Сайлау комиссиясының 92 мүшесі зорығып қайтыс болды

03.05.2019
Қаралды: 227

Оңтүстік-шығыс Азиядағы Индонезия мемлекетінде жалпыға ортақ сайлау болып өтті. Халық елдің Президентін, Вице-президентін, екі палаталы Парламент депутаттарын, провинциялар мен округтердің заң шығару органдарының мүшелерін сайлады. Бүгінде бұл сайлауға өте әділ өтті деген баға берілуде.

 

Халқының саны жөнінен әлемде 4-орынды алатын, 260 миллион адамнан астам тұрғыны бар елдегі бұл іс-шара дүние жүзіндегі ең үлкен сайлау деп танылып отыр. Таңқалдыратын тағы бір жайт – нау­қан аяқталған соң сайлау комиссиясының 92 мүшесі зорығып қайтыс болғаны туралы айтылды. Бұл жөнінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ариф Будиман мәлімдеді. Айтуынша, осынша адам бір тәуліктен астам уақыт тоқтаусыз жұмыс істеп, дауыс санаудан зорығып өлген. Бұдан бөлек, сайлау комиссиясының 374 мүшесі ауруханаға түсіпті. Қаза тапқандардың арасында 15 полицей бар, олардың бірқатары сайлау кезіндегі жұмыстан зорықса, бірне­шеуінің өліміне науқан кезінде орын алған жол-көлік оқиғалары себеп болыпты.

 

Жалпы, Индонезия құрамына 17 мың 518 ірілі-ұсақты аралдар кіретін Малай архипелагы мен Жаңа Гвинея аралының оңтүстік бөлігін алып жатыр. Әкімшілік басқару бойынша 34 провинция мен 3 әкім­шілік округке бөлінеді. Халқының 87 пайызы – мұсылмандар. Ел астанасы – Джакарта қаласының өзінде 10 миллиондай адам тұрады.

 

Бұл елді Президент басқарады, ол сонымен қатар Үкімет басшысы, Қарулы Күштер қолбасшысы. Заң шығарушы органы «Халықтық Консультациялық Кеңес» деп аталады, екі палатадан тұрады. Оның бірі – Халық өкілдері Кеңесінде  560 депутат бар. Екіншісі – Аймақтар өкілдерінің Ке­ңесінде 132 депутат жұмыс істейді.

 

Кешегі 17-сәуірде өткен жалпыға ортақ сайлау кезінде бұл елде 800 мың сайлау учаскелері жұмыс істепті. Дауыс беруге құқы бар 192 миллион адамның 80 пайызы сайлауға белсенді түрде қатысқаны жөнінде айтылуда. Міне, осы сайлаушылар дауысын санау үстінде сайлау комиссиясының 100-ге тарта мүшесі зорығып, өмірмен қоштасты, 374-і ауруханаға түсті. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қайтыс болғандардың отбасыларына 16 – 36 миллион рупия аралығында қаржы бөлуді сұрап отыр. (Бүгінгі күндері 14 мың рупия 1 долларға тең).

 

Т. Тұран.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ