Жауынгердің өмірін жалғастырған

08.05.2019
Қаралды: 363

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында қан майданда мерт болған аталарымызды еске алып отырамыз. Менің Әбіш деген үлкен атамның Шора, Жұман, Ыбырай есімді ұлдары майданға кетіп, соғыстан оралмаған.

 

Шорадан – Рахима, ал Жұманнан Ұлбосын есімді бір перзент қалған. Ыбырай үйленбей май­дан­ға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен. Жұман мен Шорадан майданда мерт болғаны туралы қаралы қағаз келген.

 

Гауһар апамыздың айтуынша, Шора атамыз іскер, бірбеткей, тура сөзді азамат бол­ған екен. Жоғары білімді, аққұбаша, сымбатты да келіскен жігіт Шора соғыстан бұрын колхозда жауапты қызмет атқарған. Шора атамыз сүйген жары Гауһар апамызбен төрт жыл ғана бірге тұрыпты. Өмірге қыз келген соң майданға аттанып кетіпті. Шора атамыздан хат келіп тұрған. Жұбайы Гауһарға қызымды тәртіпті, білімді, ұқыпты етіп тәрбиелеп өсір деп майданнан соңғы хатын жазады. Осыдан көп ұзамай, 1943-жылы Сталинград тү­бінде қаза тапқан екен.

 

Ері соғыста мерт болған келіндері төр­кініне кетіп қалғандықтан Әбіш ақсақал қолындағы соңғы келініне хатты көрсетпей жасырып қойыпты. Атамыздың адал келіні Гауһар апамыз ол кезде ерте тұрып, кеш жатып, колхозда кетпен шауып, еңбек етіп, қас қарайғанша жұмыс істеп жүрген. Ол кісі өте реңді, таза, пысық, сөзге шешен, ойы жүйрік, ақылды, парасатты ана еді. Басына ақ жаулығын тартып, қос етек көйлек, қара камзол киіп жүретін. Тек колхозда істеп қана қоймай, аяқ машинасына отырып, ауыл тұрғындарына, жаңа түскен келіндерге, жас балаларға киім-кешек тігіп беретін де өнері бар еді.

 

Жарына адал Гауһар апамыз соғыс біткен соң жарын келіп қалар деген үмітпен көп күтеді. Ақыры шыдамы жетпей, өзі военкоматқа барып, сұрап, іздестіреді. Қаралы хаттың келгенінен хабардар болып, үйіне жет­кесін атасынан хатты неліктен көрсетпегенін сұрайды. Ол жалғыз келіні мен немересінен айырылып қалудан қорыққанынан жасырғанын айтады. Сонда парасатты келіні. «Мен сізді және жарымның шаңырағын ешқашан тастап кетпеймін», – деп атасына уәде беріпті.

 

Ал Рахима ақылды, көрікті, сүйкімді, өжет, пысық қыз болып өсті. Мектепті жақсы оқыды. Анасына қолқанат болып колхозда мақта терді. Колхоздағы жас қыздардың арасында бірінші болып «темір тұлпарды» тізгіндеді. Комбайнмен мақтаны көп терген бойжеткеннің еңбегін елеген колхоз әкімшілігі оған «Мос­квич» жеңіл автокөлігін сыйлады.

 

Білімге құштар қыз 1961-жылы Шымкент педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітірген соң кіндік қаны тамған ауылындағы мектепке жұмысқа орналасады.  Әмірхан есімді жігітпен тұрмыс құрады, анасы Гауһармен бірге тұрады. Гауһар апамыз немере, шөбере көріп, 82 жасында қайтыс болды.

 

Білгенін кейінгі ұрпаққа үйретуден жалықпаған Рахима Шорақызы түрлі деңгейдегі Алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтқанда, «Коммунистік еңбектің екпіндісі», «Ардақты ана», «Сарыағаштың Құрметті ұстазы» төсбелгісін, «Қазақстан Министрлер Кеңесінің граммотасы», Одақтық, республикалық, аудандық, комсомол ұйымдарының Құрметті грамоталары, республикалық Кәсіподақ  комитетінің Құрмет грамотасы, аудандық оқу бөлімінің Құрметті грамоталары, облыстық оқу бөлімінің Алғыс хатымен марапатталған.

 

Қазіргі таңда зейнеттегі Рахима апай  – 9 перзентінен 32 немере, 9 шөбере сүйіп, ұрпағының қызығына кенеліп отырған бақытты жан. Әлі де қолынан қаламын тастамаған. Жүрек төрінен шыққан жырлары мен мақалаларын қағаз бетіне түсіреді. Апаймен әңгі­мелесіп, сырласқан кезімде өзінің соңғы жаз­ған өлеңдерін маған оқып берді.

 

Сол өлеңдердің бірі мынадай:

 

«Қалсам-дағы танымай дидарыңды,

Жүректе саған деген күй қағылды.

Күлімсіреп отырсың, сынай қарап,

Аңғал қыз – албырт жанды қиқарыңды.

 

Жайраңдасам мақтанып табысыма,

Жалт еткен мөлдір сезім – тағысына,

Дегендей қарайсың сен: «Байқа, күнім,

Дақ түсіп, қалмасыншы намысыңа».

 

Өмірдің адастырмас компасындай,

Нәзіктік, адалдықтың қалқасындай,

Төрімде тұр әкемнің портреті,

Парасат пен ақыл-ой алқасындай.

 

Экспресс-уақыт та зулап өтіп,

Бара жатыр жылдарды ұрлап өтіп.

Өзің сүйген нәрестең құйтақандай,

Ардақты ана болды ұл-қызы өсіп.

 

Қымтай түсіп, мықтылап дерегіңді,

Қыз да болсам жимадым керегеңді.

Аттандырдым Отанның күзетіне,

Дәл өзіңнен аумаған немереңді.

 

Өтсе-дағы жылдарың, жүз ғасырың,

Сен қартаймас жауынгер тұлғасысың.

Олқысынба, жан әке, қыз да болсам,

Өркеніңмін, қаныңмын, жалғасыңмын!»

 

2014 жылы Рахима апаның «Ананың алақаны» атты кітабы жарық көрді. Қазір екінші кітабын шығару ниеті бар екен.

 

Күні кеше Рахима Шораева апамыз 80 жасқа толды. Өзінің мерейтойын ұл-қыздарымен, немере-шөберелерімен және туыс­­қандарымен атап өтті.

 

Суретте: Рахима апайдың майданда мерт болған әкесі Шора атамыз бен анасы Гауһар.

 

Екінші суретте: ақын-жазушы Рахима Шораева.

 

Зүлфия ШЫ­ҒЫСОВА.

Дербісек елді мекені. Сарыағаш ауданы.

 

Зүлфия Шыңғысованың байланыс телефоны: 8-702-478-18-88.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ