Шымкенттен шыққан әнші әжелер

03.05.2019
Қаралды: 291

Қай отбасында болмасын әженің орны ерекше. Жанұяның берекесіне айналған бұл кісілер тұнып тұрған шежіре мен өнеге. Осындай бір топ шымкенттік әже бүгінде өздерінің өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүр.

 

«Ақ тілек» әжелер тобы 2018 жылдың қазан айында құрылған. Сол кезде Алматы қаласында «Өнерлі елдің өресі биік» атты 60-70 жас аралығындағыларға арналған байқау өтетін болып, Шымкент қаласынан 10 әнші әже іріктеліпті. Сол байқаудан бір емес, бірнеше жүлдені иеленген әжелер содан бері топ ретінде түрлі шараларда өнер көрсетіп жүр. Біз осы топтың жетекшісі Мейіз Тоғызбаевамен әңгімелескен едік.

 

«Әжелерді іріктеп, басын қосқан Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің жанындағы әжелер алқасының төрайымы Шарапат Қожахметқызы қажы апамыз. Сол Алматыдағы байқауда жұртшылық бізге алғысын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатты. Содан бері бізді түрлі іс-шараларға, «Бесікке салу», «Тұсаукесер» тойларына жиі шақырады. Қазір «мегаполистің әнші апалары», «бренд әжелер» деген атқа ие болдық», – дейді ол кісі.

 

Қазіргі таңда 62-72 жас аралығындағы бұл әжелердің қоржынында 20-ға жуық әндер бар. Көпшілігі халық әндері екен. Топтағы он әженің ішінде баян мен домбыра тартатын әншілер де бар. Мейіз апа олардың қай-қайсысы болса да жеке дауыста ән шырқап бере алатындығын айтады.    

 

«Естен шығып, ұмыт қалған әндерді өңдеп, қайта жаздыртып, халыққа жеткізіп жатырмыз. Ауылдың алты ауызына айналған әндер мен Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри орындаймыз. Оның ішінде «Дедім-ай, ау», «Сусамыр – елдің жайлауы» да бар. Бұлар құлаққа өте жағымды, халық оны тез қабылдайды.

 

Сондай-ақ сөзін де, әнін де өзі жазған Иса Омардың «Шымкенттен шыққандар», «Шымкентім менің!» әндері халықтың арасында жақсы қолдау тауып отыр. Қазіргі таңда әсіресе «Шым­кентім менің!» әні біздің орындауымызда танымал болып тұр. Бұл әннің сөзі де, әні де өте тамаша жазылған. Қай жерде болмасын осы әнмен шығамыз. Кеше Түркістанда болған тойда да осы әнді орындадық. Сол кезде жұрт: «Мұның сөзін, әнін кім жазған? Қандай тамаша ән!» – деп сұрап жатты. Бұрын «Сусамыр» әнімен шығып жүрсек, қазір іс-шараларда бағдарламаларда «Шымкентім менің!» әнін міндетті түрде айтқызады.  Халықтың көбісі бұл әнді біздің орындауымызда жақсы қабылдады, содан да болар, осы әнмен Шымкент халқының арасында сұранысқа ие болып жүрміз», – дейді Мейіз апа.     

 

Бұл топтағы әжелердің көбісі осыған дейін ұстаздық жолда еңбек еткен. Сондай-ақ кәсіппен айналысқан әжелер де бар. Жастары 60 пен 70-тің аралығын қамтитын бұл апалар қолөнермен де айналысатын көрінеді. Қазір бұл кісілер республиканың түкпір-түкпіріне арнайы шақыртумен шығып жүр екен.

 

«Ақ тілек» әжелер тобына біз де шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тілейміз.  Есті әндерді ел құлағына жеткізіп жүрген осындай әжелерімізге мың алғыс!   

 

 М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ