Димашқа атақ берудің керегі жоқ

03.05.2019
Қаралды: 381

Бірде ұлы жырау Жамбылдан хатшы ақындарының біреуі ұлы ақын Абай туралы:

– Жәке, осы Абай қандай ақын? – деп сұрапты. Сонда жырау:

– Абайды ақын дегендер оттайды! Абай ақын емес, – депті.

Қасындағылар жыраудың жауабына аң-таң болыпты. Жамбыл біраз үнсіздіктен кейін:

– Абай – ақын емес, құдірет қой! Қазақта Абайдан асып туған ғұлама жоқ, – депті.

 

Сол ұлы жырау айтқандай, Димаш әнші емес, ол – қазақ өнерінің маңдайына бұйырған бақыты! Ол қа­зіргі қаптаған «жұлдыздың» бірі емес, Димаш – қазақтың ән бақшасындағы нағыз бұлбұл! Алты октава даусы бар Димаш – қазақ әншілік өнеріндегі құбылыс қана емес, ол  ө әлемді аузына қаратқан қазақ әншілік өнері құдіретінің иегері.

 

Әншілік өнердің тарихында 17-19 ғасырларда Италияда дауыстары 3-4 октава кастрат (азбандалған) ән­шілер болған. Ол Димаштікіндей Құдай берген дауыс емес, адамды қорлау арқылы қолдан жасалған дауыстар еді.

 

Еркектерді қажеттілікке байланысты кастраттау (кастрация, яғни – піштіру) – сонау ертеде Қытайда, кейіннен Шығыс елдерінде гарем­дердегі малайларды патша мен уәзір­лердің қыздары мен әйелдеріне көз салмау үшін кастраттаған.

 

Ал әншілік өнер үшін кастраттау Рим папасы Климент 7-ден бастал­ған. Ол шіркеу хорында жоғары да­уысты партияларды орындау үшін даусы мутациядан (ересек дауысқа ауысу) өтпеген 11-13 жастағы ұл балаларды кастраттауға рұқсат берген. Себебі хорға әйелдерді қатыстырмаған. Сонда ұл баланың дауыс жел­безегі сол жіңішке, қысқа күйінде өмір бойы сақталған. Содан ол ересек болғанда оның даусы әйел даусынан да жоғары регистрға жеткен.

 

Кастрат әншілердің атағын асқақтатқан Италияда туған опера жанры болды. Операдағы әйел кейіпкер­лердің барлығының рольдерін кас­трат әншілер орындады. Олардың гонорарлары өте жоғары болды. Олар ең бай адамдар қатарында болды. Сол заманда байлыққа қызыққандар арасында даусы бар ұлдарын кас­траттау кең етек алды.

 

Ұлы композиторлар – Скарлатти, Гендель, Глюк, Моцарттың опералары сол кастраттардың даусына арнап жазылды. Ал опера сахнасына әйел әншілерге рұқсат етілгеннен кейін кастрат әншілердің қажеті болмады. Олар өнер сахнасынан біржола кетті.

 

Осы заманда кастрация жасамай-ақ, өзінің табиғат берген даусымен әйел дауысты контр-альт, контр-тенор дауысты әншілер әлем сахнасында өнер көрсетуде. Соның бірі – қазақтан шыққан, атыраулық, өмірден ерте кеткен Ерік Құрманғалиев. Ол Мәскеу консерваториясын бітіріп, әлемге танылған әнші болды. Оны Алматыда «әйел дауысты» деп оқуға алмаған.

 

Біздің Димашты да Қазақстанда өткен әншілер байқауында кәсіпқой әншілік өнерден хабары жоқ қазылар алқасы: «Шыңғырған бұл не дауыс? Әнді бұзып бұл не орындау?» – деп жас әншінің жігерін жасытқанын ел біледі. Бір жылдан кейін сол «шыңғыр­ған» Димаш Қытайға барып бағы ашылды. Қазір сол «шыңғырған» Димаш қазақты әлемге танытты! Қазақ деген халықтың әдемі тілі бар екенін, президенттер мен шетел министрлері емес, қайда барса да қазақша сөйлеп, қазақша сұхбат берген «шыңғырған» Димаш паш етті.

 

Димаштың нағыз ұлтжанды, қазақша тәрбие алған, текті әулеттің ұрпағы екені көрініп тұр. Осындай ұл тәрбиедеген атасы мен апасына, әке-шеше­сіне, ұстаздарына мың алғыс!

 

Димаштың даусы    – ерекше да­уыс! Оның ерекшелігін ғылыми зерттеу жүргізу арқылы нақты анықтауға болады.

 

Дауыс екінің бірінде бар. Мәселе сол дауысты қалай меңгеруде. Димаш бірінші кезекте тамаша музыкант. Құдай берген аспабы – даусын барлық регистрда шебер меңгерген. Оның даусын тыңдап отырып, дәл бір керемет музыкант скрипкада ойнап жат­қандай әсер аласың. Нюанстары да дәл скрипкадағыдай ғажап.

 

Сөз соңында айтарым, Димашқа ешқандай құрметті атақтың керегі жоқ. Оған құрметті басқаша көрсету керек.

 

Димашты даусымен емес, талантымен емес, екі-үш клип түсіріп, бір әнді жанды дауыста айта алмайтын, жалтыраған санымен, тойдан алған ақшаларына сатып алған қаптаған әншісымақ «ҚР еңбек сіңірген қай­раткері» атағы барлардың қатарына қоюға болмайды. (Зайырлы елдерде әртістерге құрметті атақ берілмейді. Мысалы, Майкл Джексон, Паваротти, Доминголардың атақтары жоқ).

 

Ол өмірінде Кеңес үкіметінен атақ тұрмақ, Мақтау қағаз алмаған, атақсыз ұлы әнші – Әміре атасының қатарында, атақсыз Димаш болып жүре берсін. Оның әлем халқы берген атағы бар. Ол – Димаш Құдайбергенов, қазақ әншісі.

 

«Әнші мұнда – патша, хан,

Әмірі елге жүреді. 

Дайын оған ат-шапан

Және қыздың жүрегі!» – деп ұлы ақын Қадыр жырлағандай, әлем қыздарының жүрегін жаулаған Димаш ұлымыздың болашағы алда.

 

Аймұханбет БЕЙСЕМБЕКОВ,

Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры.

Семей қаласы.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ