Бейбіт халыққа оқ атқандар түбінде бір жазаланады

13.05.2019
Қаралды: 350

Украина Президенті Петр Порошенконы Киев сотына келтіре алмай жатыр. Оған бірнеше мәрте шақыртулар жіберілген, бірақ Президент әзірге сотқа бармау себебін түсіндірмеген, оның тарапынан жауап алуды кейінге шегеру жөнінде өтініш те болмапты. Ал сотқа еркінен тыс жетелеп апаруға оның президенттік лауазымы кедергі.

 

Дегенмен Порошенконың Президент ретіндегі өкілеттігі осы айда аяқталады, Бас Прокуратура жанынан арнайы құрылған басқарма ендігі шақыртуға келмесе, оны сол кезде сотқа мәжбүрлі түрде жеткізуге құқылы.

 

Ал П.Порошенко Киев сотына куәгер ретінде шақырылып отыр. Прокурорлар одан 2013-жылғы желтоқсанда және 2014-жылғы ақпан айында Киевте болған халық толқулары кезінде орын алған адам өлімдеріне қатысты жауап алмақ болған. Бұған Порошенконың «Майдандағы» адам өлімдеріне қатысты көп нәрсе білемін деп бірнеше мәрте ресми түрде айтқаны себеп болып отыр. Оған осыған байланысты сұрақтар қойылмақ болған.

 

Жалпы, Украинада 2013 – 2014 жылдардың күз және қыс айларында Киевте болған наразы халық пен күш құрылымдарының қақтығыстары кезінде екі жақтан 100-ден аса адамның қаза тапқаны белгілі. Аталған қылмыстық іс бо­йынша халық арасынан шығын болған 89 адамның және күш құрылымдарынан қаза тапқан 13 қызметкердің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Барлық істер бойынша 10 мыңнан аса куәгер мен 200 күдіктіден жауап алынған.

 

...Украинада 2013 жылдың қараша айы мен 2014 жылдың ақпан айы арасында халықтың жаппай наразылығы орын алғаны белгілі. Соның нәтижесінде Президент Виктор Янукович Ресейге қашып кеткен еді. Кейін Бас Прокуратураның жанынан Қылмыстық ұйымдар жасаған қылмыстарды тергеу жөніндегі басқарма құрылған. Қазіргі Президент П.Порошенконы жауап алуға келтіре алмай жүрген – осы басқарма.

 

Аталған құрылым өкілдері Порошенкодан 2016 жылы Президент резиденциясында жауап алған екен. Ол 6 сағат­қа созылған. Януковичті тақтан тайдырған халық толқуларына өзі де белсене атсалысқан Порошенко сол кезде «өз көзіммен куә болдым, білемін, дәлел­дерім бар» деген тұрғыда біраз түсінік беріпті. Бірақ сол жерде түзілген хаттамаға уақытының тығыздығын айтып қол қоймай кетіпті. Ал куәгердің қолы қо­йылмаған хаттаманы қылмыстық іске  тігуге болмайды.

 

Қысқасы, Украина Бас Прокуратурасының жанынан құрылған Қылмыстық ұйымдар жасаған қылмыстарды тергеу жөніндегі басқарма П.Порошенконың аталған хаттамаға қол қоюын 2,5 жылдан бері күтуде екен. Ол осыған қол қоюы тиіс. Порошенкоға қойылатын басқа да сұрақтар бар.

 

Аталған басқарманың негізгі міндеті – бүгінде Ресейде тұрып жатқан Украинаның бұрынғы Президенті В.Янукович пен оның жақтастарына қатысты қоз­ғалған қылмыстық істі тергеу, дәлелдер жинақтау, оны ақырына жеткізіп, сотқа өткізу. Бүгінде басқарма 2013 – 2014 жылдардағы Киевте болған наразылық шерулері кезіндегі адам өлім­деріне қатысты 89 қылмыстық істі жүр­гізуде. Оның бәрі «Дело Майдана» деген бір іске жинақталған. Бұл іс бо­йынша әзірге 1 адам сотталған. Одан бөлек, 8 адамға қатысты сот үкімі шықты, олардың бірқатары ақталды, бір­нешеуі шартты жазаға кесілді. Бірнеше адам қазір шетелдерде қашып-пысып жүр.

 

Украинаның бұрынғы Президенті В.Януковичке қатысты үкімді сот өткен қаңтар айында сырттай шығарған. Бұған қатысты қылмыстық іс 2017 жылы басталып, 1,5 жылдан аса уақыт бойы жүрген еді. Киевтің Оболонск аудандық соты «заңсыз меншік иеленді, озбырлық жасады, экономиканы күй­ретті, мемлекеттің қорғанысын әлсіретті, ақпараттық қауіпсіздікке нұқсан келтірді, мемлекетке сатқындық жасады, агрессиялық соғыстың басталуына дем беріп, көмектесті» деген тұрғыда бірнеше айып тағып, Януковичті 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сырттай кескен болатын. 

 

Украинаның бүгінде Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сотпен де жұ­мыс істеп жатқан жайы бар. Яғни бұл ел өзінің бұрынғы Президенті Виктор Януковичті халықаралық деңгейде де сотқа тартқызбақ ниетте.

 

Ал В.Януковичтің жасы қазір 68-де. Ол кезінде Украинаның Донецк облысын басқарған, Жоғарғы Рада сайлауының екі шақырылымында халық депутаты болып сайланған, екі мәрте Премьер-министр қызметін атқарған еді. Украина Президенті лауазымына 2010 жылдың ақпан айында сайлан­ған болатын. Ол өз өкілеттігін аяғына дейін атқара алмады, 2014 жылдың ақпан айында Ресейге қашуға мәжбүр болды. Бүгінде осы елде тұрып жатыр.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ