Дәрігерден көңілі қалыпты

07.05.2019
Қаралды: 396

Бізге Шардара қаласында тұратын Ғайболла есімді азамат хабарласты. Беті ісіп кетіпті. Ем іздеп, қаланың іргесіндегі Өтеғұл ауылдық емдеу орталығына таңертеңгі сағат 8-де барғанмен дәрігер таппай үш сағаттай отырыпты. Ашын­ған азамат былай дейді:

 

«Таңғы 9-да жұмыста болуы керек дәрігерді күткеніме екі сағаттан асты. Әлі жоқ. Қанша отыратыным да белгісіз. Мейірбикелер оның қашан келетінін білмейді. «Хабарласайын, қалта телефонының нөмірін айт», – десем: «Бізге айтпа деген, білмейміз», – дейді. Сонда уақтылы жұмысына келмейтін, сырқаттар іздесе таппайтын ол қандай дәрігер? Керісінше, сырқаттар хабарлассын деп телефон нөмірін есікке жазып қойса қайтеді? Біз онымен жерімізді жыртып бер, қойымызды бағып бер деп хабарласпаймыз ғой. Сұрасақ, ауырған жерді айтып, қандай ем алу керектігін сұраймыз.

 

Түске жақын келген дәрігер маған жолдама берді. Оған мөр басып, қол қоймапты. Үйге барғанда бір-ақ білдім. Таксимен қайтып барып мөр басқызып, қол қойғыздым. «Штамп баспайсың ба?» – деп сұрағанымда: «Орталық емханадағы 25-ші кабинеттен басқызасың», – деді. Ол жерге барғанда әйел дәрігер жолдаманы оқып: «Мынау ешқандай анализ алынбай берілген жолдама. Еш жерге жарамайды. Бірінші сенен анализ алу керек. Анализсіз қалай беріп отыр? Мен мұн­дайға штамп баспаймын», – деп қайтарып жіберді.

 

Осылай уақыт босқа кетті. Жарам ас­қынып барады. Ісік бетті қаптап, солқылдатып жатыр. Бүгін сәрсенбі, күні бойы дәрігер іздеп жүрдім. Бүйтіп жүргенде анау-мынау адамның өліп қалуы да мүм­кін.

 

Таяуда министр Біртанов уақтылы емге келмегендерге айыппұл салу туралы заң қабылдануы мүмкіндігін айтты. Уақтылы бармасақ айыппұл төлейді екенбіз, ал барсақ, дәрігерді таппаймыз. Бұдан пайда не? Бәрінен де зардап шегіп, жәбір­ленетін – тағы да сол қара халық болатын секілді ғой.

 

Құрметті Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев мырза! Шардарадағы бұл бассыздық қашан тыйылады? Ауруым асқынып, өлім кетсем кім жауап береді? Әлде дәрігерлеріңіз бізге уақтылы келмеді деп өздерін ақтай ма?» 

 

...Біз шардаралық Ғайболла Бектө­реевтің айтқандарын көпшілікке өз өтініші бойынша жеткізіп отырмыз. Одан әрі не болатынын назарда ұстайтын боламыз.

 

Ұ. ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ