Бір көше бар тұрғындары ұйымшыл да белсенді

01.05.2019
Қаралды: 170

Шымкенттің «Қайтпас-1» ықшам ауданындағы «Наурыз» және Жамауов көшелері қаланың демалыс аумағына жақын орналасқан. Осы көше­лердің жиын-тойларын ұйымдастырып жүрг­ен Амангелді Боранқұлов ағамызға жұрт риза. Ол қай жиын болмасын жар құлағы жастыққа тимей, басы-қасында жүреді. Әр жыл сайын Наурыз тойын ұйымдастыратын отбасыны анықтап, қажетін түгелдеп, ойын-сауығын ұйымдастырады. Сондықтан да оның еңбегін бөле-жара айтуға әбден болады.

 

Биылғы мереке Ибадулла аға мен Әзиза жеңгейдің отбасында аталып өтті. Оған асабалық ету құрметі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының әртісі Еркін­бек Шымырқұловқа бұйырды. Оның жанындағы әнші, актер Садық Жақыпов өзінің әуелеген әндерімен жиналғандардың құлақ құрышын қандырды.

 

Бұл бас қосудың тағы бір ерекшелігі – жиналғандар  өздерін толғандырып жүрген мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, өз өнер­лерімен де бөлісті. Осында келесі Наурыз то­йына әр отбасыдағы кәмелетке толған ұл-қыздарды да қосып, бір-бірімен таныстыру, көше, аулалар арасында «Үлгілі үй», «Үлгілі көше» аталымдары бойынша жарыс ұйымдастырып, әкімшілік тарапынан марапаттау,  «Мейірімді отбасы» байқауына қатысуға ниетті отбасыларды анықтап, қалааралық байқауға қатысуға көмек беру жөнінде ұсыныстар қабылданды. Сонымен қатар туризм саласының майталманы Амангелді ағамыздың ұсынысымен өңіріміздің көрнекті аумақтарына, сондай-ақ көршілес Өзбекстанның Ташкент, Самарқан, Бұқара қалалары мен Түркістан аралығына туристік сапар ұйымдастыратын болып шештік. Оған қажетті көлік те өзімізден шығатын болды.

 

Жазда Төлеби, Түлкібас аудандарына демалыс ұйымдастырып, тау бөктеріндегі демалыс аймақтарына, «Шардара» су қоймасына, Арыс өзеніне барып суға түсіп, денсаулықты шынықтыру да ойда бар.

 

...Өмір болған соң ыстығы да, суығы да қатар жүреді. «Алыстағы ағайыннан ауылдағы көршің артық» деген нақылда айтылғандай, басың ауырып, балтырың сыздай қалса, алдымен көршіңнің жететіні ақиқат қой.

 

Қуанышты күндеріміз көп болып, Наурыз мерекелеріне аман-есен жете берейік, ағайын!

 

Асқар МАМЫРБАЕВ,

Қазақстанның Құрметті сәулетшісі.

 

Амангелді Боранқұловтың байланыс телефоны: 8-702-504-21-52.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ