7 жасында жоғалып кетіп, екі перзентті болғанда табылған қыз

27.04.2019
Қаралды: 431

Біздің халқымыздың басынан талай нәубеттер өткен ғой. Сондай қиын кезеңдердің бірі – осыдан 100 жыл бұрын, 1919-1922 жылдар аралығында болған ашаршылық жайлы жас кезімізде үлкендерден көп еститінбіз.

 

Пойыздан қалып кетіпті

 

Сол 1919-1922 жылдардағы ашаршылықта біздің Сарыағаш жақта да халық қиналып, тоз-тозы шыққан, шамасы жеткендері күнкөріс іздеп басқа жақтарға ауып кеткен екен. Біздің Досым және Қосым деген нағашы аталарымыз да сол жылдары қатты қиналып, балаларын алып, «Қарсы құзар» деген жаққа жолға шығыпты. Олар пойыз­ға мінбек болған, жолда адам өте көп екен, иін-тірескен жұрттың арасынан амалдап өтіп, әйтеуір пойызға жақындайды. Сосын оған кішкентай балаларынан бастап отырғызуға кіріседі. Содан анасы 7 жастағы Бушат деген әпкемізді мінгізе бергенде пойыз  жүріп кетіпті де, бала жерге құлапты. Ол орнынан атып тұрып, шырылдап жылай бастапты. Бұл кезде пойыз жылдамдық алып кеткен, оған басқа балаларымен мініп үлгерген ата-анасы жоғалған қыздарын іздеуге мұршасы болмай, есеңгіреген күйі кете барады.

 

Ал пойыз жолы маңында шырқырап жылап жүрген қызды сол тұстан өтіп бара жатқан бір қайыршы татар әйелі көріп, оны өзімен бірге алып кетіпті. Нағашыларымыз кейін Бушатты қанша іздегенімен таба алмайды. Содан аман болса, әйтеуір бір жерден табылар деп өздерін жұбат­қаннан басқа амалдары қалмайды.

 

Кездейсоқ кездесіп қалыпты

 

Бертінде бірде атамыздың Алхар деген ағайыны мен оның інісі екеуі бір жұмыстармен Жетісай жаққа жолға шыққан екен. Жолда бірер жерде тынығып алып, қайта жүріп, ақырында Киров деген ауылдың жанына барып тоқтайды.  (Қазіргі Жетісай ауданында, бұрын «Большевик» деген совхоз болған). Тоқтаған тұстары жолға жақын арықтың маңайындағы сайлы жер екен. Ол жерде көкке жайылған, арқандалып қойған малды көреді. Арада біраз уақыт өткесін сол жерге ұзын бойлы, қараторы өңді, әдемі бір қыз келіп, сиырды са­уып, сосын арқанның екінші ұшындағы қазықты суырып, басқа бір тұсқа апарып қағыпты. Бұлар оны Қосым нағашымыздың жоғалған қызына ұқсатып, таңқалады. Өйткені ол Қосымға қатты ұқсайды екен. Сосын оны шақырып алып, аты-жөнін, кімнің қызы екенін сұрайды. «Шырағым, біз сені біреуге ұқсатып, шырамытып отырмыз», – дейді. Сонда әлгі қыз: «Атым – Бушат, Досым, Қосым деген кісінің қызымын. Бірақ әкемнің мұның қайсысы екенін білмеймін», – депті.

 

Бұлар оның қай үйде тұратынын сұрайды. Ол: «Шешем екеуміз анау шеткі үйде тұрамыз», – деп үйлерін сыртынан көрсетеді.

 

Содан ағалары Қосымның қызын тапқандарына көзі жетіп, қатты қуанады. «Сен біздің Қосым деген ағамыздың қызысың. Сені бала күніңде жоғалтып алған. Біз қазір кетіп бара жатырмыз. Кейін тағы да келеміз. Сонда сені алып кетеміз. Сенің Сарыағаш жақта тұратын бірге туған бауырларың бар», – деп қызбен қоштасып кетеді.

 

Содан олар елге келгесін ағайын-туыстарға: «Біз Қосымның жоғалған қызын Мақтаарал ауданының Киров деген жерінен кездестірдік. Өзімен сөйлесіп, кейін алып кетеміз деп уәде беріп келдік», – дейді. Барлығы ақылдасып, қызды елге әкелетін болып уағдаласады. Бірақ ойларын іске асырудың орайы жақын арада туа қоймағанға ұқсайды.

 

Асырап алған анасы төркініне ұзатыпты

 

Содан арада бірнеше жыл өткесін Қосымның бір топ ағайындары Мақтаарал жаққа Бушат әпкемізді іздеп барады. Әпкеміз ол кезде тұрмыс­қа шыққан, екі перзенттің анасы екен. Ерімен бақытты ғұмыр кешіп, сыйлы келін атаныпты.

 

Бушат әпке­мізді асырап ал­ған анасы ол 16-ға толғанда қай рудың қызы еке­нін сұрағанда бойжеткен өзінің руын білмейтінін айтыпты. Содан анасы оны өзінің төр­кініне – Көшік руына ұзатыпты.

 

Бушатты асырап алған әйел өте жақсы жан екен. Қызды өз перзенттерінен кем көрмей, мәпелеп, тәртіпті, тәрбиелі, ақылды етіп өсіріпті. Қосым атаның туыстары жоғалтқан бауырларын тапқасын оның асырап алған анасынан: «Біздің қызымызды қайдан тауып алдыңыз? Ол сонау Сары­ағаш жақтан бұл жерге қалай келіп қалған?» – деп сұрайды ғой.

 

«Сол күні менің кішкентай қызым қайтыс бол­ған еді, – депті сонда ол кісі. – Туыстарымыз келіп көңіл айтып, құран оқып кетіп жатқан. Солардың қатарында жанына кішкентай қыз ерткен бейтаныс татар кемпір де бар еді. Жалғыз қызымды қимай, енді үйде жалғыз өзім қалай тұрамын деп қайғырып жылап отырғанымды көріп, жаны ашыған қайыршы кемпір: «Қызым, сен жылама. Сенің қызың өлген жоқ. Оның орнына мына қызды асырап ал. Бұл қызды пойыздан қалып қойған жерінен тауып алып, үйге әкетіп бара жатыр едім. Менің ұлым да, қызым да бар. Мұны саған берейін», – деп маған қалдырып кетті. Бұл да болса Құдайдың бізге жеткізген сыйы шығар деп қызды асырап алдым.

 

Бушат бойжетіп қалған кезінде бірде маған өзіне екі кісінің жолығып, кейінірек келіп алып кетеміз дегенін айтып еді. Ол кезде қызым 12 жаста болатын. Бірақ ешкім келмеді».

 

...Бушат әпкемізді асырап алған анасы осылай депті. Қосым атамыздың бауырлары ол кісіге қатты риза болып, барлығын ауылға қонаққа шақырып кетіпті. Әпкемізді жездемізбен және екі баласымен бірге екі түйеге отырғызып, Сарыағаш жаққа жеткізеді. Ондағы ағайындар кезек-кезек мал сойып, қонақ етеді, сый-сияпаттар жасайды. «Міне, енді төркініңді таптың. Біраз уақыт осында, бауырларыңның арасында бол», – деген күйеуі оны ауылда қалдырып, бірер күнен кейін өзі келіп алып кетіпті. Бушат әпкеміз төркінімен, бауырларымен сол күннен бастап араласа бастапты.

 

Ол кісі 100 жасқа дейін ғұмыр кешті

 

Әпкеміздің қыдырып, қонаққа келетіні менің әлі де есімде. Ол ұзын бойлы, қараторы, реңді, әр сөзінде өсиет, ақыл айтып отыратын салмақты жан болатын. Төрт баласы бар еді. Жездеміз дүниеден өткесін тұңғышы Бегалы көкеміздің қолында тұрды.

 

Бушат әпкеміз немере-шөбере сүйіп,100 жасқа келгенде өмірден озды. Біз ол кісінің ұлдарымен, яғни өзіміздің бөлелерімізбен араласып тұрамыз. Бушат әпкем туралы осы жазғанымды олар да «Замана» газетінің бетінен оқиды деген ойдамын. Өйткені «Замана» еліміздің барлық аумақтарына таралады ғой.

 

Осы мақсатта Бушат әпкеміздің үйдегі үлкей­тілген  ескі портретін арнайы өңдетіп, жаңаша етіп шығартқызып алдым. Оны хатпен қосып, «Замана» газетінің редакциясына жолдап отырмын.

 

Өз басым «Замана» газетін бірнеше жылдардан бері жаздыртып алып тұрамын. Бұл мақаланы жұрт халқымыздың басынан өткен қиын жылдар жөнінде де біліп, есте сақтай жүрулері үшін жаздым. Еліміз тыныш болып, адамдар бақытты өмір сүрсе екен деймін.

 

Зүлфия ШЫ­ҒЫСОВА.

Дербісек ауылы.

Сарыағаш ауданы. Түркістан облысы.

 

Зүлфия Шыңғысованың байланыс телефоны: 8-702-478-18-88.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ