Балаларға ет асып, саумал беретін балабақша

25.04.2019
Қаралды: 418

Қазіргі таңда мектепке дейінгі мекемелердің саны күн санап артып келеді. Бұл ата-аналарға таңдау мүмкіндігін беретіні рас. Кез келген ата-ана баласын балабақшаға берер кезде тек қана алыс-жақындығы мен ай сайынғы төлемақысына ғана емес, ол жердің ас-ауқаты мен тәрбиешілеріне де баса назар аударып, мейлінше жақсысын таңдауға тырысады. Осындай балабақшалардың қатарына Елордамыздағы «Саламат» балабақшасын қосуға болады.

 

«Саламаттың» басшысы Гүлсара Нұрсейітқызы – білім беру ісінің үздігі, өз ісіне тек кәсіп көзі ретінде ғана емес, бала тәрбиесіне қосып жатқан үлесі деп қарайды. Он жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл жекеменшік мекеменің мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау.

 

Ең бірінші кезекте мұнда балалардың ас-ауқатына ерекше мән беріледі. Мұндағы берілетін тағамдар халал талаптарға сай.

 

«Жыл сайын соғым соямыз да, қыс бойы балаларға тағамды сол жылқының етінен дайындаймыз. Аптасына 1-2 рет міндетті түрде ет асып береміз. Ал жаздыгүні сиыр, қойдың етіне ауысамыз. Етті базардан емес, халал талаптарға сай сойылатын жерлерден сатып аламыз. Бізде Қазақстандағы Халал индустриясы ассоциациясының сертификаты бар. Олар біздің тағамымыздың жүйесін қарап, бағыт-бағдар беріп отырады.

 

Ал көктем кезінде бүлдіршіндерге саумал береміз. Мұның олардың асқазандарының дұрыс жұмыс істеуіне, иммунитеттерін көтеруге пайдасы зор. Біздің балалар құртты жақсы көреді. Кейде ас мәзіріне оны да қосамыз.

 

Балабақшамыздың ең үлкен құндылығы – жүз жылдық тарихы бар киіз үй. Оны өзіміз сатып алғанбыз. Бұған дейін біз 20 соттық жері бар коттедж үйде отырдық. Сол кезде киіз үйді ішін әшекейлеп, аулаға құрып қоятынбыз. Күн ыстықта балалар ішіне кіріп ойнайтын, кейде түскі астарын сол жерде ішетін. Бұл балалардың тәбетінің ашылуына септігін тигізетін еді. Сонымен қатар балаларға сол жерде ұлттық ойындарды ойнататынбыз. Киіз үйдің ішінде ата-аналардың қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдығын, Абай атамыздың 175 жылдығын өткіздік. Қазір тұрғын үй кешенінің астыңғы қабатына көшіп кетуімізге байланысты оны әзірге құра алмай отырмыз», – дейді ол кісі.

 

Олар сол кезде аулаға көкөніс егіп, тауық та өсіріпті. Тауықтарды балапан күйінен асырап, бір ретте 40 тауыққа дейін сойып, оның етін бір күз бойы пайдаланған кездер де болыпты. 

 

«Біз ата-аналармен «WhatsApp» желісінде күнде байланыстамыз. Күнделікті балалардың жеген тағамын, үйренген өнерлерін осы желі арқылы көрсетіп отырамыз.

 

Мәселен, биылғы Жаңа жыл мерекесінде үш сағаттық шоу-бағдарлама жасап, балалар 9 түрлі би биледі. Одан соң вокал сабағын өткізіп, бүлдіршіндер 8-наурызда ән айтып, 22-наурызда домбыра ұстап шықты. Енді балаларды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында алдымыздағы 7-ші және 9-шы мамыр күндері мерекелік шеру ұйымдастырмақпыз.

 

Біраз уақыт бұрын Қайрат Баекеновтың орындауындағы «Жайна, Астана!» әніне  бейнеклип түсірдік. Ол клиптен біздің ұжым мен балаларды көруге болады. Қыруар ақша тұратынына қарамастан есте қаларлық дүние болуын қаладық», – дейді балабақша басшысы.

 

Әр күні Әнұранмен басталатын «Саламаттың» тағы бір ерекшелігі – 1 жастан бастап балаларды домбырамен таныстыру.

 

«Әр балада бір-бір ұлттық аспаптан бар. Оны өзіміз алып береміз, кейде ата-аналары әкеледі. Балаларға сабақ беретін ағайымыз домбыра ұстауды, қағуды, алғашқы ноталарды үйретуге тырысады. «Күй терапиясы» деген бар, балалар­ға көбірек күй тыңдатып тұрамыз. 

 

Енді асықпен ойналатын ұлттық ойындарды енгізсек дейміз. Айына бір рет ата-аналарды жинап, дөңгелек үстел жасаймыз. Сонда асықтарды пайдаланып, сұрақ-жауап ұйымдастырамыз. Өткенде әр ата-анаға «Асықтарыңыз алшысынан түссін» деп ескерткіш ретінде фарфор асықтарды бір-біреуден сыйға тарттық. 

 

Сондай-ақ бақшамызда «Флористика» сабағы өтеді. Балаларды тірі табиғатпен тілдестіру мақсатында оларға гүл өсіруді, оны отырғызуды, баптауды, суаруды үйретеміз. Әрине, жекеменшік балабақша болған соң шығындарымыз өте көп. Десе де балаларға барлық жағдайды жасап, біздегі барды көрсету керек деп есептеймін, сонда ғана ата-аналар балаларын бізге сеніп тапсыра алады», – дейді Гүлсара ханым.

 

Тағы бір қызығы, балабақшадағы «Шырақ», «Томирис», «Аяла», «Балауса» деп аталатын топтардың атауы да ойдан алынбапты. Бұл Гүлсара Нұрсейітқызының өзі тұсауын кескен қыздардың есімдері екен.

 

Бұл балабақшада 500-ге тарта кітап қорын құрайтын арнайы кітапхана да бар. Мұндағы мақсат – балаларды кітап оқуға бағыттау, түрлі-түсті суреттерін көрсете отырып, кітапқа қызықтыру екен. Кітапхана тек балаларға ғана арналмаған, ара-тұра ата-аналар да бала тәрбиесіне қатысты кітаптарды алып, оқып тұратын көрінеді.

 

«Кітапханам – менің мақтанышым! Кітап жиналған сөрелердің үстінде барлық ғұламалардың суреттері ілінген. Балаларға осы кісілер туралы ашық сабақтар өткізіп тұрамыз. 4-5 жастағы балалар Әл-Фараби, Абай, Йассауи бабаларымыз туралы мағлұматтар алады. Өзім Ба­уыржан Момышұлы туралы мәліметтерді көбірек жинаймын. Ол кісінің келіні Зейнеп Ахметованың кітаптарын оқып, зерттеп, «Келін» деген кітап жазуға тырысып жатырмын.

 

Өз басым балаларды ғана емес, ата-аналарды да тәрбиелеп отырмын деп ойлаймын. Өйткені ата-аналардың алды жас, менің балаларыммен қатар. Небәрі 20-ның о жақ, бұл жағындағы келіншектер бар. Кейде олар жас болғандықтан көп нәрсенің мәнісін біле бермейді. Өмір сүру қиын болып жатады. Көпшілігі пәтер жалдап тұратындықтан кейде ақшасын төлей алмай қалады. Сондай кезде қамқорлық көрсетіп, жылы сөз айтуға тырысамын. Кейде мақтап, кейде арқасынан қағып жіберемін. Ажырасқандарды да қосып жатамын. Енесімен тұра алмайтын, күйеуі қыдыратын, жолдасы ақша бермейтін деген сияқты түрлі отбасылар бар. Заман ағымына ілесе алмай, оларға да бірдеңе жетіспей қалады. Нәтижесінде екінің бірі ажырасқысы келіп жатады. Кейде жағдайларын айтып жатса, мен психолог-педагог ретінде дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамын. Сондай бірнеше жанұяның басын қостым», – дейді балабақша басшысы.

 

Гүлсара ханым балабақшаның ақысын ашып айтпағанымен, оның ай сайынғы төлемақысы арзан болып саналатындығын да жеткізді.

 

«Мен өзім халыққа жұмыс істеп отырған адаммын, сол үшін ешқашан қалтамның қамын ойлаған емеспін. Өзімнің қарамағымдағы тәрбие­шілердің балалары бақшамызға тегін келеді және жалғызбасты аналарға жеңілдік жасаймын. Осыған дейін тұрмысы өте төмен отбасылардың балалары да тегін келіп жүрді», – деген Гүлсара ханымнан кадр мәселесі туралы да сұрадық. 

 

«Кадр табу оңай емес. Біз үкімет тарапынан дотация алу үшін категориясы бар  тәрбиешілерді жұмысқа алуымыз керек. Сондай шарт бар. Білікті тәрбиешілерді  жан-жақтан іздеймін, тіпті мүмкіндік туса басқа қалалардан алғызамын. Оларды тегін тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етіп, жалақысын қолдарына ұстатып, жағдай жасауға тырысамын», – дейді басшы.

 

Айта кетелік, Гүлсара  Тыныбек қоғамдық және қайырымдылық іс-шараларды да жиі ұйымдастырып тұрады. Биыл мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерді бояндырып, әдемі кеш көйлек­терімен тегін фотосессиялар жасапты. Бұл олар­ға қуаныш сыйлау, өздеріне деген сенімділіктерін арттыру мақсатында өткізіліпті.

 

Осындай іскер әрі кәсібіне адал жандар арамызда көп болса екен!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ