Қолын снаряд жұлып, 18 жерінен жарақаттаған екен

09.05.2019
Қаралды: 395

Бүгін – әкеміз Ізтұрғанның туған күні. Ол Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әкемнің айт­қан әңгімелері есімізде.

 

Соғыстың бір ауыр шағында (жалпы, соғыстың жеңіл кезі болмайды ғой) әкемнің дәл жанына снаряд жарылып, ол ауыр жараланыпты.

 

«Есімді жисам, біздің әскер кері шегініп кеткен екен, – деген еді ол бір әңгімесінде. – Айналам толы өліп жатқан біздің солдаттар. Оқ борап тұр. Жақын жерде окоп бар еді. Бірақ басымды көтерсем бітті, оққа ұшамын. Ал осылай жата берсем, қансырап өлетінімді де түсіндім. Не де  болса бір өлім дедім де, окопқа қарай жер бауырлап жылжыдым.

 

Менің жылжып келе жатқанымды көріп, окопта зембіл көтеріп екі медсестра тосып тұр екен, ала жөнелді. Оң қолымның басын снаряд жұлып кетіпті. Тағы да он сегіз жерімнен снарядтың жарықшақтарын алды. Ол кезде қазіргідей ауруды білдіртпейтін наркоз деген жоқ. Денемді тілгілеп жатты. Жаным шығып бара жатқан сияқтанды. Өлім деген осы шығар деп ойладым. Шыдай алмай, ентігіп жатырмын. Басымды шайқап, бар күшімді жиып дыбысымды шығармауға тырысудамын. Дыбысымды шығаруға медсестра қыздардан ұялдым. Ерінімді тістеп алып, көзімді тарс жұмып жаттым. Операция біткен кезде дәрігерлер таң­қалды, мен ернімді шайнап тастаппын. Терлегенім соншалық, астыма төселген ақжайма шылқып кетіпті. 

 

Арада 15 күндей уақыт өтті. Ауыр жарақат алғандардың күн сайын 50-60-ы келеді екен. Мұндағы тәртіп мынадай: өте ауыр жарақат алып, қайтадан соғысқа баруға жарамайтындарға алғашқы көмек көрсетіледі де, одан кейін қарамайды. Қарауға уақыттары жоқ. Жарақат алғандар майдан даласынан үздіксіз келіп жатады. Жеңіл жарақаты барларды тезірек емдеп, қайтадан соғысқа жіберу керек. Бұйрық солай! Ал менің оң қолымның басы жоқ. Соғысқа қайтадан баруға жарамаймын. Содан бір күні операция жасаған қолым шыдатпай ауыра берді. Дәрігерлерге айтсам, олар қарамайды, уақыттары жоқ. Ақыры өзім байлаулы тұрған бинтті шешіп алдым. Шешсем, жарақатым құрттап кетіпті. Кәдімгі жыбырлап жүрген ақ құрттар денемді жеп жатыр екен. Дәрігерлер шошып кетті. Қайтадан операция жасады. Қолымның басы ғана жоқ еді. Енді шынтағымның жоғарғы жерінен кесіп тастады. Әрине, тағы да наркозсыз».

 

...Міне, әкем қолынан осылай айырылған екен. Кішкентай кезде әкемнен: «Тәте, неге сенің бір қолың жоқ?» – деп сұрғанымызда ол: «Немістерге беріп кеттім», – дей салатын. Біз түсінбейтінбіз. Біз әкемізді тәте дейтінбіз.

 

Бүгін әкеміз 100-ге толар еді. Жаны жәннатта болсын!

 

Оңайгүл ТҰРЖАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ