Соғыс кезінде солдаттар арақ ішкен бе?

09.05.2019
Қаралды: 292

Таяуда әлеуметтік желіден 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгерлер мен офицерлерге күндігіне 100 грамнан арақ берілгені туралы білдік. Бұл жөнінде ресейлік «Тюменское время» арнасында айтылған екен.

 

Бір солдатқа 73 шөлмектен тиген дейді...

 

«Жылына 73 шөлмектен берілген, – делінеді онда. – Бұл жөнінде Сталин ұйғарған. 1941 жылдың тамыз айында шабуылға шығатын әскердің жауынгерлік рухын көтеру үшін арақ беру жөнінде арнайы бұйрық шыққан.

 

Арақ кей фильмдерде көр­сетілетіндей флягамен емес, шөл­мекпен шығарылатын болған. Оның өндірісін жолға қою үшін жаңадан 26 зауыт іске қосылған.

 

Ол жылдары арақ сүттен көп өндірілген. Әскерге берілетін арақ мөлшері бірнеше мәрте өзгер­тілген. Соғыстың алғашқы кезе­ңінде ол жауынгерлердің барлығына бірдей 100 грамнан берілсе, ал 1942 жылдың жазынан бастап ол тек жауынгерлік еңбегі сіңген­дерге ғана берілетін болған».

 

Хабарды жүргізуші осылай дейді. Оның сөзін бір зерттеуші азамат жалғастырады. Оның айтуынша, ол кезде арақтың ролі аса зор болған. «Оны ерлік көрсет­кендерді марапаттауға, ынталандыруға ғана емес, кінәлілерді жазалауға да пайдаланған. Айыптылар ротасы мен батальондарындағыларға арақ берілмейтін бол­ған», – дейді ол.

 

1 айда 4 миллион 450 мың литрі ішіліпті

 

Жауынгерлерге берілетін ішімдік «Наркомның 100 грамы» деп аталыпты. Бір кезеңдерде ұшқыштар мен танкистер үшін оның «дозасын» 200 грамға дейін көтерген кездер де болыпты. Барлауға баратындарға да батылдық үшін 100 грамм міндетті түрде беріледі екен.

 

«40 градустық совет арағының жанында немістің шнапсы түкке тұрғысыз еді. Қызуы 30 градустан аспайтын шнапстан шығатын жеміс дәмі мен иісі совет солдатына тіпті де ұнамаған. Совет арағының «басқа ұруы» ыстық күндерде екі есеге дейін артатын. Ол қыстың аязды күндерінде денені жылытты», – дейді  хабарды жүр­гізуші.

 

Оның әңгімесін: «Мынадай деректер бар: 1943 жылдың сәуір айында, бір айда ғана 4 миллион 450 мың литр арақ ішілген», – деп жалғастырады  хабарға қатысқан зерттеуші азамат.

 

Келтірілген деректерге қарағанда, арақ негізінен Ленинград және Батыс майдандарында көп ішіліпті. Қауіпті жағдайлар орын алмас үшін генерал Жуков кері шегінген немістерден қалған спирт толы цис­терналарды бірден жарғызып жіберіп отырған.

 

Арақтың әсіресе алдыңғы шепте маңызы жоғары болыпты. Ол жараланғандардың жарақаттарын залалсыздандыру, оны іріңдеп кетуден сақтау үшін көп қолданыл­ған. Медициналық бөлімдерде дәрі-дәрмектер жетіспегендіктен кей жағдайда оны анестезияға, яғни наркозға да пайдаланған. Өте ауыр операцияларды да жаралының аузынан арақ құйып жіберіп барып жасаған кездер болыпты.

 

Ал тылда спирттің орнына кептірілген наннан ашытылған самогон мен қияр тұздығы, сәбіз  қолданылған. «Наркомның 100 грамы» кей-кейде тылға да жетіп тұрған.

 

Соғыс аяқталғасын арақ беру тыйылған. Ол кейбір әскери бөлімдерде ғана сақталған. Батыс Украинадағы Ішкі істер халық комиссариатына (НКВД) қарасты бөлімдерде ол 1948 жылға дейін беріліп тұрған көрінеді.

 

Тіс қаққан солдаттар ішпеген деседі

 

Жалпы, Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгерлердің рухын көтеру үшін арақ берілгені туралы бұрын-соңды айтылып жүрген сөздер аз емес. Біреулер арақтың кесірінен талай адам босқа қырыл­ған деп, енді біреулер бұған қатыс­ты қолға алынған шараларды ақтап та жатады.

 

Сол қырғын соғыстан аман орал­ған кей ардагерлердің айтуынша, арақтың медициналық мақсатта пайдасы расында да зор болыпты. Оның кейбір шайқастардың тағдырын шешкен кездері де аз емес. Өйткені арақ ішіп алған адам – батыл, қауіп төнгенде бұра қашпайды, шегінбейді, шабуылға шығарда ойланып жатпайды, тіке алға тартады. Бірақ көп жағдайда ол қорғансыз, қауіпті сезінуі, зейіні төмен­дейді, сақтықты ұмытады, жағдайды дер кезінде бағамдай алмайды, іс-әрекеті сәйкессіз, реакциясы баяулайды.

 

Осы себепті окопта арақ тарат­қанда кексе солдаттардың көбі одан бас тартады екен де, қызуқанды жастар жағы алғашқы үрей-қорқынышты басамын деп ішіп қойып, ет қызуымен тікелей оққа өзі ұрынып қалатын кездері аз болмапты.

 

Петр патшаның кезінде енгізілген екен

 

Ал негізінен солдаттар мен офицерлерге арақ беруді орыстың 1-ші Петр патшасы сонау XVІІ ғасырда-ақ ендірген екен. Арнайы қа­былданған устав бойынша солдаттарға аптасына 3 чарка, матростар­ға 4 чарка (чарка –160 грамм сы­йымдылықтағы шағын қалайы тос­таған) нан шарабы берілетін бол­ған. Кейін оның мөлшері жылына 15 чарка болып бекітіліпті. Солдаттардың денсаулығын сақтау, суық күндерде денені жылыту үшін осындай тәртіп бекітіліпті. 1761 жылдан бастап  теңізшілерге күніне 1 чаркадан беріп тұрған екен.

 

Орыс патшалығының әскерінде қалыптасқан бұл жағдай 1908 жылы әскери медицина қызмет­керлерінің наразылық білдіруінен кейін тоқтатылғанға ұқсайды. Сол жылы дәрігерлер әскерге дейін арақтың не екенін білмеген шаруа балаларының одан араққұмар болып оралатынына көз жеткізге­сін солдаттарға арақ беруді доғару жөнінде ұсыныстар жасаумен болыпты.

 

Дегенмен Ресей елінде 200 жылдай салтанат құрған солдаттарға арақ беру тәртібі біржола келмеске кетпепті. Ол 1940 жылдардағы совет-фин соғысы кезінде Кеңес Одағы басшыларының есіне түсіпті. Карель мойнағындағы күші 40 градусқа дейін жеткен аязды күндердегі шайқастар кезінде сол кездегі нарком Ворошилов Сталинге бұған қатысты ұсыныс білдірген екен. Арақ жауынгерлерге сол кезден беріле бастапты. Онда да бәріне бірдей емес, тек алғы шептегілерге, шабуылға шығатындарға 100 грамм арақ пен 50 грамм сало берілетін болған. Танкистерге – 200 грамм арақ, ұшқыштарға 100 грамм коньяк беріліп тұрыпты. Оған солдаттар «Воро­шиловтің паегі» деген ат қойыпты. 1940 жылғы 10-қаңтардан бас­тап наурыздың алғашқы күндері­не дейін Қызыл армияда 10 тоннадан аса арақ, 9 тоннаға жуық коньяк ішіліпті.

 

Ал Сталиннің Қызыл армия жауынгерлеріне 100 грамнан арақ беруге қатысты құпия бұйрығы Ұлы Отан соғысының ең ауыр ке­зеңінде, 1941 жылдың тамыз айында шыққан екен. Ол бірден «Наркомның 100 грамы» деген атқа ие болған. Оны негізінен алдыңғы шептегі қорғаныстағы және шабуылға шығатын жауынгерлерге бе­ріп отырған. Алдыңғы шеп төңіре­гіндегі басқа жауынгерлердің аузы оған Ұлы Қазан төңкерісі мереке­сінде (7-қараша), КСРО Конституциясы күнінде (5-желтоқсан), Совет армиясы мен әскер теңіз флоты күнінде (23-ақпан), Дүние жүзі еңбекшілерінің ынтымағы күнінде (1-мамыр) тиіп отырған.

 

Жалпы, соғыстағы жағдайдың қалыптасуына орай берілетін арақ мөлшері  өзгеріп тұрыпты. Мысалы, Сталинград түбіндегі қарсы шабуыл кезінде жауынгерлерге 100 грамнан берілсе, құрылыс батальонындағылар мен жаралыларға ол 50 грамнан беріліп тұрыпты. Кавказ майданындағыларға  200 грамм портвейн немесе 300 грамм құрғақ шарап тиесілі болған.

 

1943 жылдың мамыр айынан бастап «Наркомның 100 грамы» тек шабуылдағы әскерге қолжетімді болыпты. Басқалары тек мереке күн­дері ғана іше алған. «НКВД» және теміржол әскерлерінің қолы оған әйгілі Курс доғасындағы шайқастардан кейін ғана жеткен. Ұлы Жеңіс күнінен кейін әскерлерге арақ беру тоқтатылыпты.

 

Соғыстан кейінгі жылдары тек атомдық сүңгуір қайықта ұзақ уа­қыт сапарда болғандарға ғана 100 грамнан арақ берілетін болған екен.

 

...Жалпы, соғыс кезіндегі арақтың ролі туралы жақсы-жаман айтылатын әрқилы пікірлер аз емес. Біз өзімізге белгілі болған дерек­­терді ғана жариялап отырмыз.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ