Жәнібектің сөзінің жаны бар

01.05.2019
Қаралды: 108

Алматылық Жәнібек Иманмәзір есімді азаматты көпшілік әлеуметтік желілер арқылы жақсы таниды. Өйткені бұл ұлтжанды азамат, әлеуметтік же­лідегі парақшасында түрлі мәселелерге қатысты өткір ой-пікір білдіріп отырады.

 

Оның ұлттық намысты қорғау­ға шақыратын бейнежазбалары күн са­йын дерлік жарияланып тұрады. Таяуда оның мынадай жазбасын оқыдық:

 

«Елді көкжалдар қорғасын ба?

 

Мысалы, біздің елде бір келімсектің қазақтарды басынған бір видеосы тарай қалса болды, бүкіл қазақ сол видеоны көріп, маңыраған қойға ұқсап: «Мұны орнына қоятын қазақтан бір ұл тумағаны ма?!» – деп шуылдай жөне­леді.

 

Шыны керек, қазаққа қорған болған ұлдарыңды тірісінде қадірлей алмасаңдар «ұл тумады ма?» деп айтып не пайда?

 

Ал туды дейік. Бірақ ол өзінің қазағынан еш көмек көрмей қашанға дейін атсыз, қарусыз, қаржысыз шапқылай беруі керек? «Жарайсың! Нағыз батыр екенсің!» деген сияқты құр бос сөздер оған еш кө­мек бола алмайды.

 

Осындай құр сөзден аса алмайтынын кейінгілер естіп, байқап тұрса, онда батырдың жолын кім қусын?

 

Құр аузы жыбырлаған әншінің бір-екі өлеңіне долларлап ақыны қалай төлей­сіздер, батырға да ақшаны солай халық болып төлесе еш артықтығы жоқ.

 

Батырдың әрбір жорығы өз өміріне қауіп төндіреді. Адамдар үшін қауіпті бөтен көкжалдардың мысын басу екінің бірінің қолынан келмейді. Бірақ қазақтың текті көкжалдарының әрбір жорығы өз ұлты үшін пайдалы екені рас. Ал әнші ше, ол құр ауыз жыбырлатып, халықтың ақшасын сыпырып алады, енді қараңыз, біреуі ел қорғайды, біреуі ел тонайды. Сонда қайсысы халыққа жақын. Немесе қайсысын жоғары бағалау керек? Мен осылардың қайсысына көмектесу керек екенін діл басып айтсам, сіздер бұл сөзді дұрыс дейсіздер, біраққ сөзден іске көшпейсіздер. Бұл рас қой. Сонда сіздер кімсіздер?

 

Білесіздер ме, әншіге көп ақша төлеген соң бүгінде әншілер қаптап кетті. Егер халық өзінің ұлтжанды батырларын да солайша қаржыландырып отырса, арамыздан небір көкжалдар шығар еді».

 

Иә, ой салатын жазба. Жәнібектің сөзінің жаны бар-ау.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ