Пайдаланылмайтын заттарыңыз болса, мұқтаждарға жеткізіп береді

03.05.2019
Қаралды: 265

Тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық жасап жүрген арнайы қорлар аз емес. Олар мұқтаж жандарға мейлінше жәрдемдесуге тырысып жатады.

 

Халыққа көмек қолын созып жүр­гендердің қатарында Қазақстан ком­­му­нистік халық партиясының (ҚКХП) бастамасымен қолға алынған «Шапағат» халықтық жобасы да бар. Оның өз жұмысын бастағанына екі жылдан астам уақыт болыпты. Осы жобаның негізінде Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында қабылдау бекеттері ашылған. Жәрдем бергісі келетін жанашырлар мұнда өздеріне қажетсіз болып табылатын:

 

- әйелдер мен ерлердің, балалардың кез келген өлшемдегі киімдері;

- тұрмыстық заттар, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ, интерьер заттары;

- балаларға арналған орындықтар, жүріс арбалары, бесік арбалар, кереуеттер;

- ойыншықтар, кітаптар, сөмкелер, канцелярлық тауарлар және тағы бас­қа заттарды өткізуіне болады. Егер жеткізуге мүмкіндік болмаған жағдайда еріктілер айтылған мекен-жай бо­йынша өздері келіп әкетеді.

 

Қабылдау бекетіне жиналған дүниелер көп балалы және жалғызбасты аналарға, жетім балалар мен қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ аналар үйіне, кри­зистік орталықтарға жеткізіледі. Содан соң ай сайын есеп жасалып, қай зат қайда кеткені көрсетіліп, журналда тіркеліп отырады.

 

ҚКХП Шымкент қалалық коми­те­тінің бірінші хатшысы Нұрлан Қалдарұлы мұның қиналған жандарға аз да болса көмек болатынын айтты. Партия­ның белсенділері  бастаған бұл іске қазіргі таңда еріктілер де қосылған көрінеді. Ол кісінің айтуынша, жыл сайын демеушілер есебінен «Шапағат» мектепке дайындайды» және «Шапағат» Жаңа жылмен құттықтайды» атты акциялар да өткізіліп тұрады екен.

 

Аталған жобаның жұмысына үлес қосып, аз қамтылған отбасыларға жәрдем беруге ниетті жандар болса, 8-707-162-33-25, 8-778-198-27-05 ұялы байланыс телефондарына хабарласып, Шымкент қаласындағы Толстой көшесі мен Қазыбек би көшесінің қиылысындағы №40-үй, 3-кеңсеге баруларына болады.

 

Жақсылық жасаудан жалықпайық! 

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ