран немесе йогурт ішіп, екі-үш бадам (миндаль) жеген дұрыс болады. Ашытылған сүт өніміндегі ақуыздар қандағы қант құрамының бірден көтеріліп кетуінен қорғайды, ал бадамның майы өт жолын алдағы жұмысқа даярлайды;

 

 Кешке майлы, қуырылған тағамнан сақтанған жөн, жеңіл тамақтан­ған дұрыс. Ет, құрамында баяу сіңетін көмірсулары бар азықтар асқазанға ауырлық етуі мүмкін. Пісірілген балық етін, бұқтырылған немесе балғын көкөністермен бірге пісірілген ет жеуге болады;

 

– Тағамның тұзы ащы болмауы керек. Жалпы, тағамның қуатты баяу бөлетін болғаны жақсы. Шай, кофені, кофеині мол, газды сусындарды емес, қара судың өзін, сусынды молырақ ішкен дұрыс. Тәттіні шамадан тыс жемеген жөн.

 

Еліміздің бас санитары осылай дейді. Сондай-ақ ол жүкті әйелдерге, жасы 7-ге толмаған балаларға, кәрі кісілерге, диабетпен, жүрек дертімен ауыратын жандарға ораза тұтпай-ақ қоюға кеңес беріп отыр. Жедел-өтпелі жұқпалы ауру, әсіресе іш ауруы кезінде ағзаны ашықтырудың қауіпті екенін де еске салған.

 

Мұны біле жүрген кімге де болса артықтық етпес деген ойдамыз.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ