«Жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға да берілмесін»

08.08.2016
Қаралды: 1702

3-тамыз күні «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының мәжіліс залында облыстық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. 

Оған облыс және қала әкімінің орынбасарлары, Қоғамдық кеңес мүшелері, облыстағы белсенді қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, сонымен бірге республикалық Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов пен Жаңабек Әбішев (суретте) хабарлама жасады.

Мінберде тұрып өзінің жұмысы туралы айтқан С.Әбдіқұловтың сөзін бөлген адам болмап еді, бірақ сөз кезегі Ж.Әбішевке келгенде оның сөзін бөлушілер көп болды. Тіпті кездесуді жүргізуші Өмірзақ Мелдеханов оған негізгі ұсынысыңды айт деп ескерту жасады. Соған қарамастан ол кісі былай деді:

«Қоғамдық кеңес жақсы ма, жаман ба, әйтеуір жұмыс жасап жатыр. Бұл – жетінші кездесу. Біз осы кездесулердің барлығында негізгі тақырыптан ауыт­қып кетіп жатырмыз. Негізі мәселе жерді сатамыз ба, сатпаймыз ба, жалға береміз бе, жалға бермейміз бе деген сұрақтардың төңірегінде өрбуі керек. Біз сол сұрақтарға жауап беруіміз қажет.

Облыс әкімдері мен басқарма басшылары халықпен өте сирек кездесетіндіктен бұл жерге келген жұртшылық оларға жеке басының мәселесін, арықтар мен каналдарды, субсидия­ны айтып, тақырыптан ауытқуда. Басқарма басшыларының жұмыс барысында шешетін мәселесін бұл жерде қозғаудың қажеті жоқ.

Президентіміз жер мәселесін халықпен талқылаңдар, түсіндіріңдер деді. Біз сол тапсырманы орындадық па? Бұл сұраққа әлі толық жауап табылған жоқ. Менің айтарым, жерді шетелдіктерге сатпау керек, жалға да бермеу керек. Жер Қазақстан азаматтарына жалға берілсін, бірақ сатылмасын!

Кезінде қазақтың жерін Өзбекстанға жалға бердік. Келісім бойынша 1991-жылы қайтып алуымыз керек еді. Сол жерлер қайтты ма, жоқ».

Бұдан кейін де сөз сөйлеп, пікір білдіргендер болды. Олардың арасындағы бірен-саран жерді сату керек дегендерді залда отырғандар айқайлап, сөйлетпей қойды. Бұл кездесуден байқағанымыз, қарапайым халық жерді шетелдіктерге сату немесе жалға беру дегенді мүлде қолдамайды. Тіпті ірі жер иеленушілердің аттарын газетте жариялау керек деген ұсыныс айтқандар да болды.

Сонымен Қоғамдық кеңестің жетінші отырысы да өз мәресіне жетті. Кейбір қатысушылар айтқандай, Қоғамдық кеңестің бұл отырысында да ешқандай мәселе шешіліп, ортақ мәмілеге келмеген секілді. Соған қарағанда, бұл бас қосулардың барлығы мемлекет қаржысын бекерге шашу дегендердің айтып жүргендері дұрыс па деген де ойда қалдық.

Ұ. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ