«Шаш ал десе, бас алатындары» қалай?

02.05.2019
Қаралды: 66

Кешегі 21-сәуірде Алматыда жыл сайынғы ұйымдастырылатын халықаралық «Алматы марафон» іс-шарасы кезекті мәрте өтті. Ол бірқатар жастарды тәртіп бұзды деп қаматып қойғанымен жұрттың есінде қалатын болды.

 

Жастар бұл іс-шараға «От правды не убежишь», «У меня есть выбор», «Әділ сайлау үшін!» деген жазулары бар плакат орналастырғаны себепті кінәлі болып отыр. Сол үшін Әсия Төлесова, Бейбарыс Толымбеков есімді, жастары 30-дың төңірегіндегі азаматтар әкімшілік сот шешімімен 15 күнге қамауға алынды. Тағы да екі-үш жасқа 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынды. Оларға бейбіт жиын, шеру, пикет өткізуга қатысты заң талаптарын бұзды деген кінә тағылды.

 

Ал бұл азаматтардың сайлаудың әділ өтуіне атсалысуға шақырғаннан басқа қандай айыбы бар? Оларды сол үшін ғана екі аптаға қамап қоюға бола ма?

 

Меніңше, күш құрылымдары мен заң саласының адамдары осы әрекетімен жұртты тыныштандырып емес, қайта адамдардың көңіліне реніш, наразылық ұялатып отыр. Мұның несі жақсы? Адамдардың аузына қақпақ қоя берсе, ол кері нәтижені көбейтпей ме?

 

Демократиясы бар елдерде жұрттың шерулер өткізіп, өз пікірін ашық айтуына мүмкіндік берілгенін, тіпті оның қандай да бір арандату немесе оқыс жағдайсыз өтуін қамтамасыз ету үшін полицияның сырттай күзетіп жүретінін естиміз. Ал бізде бас салып ұстап, қамап тастайтыны, «шаш ал десе, бас алатыны» қалай?

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ