Келіні кім болып шыққанын қарасаңызшы...

26.04.2019
Қаралды: 343

Жасы 90-ға таяған, жүрісі ширақ ақсақалмен таяуда сапарлас болып, әңгімеге тартқан едім.

 

«Жасым – 87-де. Алматыдағы мединститутты бітіріп, жолдама бойынша сол облыстағы бір аудандық ауруханада дәрігер болғанмын. Кейін бас дәрігер болып, зейнетке шыққанша бір орында қызмет істедім», – деді ол. Одан есінде қалған ерекше оқиғасы туралы айтып беруін өтіндім.

 

Сәл ойланған ақсақал: «Отбасымызға жайсыз тиген бір жағдай болған еді, – деді бір әңгімені бастап. – 1960 жылдардың басында елімізге Қытайдағы қандастарымыз көшіп келе бастаған. Сондай жанұялардың бірі біз тұрған аудандағы мал фермасына қойшы болып орналасыпты. Оның бойжеткен қызын озат шопан ретінде газет бетте­рінен жиі көретінмін.

 

Бір күні түскі үзіліске шыққалы отырғанымда кабинетіме жасқана кірген кексе әйел менде оңаша шаруасы барын айтты. Оны естіген қасымдағы медбике келіншек: «Мен обедке кеттім», – деп бөлмеден шығып кетті. Сосын әлгі әйел менен күйеуге тимеген жас қызына «аборт» жаса­уымды өтінді. Яғни ол біреуден жүкті болып қалған екен. Ол кезде дәрігерлердің аздығынан хирург те, терапевт те, неврапатолог та, гинеколог та болып кете беретінбіз.

 

«Бұрын босанбаған қызға бұлай істеуге болмайды ғой. Оның аборттан кейін перзент көрмей қалуы да мүмкін», – деген сөзіме құлақ асар болмады. «Тек келешекте тиетін күйеуі мен ел-жұрт білмесе болғаны. Сондықтан іс барынша құпия болуы керек», – деп өтінген әйелге не дейін: «Бірақ әуелі ол қыздың денсаулығын тексеріп көрейік. Бәлкім ол мұндай отаны көтере алмайтын да шығар», – дедім бар іске  мұқият болуымыз керектігін ескертіп.

 

Ол әуелі барлық істің өте құпия болатындығы туралы менің уәдемді алмақшы болып келген екен. Бұл үшін мені де, қасымдағы медбикені де  құралақан қалдырмайтындығын, тек бұл әңгіменің елге тарап кетпеуін айтумен болды. Уәдемді алғаннан кейін ғана қызының аты-жөнін атады. Сөйтсем, бұл баяғы атақты шопан қыз екен.

 

Сөздің қысқасы, басқа дәрігерлердің көзінен оңашада қасымдағы медбикеге де құпиялық туралы айта келе «аборт­ты» жасадық қой ақыры.

 

...Содан арада қанша уақыт өткенін білмеймін, бір күні менің өз ұлым өзінің үйленбек ойы барын айтты. Алғаш­қыда оған қуанып қалсақ та кейін болашақ келіннің кім екенін естігенде төбемнен жай түскендей болдым. Ол баяғы өзіме «аборт» жасатқан қойшы қыз болып шықты. Делегат болып жиналыстардан қалмайтын ол неменің менің балама қай жерде жолығып, қалай танысқанын Құдай білсін.

 

«Қой, мынауың болмайды!» – деп анасы екеуміз қаншама айтсақ та балам көнер емес. Тіпті бір күндері: «Ол қызды алмасам, асылып өлемін!» – деген балама айтар сөз таппай қатты қиналдым.

 

Әлгінің әу баста, «аборт» жасарда бетіме күле қарағанынан-ақ «ұяты кемдеу қыз екен-ау» деген ой келген. Енді сол қыз маған келін болмақ ниетте екен ғой.

 

Сол кездегі менің күйзелгенімді Құдай бастарыңа бермесін, қарағым! Жалғыз ұл бірдеңеге ұрынып қалмасын деп амалсыз той жасап, әлгіге үйлендірдік қой ақыры.

 

Бірге тұрған бір жарым жылдай уақыт ішінде әлгі келінсымақтың бетіне қарай алмайтынмын. Ал ол болса «ата» деп қарсы алдымда қасқайып тұра беретін.

 

Келіннің түскеніне жарты жыл өтер-өтпес үйімізден әр нәрсе жоғала бастады. Мектепте мұғалім болып істейтін әйелім де, мен де алған айлығымызды сөренің үстіне қоя салатынбыз. Керек қаржыны да сол жерден ала беретінбіз. Кейінгі уақытта сол ақшалардан да береке кетіп, буға айналып кететін болған.

 

Бұның келіннен келген кесапат екенін балам да бай­қап жүр екен. Тіпті жуып, үтіктеу үшін әкелінген аурухананың біраз жаймасы да жоғалды. Бұл уақыттарда ұлымның да келінге деген алғашқы ыстық ықыласы басылып, оны жек көре бастағаны білініп қалатын. Бір жолы: «Кетіп бара жатқан келініңізді «олжалаған» екі жаймасымен бірге төркініне біржола апарып тастадым», – деген балама әйелім екеуміз не айтарымызды да білмей қалдық.

 

Арада жарты жылдай уақыт өткенде «келіндеріңіз ұл тапты» деп келген құдағиымызға ұлым оң қабақ таныта қоймағасын біз де оларға салқындық таныттық».

 

...Осылай деген ақсақал тағы біраз әңгімесін айтты. Менің ойымнан кезінде осындай депутат, делегат болып желпінген кейбір қыздарымыздың өкінішті тағдыры көпке дейін кетпей тұрды.                                                                    

                                            

Бөріхан ТӘМЕН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ордабасы аудандық қажылар

қауымдастығының төрағасы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ