Қытайдың «үй қамағындағы» анасын уайымдап жүр

30.04.2019
Қаралды: 368

Қытай елінен қысым көрдім деген қандастарымыздың жанай­қайы бүгінде бүкіл әлемге тарап жатыр. Осыған дейін біз Дана Нүраш есімді қыздың анасы туралы да жазған болатынбыз. Онда Дана Қытай еліне кеткен анасының «үй қамаққа» түсіп, елге орала алмай отырғанын айтқан еді. Жуырда Данамен тағдырлас тағы бір қызбен әңгімелесудің сәті түсті. Алматы қаласында тұратын бойжеткен өз есімін көрсетпеуімізді өтінді. Ол тек «Сүлейман Демирел» университетінде төртінші курс оқитынын ғана айтты.

 

Оның айтуынша, анасы 2018 жылдың қаңтар айында Қытайға шақыртумен кеткен. Оған дейін екі ай са­йын барып тұрыпты. Әр барғанында ондағылар анасына әлдебір қағаз­дар­ға қол қойдырып, Қазақстандағы көршілердің, туған-туыстардың телефон нөмірлерін жазып алады екен. Бойжеткен ол кезде анасының көңі­лінде ешқандай күдік болмағанын, Қытай елінен ешбір жаманшылық күтпегенін, оларға шүбәсіз сенгенін алға тартады. Анасы Қытайға үшінші рет ат басын бұрған кезде оның төлқұжатын тартып алып, өзін «үй қа­маққа» алыпты. Енді Қазақстанға қайта алмай отырған көрінеді.

 

Бұл отбасыда небәрі екі қыз ғана екен. Бізге сұхбат берген қыздың жасы 21-де болса, тұрмыс құрған әпкесі 25 жаста. Әкелері 2012 жылы өмірден озыпты. Анасы Қытайға кет­келі бері бойжеткен қазір қалада жалғыз өзі тұрып жатқан көрінеді. Абырой болғанда, пәтер жалдамайды екен, анасы екеуінің өз баспаналары бар. Әзірге қыздар Қытай үкі­меті аналарын не себепті «үй қа­маққа» алып отырғанын біле алмай дал болуда.

 

Аналары Қазақстанға алғаш рет 2006 жылы келген екен. Ол кезде ол екі ел арасында саудамен айналысыпты. 

Бұл отбасы Қазақстанға 2007 жы­лы түгел көшіп келіпті. Анасынан басқасының бәрі азаматтық алған. Анасы омырауына ота жасатқандықтан Қытайға емделуге жиі барып тұрады екен. Сол үшін де азаматтық алуға асықпай, ықтиярхатпен жүріпті. Азаматтық алатын болып биылғы жылды жоспарлап отырған көрінеді.

 

«Бұндай болып кетеді деген ойлаған жоқпыз. Ол жақта қандай саясат болып жатқанын білмеймін, бірақ туыстардың өзімен хабарласа алмай қалдық. Анамның өзімен былтыр бір жыл бойына барлық сөйлескен уақытты қосып есептесем, небәрі 20 минут қана тілдесіппіз. Тек соңғы уақыттарда ғана анамызбен жиі байланыса бас­тадық, ол кісі жақын арада келіп қалатынын жеткізгендей болды. Бірақ нақты ештеңе жоқ.

 

Қанша жерде айтып жатырмыз, бірақ сөзімізді елеп жатқан ешкім жоқ. Биліктен де, БАҚ өкілдерінен ешқандай қайыр болмай отыр. Біз мәселені тек Қазақстан ғана шешіп берсін деп отырған жоқпыз, бұл – әлем араласатын проблема. Қазір «туған-туысымыз саяси үйрену лагерлеріне кіріп кетпесе екен» деген бір ғана оймен өмір сүріп келе жатырмыз.

 

Анамды күтіп, жолға қарайлап жүр­міз. Тек Құдайға жалынамыз. Қолымыздан басқа ештеңе келмейді. Не жұмысқа, не оқуға зауқым жоқ. Анамыз арыстанның апанында жатқан сияқты. Сол арыстан жеп қоймаса екен деп тілейміз. Анам келсе, өзімнің алға қойған арман-мақсаттарыма қол жеткізсем деймін. Күн өткен сайын «осы айда келіп қалса ғой» деп отырамыз», – дейді бойжеткен.

 

Ақылы бөлімде оқитын ол қыздан жалғыз өзі қалай күнелтіп жүр­генін де сұрадық. Ол әзірге әкесі қалдырған ақшаны күнкөрісіне жаратып жүргенін айтады. Ара-тұра әпке-жез­десі де қол ұшын созады екен. Ал оқуына құюы тиіс 700 мың теңгенің жартысын әпкесінен, тағы бір бөлігін туыстарынан қарызға алып, амалын тауып төлепті. Анасы қызына елге келген кезде қарыздарды өзі өтейтінін айтыпты.

 

Елімізде тағы бір қаракөз қызымыз осындай ауыр тағдырды бастан кешіріп жатыр екен. Оның анасына  біздің ел қол ұшын бере алар ма екен?

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ