Шымкентте той істеу қаншаға түсіп жүр?

01.05.2019
Қаралды: 448

Бүгінде тойды жасаушылардың да, оған барушылардың да шығынданатын кезі жүріп жатыр. Жақсы жаңалығын жұртқа паш етемін дегендер тойхана мен асаба іздеп шарқ ұрса, оған қонақ болатындар беретіні мен киетінін дайындап әлекке түседі.

 

Той жасамай тұрмайтын қазақпыз ғой. Несие алып, бірнеше жылға банкпен «дос­тасып» болса да қуанышын атап өткісі келетіндер көп-ақ. Қымбатшылықтың құрығынан құтыла алмайтын мына заманда дүбірлетіп той жасау қанша қаржыны қажет етеді? Қарақұрым адам шақырар болсаңыз қандай көлемдегі қаражатқа қағыласыз?

 

Той жасамай тұрмайтын қазақпыз ғой. Несие алып, бірнеше жылға банкпен «дос­тасып» болса да қуанышын атап өткісі келетіндер көп-ақ. Қымбатшылықтың құрығынан құтыла алмайтын мына заманда дүбірлетіп той жасау қанша қаржыны қажет етеді? Қарақұрым адам шақырар болсаңыз қандай көлемдегі қаражатқа қағыласыз?

 

Осы сауалдарға жауап іздеп, Шымкент қаласындағы «Таушың» той ұйымдастыру орталығының продюсері Гүлбану Байтемі­ровамен әңгімелескен болатынбыз. «Бір тойға қанша ақша қажет?» деген сауалымызға ол 100 мыңнан 10 миллион теңгеге дейінгі аралықтағы соманы атады.

 

«Әр кезде әртүрлі. Мен тойхананы жал­ға алу ақысы мен той дастарханын қоспағандағы бағаны айтайын. Мәселен, қарапайым тойлар 100-200 мың теңгенің жобасында болады. Орта деңгейдегілері 200-400 мың теңгенің аралығын қамтиды. Ал қымбат тойлар 500 мыңнан 10 миллион теңгеге дейін кете береді.

 

Әр қызметке жекелеп тоқталар болсақ, мынадай: Шымкент қаласындағы асабаларға той жүргізіп бергені үшін 20 мың теңгеден 1000 долларға дейін ақы төлейсіз. Егер асабалыққа әртістер, әзілкештер, актерлар, жалпы, танымал адамдар шақырылатын болса, 1000 – 15.000 доллар аралығындағы сомада ақша бересіз. Би­шілерге келер болсақ, олар Шымкент қаласынан болса, 25 мың теңгеден бастап 1000 долларға дейін ақы сұрайды. Ал Алматыдан немесе Өзбекстаннан кәсіби бишілер шақырылса, онда олар 1000 – 3000 доллар аралығында қызмет құнын алады.

 

Қарапайым жеке әншілерге тойда бастан-аяқ ән айтқаны үшін 10 мың теңге, ал дуэттерге, триоларға, квинтеттерге деңгей­леріне қарай 30 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін төленеді. Фото-видео операторлар 10 – 20 мың теңге шамасында ақы алады. Тойға арналған бейнероликтер құны кететін шығынына байланысты 30 мың мен 150 мың теңгенің аралығын қамтиды. Бұл үшін жастарды қаланың көрікті жерлеріне апарып, арнайы түсірілім жасалады. 

 

Той дастарханына келер болсақ, әр тойхананың белгіленген бағасы бар. Шым­қаланың тойханаларында азық-түліктің кей түрлерін үйден әкелген жағдайда адам басына 2000-нан бастап 7000 теңге аралығында қаржы жұмсалады. Ал егер еті де, сусыны да, жеміс-жидегі де – барлығы тойхананың есебінен болатын болса, адам басына 10-15 мың теңге төленеді», – дейді Гүлбану ханым.

 

Ол кісіден тойға келетін жұлдыздар қауымы туралы да сұрап білдік. Айтуынша, отандық әншілерді 1000 доллардан 10 мың долларға дейінгі аралықта ақы төлеп, шақыртуға болады екен. Мәселен, ол Қайрат Нұртас пен Төреғали Төреәлінің бір тойдағы қызмет құны 8000 долларды құрайтындығын айтады. Ал ұшақтың бару-келу билеті, қонақүй ақысы, тамақтануы той иесінің есебінен, бөлек төленетін кө­рінеді. Бизнес және эконом-классқа арнал­ған ұшақ билеттерін әншінің өзіне ғана емес, көмекшісіне де қоса алу керек екен. Келісілген гонорарға олар бір тойда қонақтардың алдына екі рет шығып, 8-10 ән орындайды.

 

Гүлбану ханым Шымкент қаласының тойларына ең көп шақырылатын жұлдыздардың қатарына Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Нұрболат Абдуллин, Ғазизхан Шекербеков, Серікбол Сайлаубек, Серік Ибрагимов сынды әншілер кіретінін айтады. Ал қыз ұзатуға Жанболат пен Жазираны, Салтанат Бақаеваны, Альбина Шардарованы көп шақыртады екен.

 

«Негізі әншілерде қатып қалған гонорар жоқ. Мәселен, бізге келген клиенттердің барлығының қоятын сауалы – әншілерді арзан бағаға шақыруға бола ма деген сұ­рақ. Сол кезде жұлдыздарымызға хабарласып, мән-жайды жеткіземіз, содан соң келісетіндер бағаларын түсіреді, ал келіс­пейтіндер келіспей қала береді. Көпшілігі халықтың жағдайына қарайды. Кейде тіпті ұшақтың билетін, қонақүй ақысын өзіміз төлейміз деп жататындары да бар.

 

Ал шетелдік жұлдыздарды көп шақыртпайды. Н.Басковтың, Ф.Киркоровтың тойда өнер көрсеткен кездері бұрынырақта бір-екі рет болған. Тек өзімізге жақын Өзбекстаннан ғана бишілер мен виа-группалар келеді. Ол жақтың бағалары қымбат емес әрі өнер көрсетулері жоғары деңгейде болады. Қазір Түркия әншілерімен де байланыссақ деген жоспарымыз бар», – дейді Гүлбану Махамбетжанқызы.

 

Десе де Гүлбану ханым қазір бірен-саран болмаса, адамдар көбіне той жасауда артық қаражат жұмсамауға тырысатынын айтады. Қаншалықты қалталы болса да олар сапалы әрі арзан дүниені қалайды. Тіпті жастардың елу пайызы «гулянкадан» бас тартатын көрінеді. Себебі көлікті жалға алу, ресторанға бару ақыларын қосқанда оның өзі де кішігірім бір тойдың ақысын қажет етеді. Ата-аналарына салмақ салғысы келмейтіндер өз тойларын өзі жасайтындықтан бәрін үнемдеп, есеппен өткізуге тырысады екен. Дей тұра кейде тірі раушан гүлдерін арнайы тапсырыспен алғызып, гүлмен безендіру жұмыстарына миллионға жуық қаржы жұмсайтындар да жоқ емес көрінеді.

 

Ол кісіден тойда орын алатын қызықтар туралы да білгіміз келді.

 

«Тойда түрлі жағдайлар болып жатады. Мәселен, әртістер костюмдерін, дискілерін, микрофондарын ұмытып кетіп жатады. Жұл­қынып билеп тұрып сүрініп кететін, ұзату тойда күйеу жігіт қалыңдығын асыға көте­ремін деп құлап қалатын жайттар да кез­деседі. Сондай кездері қызды қимай көзіне жас алып тұрғандар кенеттен ду күлкіге батады», – дейді.

 

«Таушың» той ұйымдастыру орталығы екі жылдан бері жұмыс істеп келеді. Директоры – Данияр Үсіпәлиев. Мұнда он қыздан құралған би тобы, дуэт, трио, квинтет және жеке  әншілер, фото-видео студия­сы мен «Асылназ» шағын би мектебі бар. Тойда қызмет көрсететін олардың әрқайсысымен келісім-шарт жасалып, гонорар бекітілген.

 

«Той ұйымдастыру мәселесінде біз әрдайым клиенттің қалауы мен жағдайын ескере  отырып жұмыс істейміз. Кейде қаржысын жеткізе алмай қиналғандарға ара-тұра әнші-бишілеріміз тегін де өнер көрсетіп жатады. Бір той бір тойға ұқсамауы керек. Сондықтан әр тойға жеке-жеке сценарий жазамыз. Тосттың, әннің, бидің, бірінші, екінші тамақтың берілу уақытын бақылап отырамыз. Тойдың басынан аяғына дейін жүреміз. Көбіне той иелері ризашылықтарын білдіріп жатады. Өз басым той ұйымдастыруды өте жақсы көремін», – дейді ұйымдастырушы – продюсер. Сондай-ақ «Таушың» орталығы той ұйымдастырудағы барлық жауапкершілікті өз мойнына алғандары үшін  тойға жұмсалған қаржының 10 пайызын алады екен.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ