«Не деген сасық пойыз...»

04.05.2019
Қаралды: 354

Қазақстан дамыған елдердің қатарына қарай қадам басып келе жатса да кемшін тұстар әлі де жетерлік. Мысалы, соңғы кездері елдегі тасымал құралдарының бірі болып саналатын пойыздар­ға қатысты сын пікірлер көптеп айтылуда. Десе де бұдан өзгеріп жатқан ештеңе жоқ секілді.

 

Бүгінде әлеуметтік желіде Қазақстан мен Өзбекстан пойыздарының сыртқы тазалығын салыстырып көр­сеткен бір видео жүр. Осыны түсіріп тұрған жігіт «Қазақстан темір жолы» үшін ұялатындығын» жеткізе келе біздің пойызды шошқа қораға теңес­тіреді. Расында да Өзбекстанның «Ташкент – Мәскеу» бағытындағы пойыз вагондары тазалығымен көзге ұрып тұрса, дәл жанындағы біздің Сарыағаш пойызының вагондары кірден көрінбейді. Ұят-ақ.

 

Әрине, вагондардың ішінде де сондай жағдай. Тазалық мәселесі қатаң қолға алынбаған. Мәселен, әр мінген жолаушыға берілетін төсек жаймалары да дұрыс жуылмайтын сияқты, тап-таза деуге келмейді. Матрастарынан түрлі дақ іздерін табу қиын емес. Жастығының жастық деген аты ғана, жұп-жұқа бірдеңені басыңа екі бүктеп жатасың. Тамбуры да оңып тұрған жоқ. Едені лас. Тіпті бірде құрбымның тамбурдағы қоқыс салатын целлофан пакетке бос қалбырлар мен құтыларды тастау үшін пакеттің аузын ашып жат­қанда әлдекімнің қақырығын байқау­сызда қолымен іліп алып, біразға дейін жиіркеніп жүргенін білемін.

 

Тазалық мәселесінің пойыз әжетханаларына да қатысы бар. Осыдан біраз уақыт бұрын Тоқтар Жақаш есімді әріптесіміз әлеуметтік желіде «Қазақстан пойызының сиқы» деп аталатын түсірілім жасапты. Оның таңдауы Алматыдан Астанаға қатынайтын өзі мінген  «Бәйтерек» пойызының плацкарт вагонына тү­сіпті. Ол кісі әжетханадағы жағымсыз сасық иісті, тамбурдағы қоқысты сөз ете келе, вагонның ішіндегі адам жүретін жолдың тарлығын сөз етеді, билеттің тапшы екенін де жеткізеді. «Алматы мен Астана арасында билет табу қиын. Бұл «Бәйтерек» пойызына бар болғаны 13 вагон ғана жалғанған. Меніңше, мұның астарында тасымал қызметінің баға саясаты жатыр деп ойлаймын. Өйт­кені бұлардағы ең қымбат вагондар, яғни «Тальголар» 18 мың теңгеден басталады. Ол күн өткен сайын қымбаттай түседі. Дәл жүретін күні 30 мың теңгеге дейін барады. Менің ойымша, сол билеттерді өткізу үшін вагон санын қысқартып тастаған. Әйтпесе мұнда 17-18 немесе 24 вагонға дейін жалғауға болады», – дейді ол.

 

Мұндай көңіл толмаушылықтардың қатарында «Пойызбен келе жатырмын. Не деген сасық пойыз! Қазақстанда ең алғашқы пойыз 1934-жылы шыққан. Содан бері жаңартуға болады ғой. Табыс көп миллиардтаған. Шығыс аз. Туалетін тү­сірмедім. Оны түсірсем, жиір­кене­сіздер», «Темір жол компаниясы өте артта, тоқырап қалған жүйе, неге екенін түсінбеймін. Табыс көп, сол табыс қайда кетіп жатыр? Вокзалға барсам, Кеңес заманы еске түседі. Пойызға мінгім келмейді. Кейбірі тіпті лас, иісі жаман. демалатын ауа жоқ қой. Халықтың басқа амалы жоқ», – деген пікірлер де бар.

 

Ал Еуропа елдерінің пойыздарына көз жүгіртейікші. Әрине, ол үшін пойызға отыру шарт емес, әлеуметтік желіні ашсаңыз, қажетті видеоны табу қиындық тудырмайды. Соның бірін желі қолданушысы Гүлмәрия Барманбекова өзінің парақшасына салыпты.

 

Өзін «Еуропа пойызындағы дәретханадан тұңғыш репортаж жасаған қазақ журналисі» деп атаған ол ондағы әжетхана тазалығын көрсетеді.  Әжетхананың алдында адамдар кезек күтіп отыруға арналған орындықтарды, қол жууға арналған сұйық сабын мен қол сүртуге арналған салфеткалардың қойылғанын байқау қиын емес.

 

«Будапешт – Прага» пойызының ең арзан плацкарт типтес вагонында да солай екен. Плацкарт типтес десе де біздің купе вагондардан әлдеқайда керемет. Әр купеде екі адамдық жатын орын, ауа баптағыш, оятқыш, әжетхана, қол жуатын жер, душ бар. Сондай-ақ ішінде тәпішке­сіне дейін түгенделіп салынған жуынуға арналған жиынтық, бөтелкедегі ауыз суларды да ұмыт қалдырмаған.

 

Сол секілді ресейлік «Нижневартовск – Мәскеу» бағытындағы пойызды да айта кетуге болады. Мұнда төрт адамдық купенің есігін құлыптау үшін арнайы электронды кілттер қолданылады. Ішіне пультті теледидар және жолаушыларға арналған төрт сейф орнатылған. Әлгі сейф­тердің арқасында біздегідей бағалы заттардың қолды болып кетуінен қорқып, оны жастықтың астына жастап жатудың қажеті шамалы. Оған қоса түрлі журналдар, су ішетін таза стакандар, жуынуға арналған бірнеше жиынтық, киім ілгіштер де бар.

 

Ереже бойынша барлық пойыздың әжетханаларында сабын мен әжетхана қағазы болуы міндетті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиаорталық» қоғамдық ұйымының төрағасы Төлеген Байғұловтың «Қаз­­ақпарат» тілшісіне айтуынша, жол­се­ріктер әжетхананы әр төрт сағат сайын тазалап тұруы тиіс екен.

 

«Олар жолаушыларға тегін шай, стакан, қасық, ине-жіп, қайшы, дәрі-дәрмек, тіпті шахмат, дойбы секілді үстел ойындарын да әкеліп беруі керек. Сонымен қатар олардың по­йыздың тоқтауына жарты сағат қалғанда төсек-орынды өткізуді талап етулері де орынсыз. Ол тек шұғыл жағдайда, жолаушының рұқсатымен ғана жүргізілуі тиіс. Негізінде төсек-орынды жолаушылар түсіп кеткен соң өздері жинап, кір жуатын жерге тапсырулары тиіс», – дейді ол.

 

Жалпы, Қазақстан пойыздарындағы біз айтып өткен мұндай кемші­ліктер теміржол саласындағы бақылаудың әлсіздігін байқататындай. Осы салада вагондардың ластығы, билеттің тапшылығы және бағаларының мереке күндерінде тым қымбаттап кетуі, вагондардағы жабайы сауда, кей жолаушылардың жолсерікпен келісіп, пойызға билетсіз отыруы се­кілді жайттар реттелсе, біраз олқылық орнына келер еді. Кім біледі, бәлкім ол күндер де алыс емес болар...

 

М. ІЛИЯС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ