12 жасар қазақ баласы әлемді тәнті етті

07.05.2019
Қаралды: 275

Таяуда Ресей астанасы – Мәскеу қаласында өткен «Голос. Дети» шоуында қазақстандық Ержан Максим (негізі – Мақсым, төлқұжатта қате жазылып кеткен) жұртты аузына қаратып, өзінің ғажап өнерімен тәнті етті. Жюри мүшелері оны 2-орынға лайық деп тапты.

 

Дегенмен бұған қатысты орыстардың өздері де: «Өнерді бағалауда әділет­сіздік орын алды, негізінде Ержан Максим 1-орын алуы тиіс еді!» – деп айтысып жатыр. Тіпті бұған кінәлі­лерді анықтап, жазалау үшін бүгінде арнайы зерттеу де жүргізуде.

 

Ал Ержан 1-орын алмадым деп өкпелеген де жоқ. «Бағалау әділ болды деп ойлаймын», – деп бала да болса өзінің ақыл-парасаты жоғары екенін көрсетті.

 

Ержан бүгінде Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында тұрады. Отбасындағы үш баланың кен­жесі, алдында екі әпкесі бар.

 

Әкесі Ербол Нұғмановтың айтуынша, Ержанның әншілік қабілеті 3-4 жасында-ақ байқалыпты. Осыны байқаған ата-анасы оны Орал қалалық филармониясының же­тек­ші әншісі Дария Бақытованың класына беріпті.

 

Негізі Ержанның әнге бейім боларын анасы Гүлмира Әлібек оның құр­сақта жатқан кезінен-ақ байқағанға ұқсайды. «Жүкті кезімде  жиі музыка тыңдайтын едім. Сонда кей-кейде бұл­қынып қоятын құрсақтағы сәби де оны тыңдап жатқандай тынши қалатын», – дейді ол.

 

Ержан вокалға 6 жасында барыпты. Ол облыстық, республикалық бірнеше байқауларда жеңімпаз бол­ған. 2016-жылы Батуми қаласында өткен «Дельфин фест» фестивалінде ол бас жүл­дені ұтып алған. Ал осы жылы Латвияда өткен фестивальде бірнеше аталымдар бойынша 2 алтын, 1 күміс медальға қол жеткізген. Белоруссияның Витебск қаласында  2017-жылы өткізілген «Славянский базар» байқауында 2-орынды иеленген. Сол жылы Италияда өткі­зілген «Сан-Ремо юниор» фес­тивалінде симфониялық оркестрдің сүйемел­деуімен «жанды дауыста» классикалық ән орындап, жүлдегер болған. Оның бұдан басқа да ірі жетістіктері бар.

 

Қысқасы, кішкентай Ержан үлкен іс тындырып, Димаш Құдайберген ағасының жолын жалғамақ ниетте. Ол Димашты өзіне үлгі тұтады, сол сияқты Қазақстанды әлемге танытуды алдына мақсат етіп қойып отыр.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ