Жабай атаның атын ұлықтаған ұландарға ризамын

26.04.2019
Қаралды: 265

Менің туып-өскен жерім – қазіргі Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданының Дербісек деп аталатын ауылы. Осы өңірге жақын Әлімтау ауылына таяу тұста «Жабай әулие» кесенесі бар. Бала кезімізде әкем Отынбай ол жайлы жиі айтатын. Міне, осы атамыздың рухына арнап алдағы 27-сәуір күні ас берілгелі жатыр.

 

Ауылға барғанда көп жылдар бойы имам болған Асан Оразбақов ағамыз Жабай атаның ұрпағы екенімізді есімізге салып тұратын. Бірде кесенесіне барып түнегенбіз. Сонда оған көп жерден адамдар баратынын көргенмін.

 

Жабай Қазыбекұлы Ұлы жүздің Сіргелі тобына жататын Батыр руынан шыққан. Ол негізі 1643 жылы өмірге келіп, 1725 жылы бақилық болған деседі. Ел билеген кемеңгер, елін жаудан қорғаған батыр болыпты. 

 

Бүгінде «Жабай тоқсаба әулие» кесенесіне дейін асфальт жол төселген. Мұндағы қонақ үйлер, демалуға қолайлы орындықтар, мал соятын орындар бірден назарыңды аударады. Сән-салтанаты келіскен кешенге айналған. Су да тартылған.

 

Аталары Жабай әулиенің есімін ұлықтап, заманауи кешенді тұрғызған – белгілі кәсіпкер Талғат Ергенұлы Айтбаев пен  Сәкен Жарқынбекұлы Тойлыбаев.

 

Біздің дарбазалық Махатбай есімді атамыз болған. Оның бір ұлының есімі – Ерген. Талғат – осы Ергеннің ұлы. Өткен жылы ауылға барғанымда онымен де кездесудің сәті түскен, көп жайға қаныққанмын. Ерген ағамызға перзенттерінің ішінде осы Талғаты өте жақын еді. Кәсіпкерлікке деген бейімділігі де ерте байқалған болатын. Ол бұл күндері туған жерін түлетуге, Жабай әулие атасын ардақтауға айрықша көңіл бөліп келеді. Жабай тоқсаба әулие жайлы арнайы деректі фильмді түсіруге де тікелей мұрындық болды. Оны көрген адам көп жайға көзі жетіп, ұлы тұлғаның кезінде бүгінгі жарқын  заманымыз үшін қаншалықты тер төккенін түсінеді. 

 

Ерген ағамыздың жан жары Майра жеңгеміз де ұл мен қыздарының бақытына бөленіп, солардың қызығын көріп отыр. Олар мереке күндері жан-жақтан жиналған кезде ерекше жоғары көңіл-күй мен қуанышты салтанатты бастан кешеді.

 

Талғат ініммен қатар Жабай атамыздың мәртебесін асырып, оның нағыз қолдаушысы болып отырған әулеттің бірі – ардақты ағам, ұлағатты ұстазым Жарқынбек Тойлыбаев пен сүйікті жеңгеміз Манаптың балалары дер едік.

 

Осы киелі шаңырақтың ұлдары мен қыздары да саналы болып өсті. Отағасы Сарыағаш ауданының Жылға селосында Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті басқарып тұрған кезінде дүниеге келген перзентінің есімін ұлы ақынның құрметіне Сәкен деп қойған еді. Сол Сәкен де мектепті үздік аяқтаған. Өз қатарының алды болды. Алматыда жоғары білім алып, ол да Талғат бауырымыз секілді қабілетін ел мойындаған кәсіпкерге айналды. Елбасының қолынан «Алтын сапа» белгісін алды. Бұл да болса бәріміз үшін де үлкен мақтаныш.

 

Жарқынбек аға мен Манап жеңгеміздің өзге ұлдары да таңдаған саласының білікті мамандары.

 

Талғаттың әкесі Ерген Айтбаев «Жабай тоқсаба әулие» деп аталатын кітап шығарған. Оның сырты әсем безендірілген, ішкі мазмұны да терең. Ондағы мақалалар мен тағылымды дүниелерді оқып, жан-дүниең түлеп қалады. Бұл кітаптың бір данасы бүгінде менің үйімдегі жеке кітапханамда тұр.

 

Жалпы, өзім қаламгер болған соң қазіргі таңда баспадан кітап шығару да оңай емес екендігін білемін. Бұл танымдық-тағылымдық еңбекке Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әріптесіміз Шойбек Орынбай редакторлық етсе, кезінде қолымда оқыған, аяулы қызым Гүлзәкира Назарбекованың да қосқан үлесі ерекше екендігін айтып өткенді өзіме парыз санаймын.

 

Туған ауылымнан алыста жүрсем де Жабай атаны әрқашан да өзіме пір тұтамын. Оның ұрпақтарына, бабамыздың кесенесін көркейтіп, есімін ұлықтап отырған Талғат Айтбаев, Сәкен Тойлыбаев секілді іскер бауырларыма тек Алланың нұры жауып, Жабай аталарының әруағы әрдайым жебеп-желеп жүре берсін деген шынайы ағалық тілегімді білдіремін.

 

Оразалы ЖАҚСАНОВ.

Қостанай қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ