Иманғали Тасмағанбетовтің анасынан бата алып қайтыпты

27.04.2019
Қаралды: 280

Біздің жақта Әбдіхалық Тегісбаев есімді азамат тұрады. Ол кісі Атырауда Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағанбетовтің анасы Ділдә қажы апамен екі мәрте жолыққан, оның үйінде болған, батасын алған. Әбекең бүгінде 94 жастағы ападан естіген-білгендерімен бөліскен еді.

 

Иманғали Нұрғалиұлының анасы – Ділдә апа Ақтөбеде туып-өсіпті. Ол кісінің атасы Құлберген Сұлтанов пен әжесі, татар қызы Мәдина Латипова Иманғалидың әкесі Нұрғалимен Түркіменстанда бірге жұмыс істеген екен. Ділдә да сонда еңбек етіпті.

 

Нұртас Оңдасынов сол кездегі Гурьевке (Атырау) обкомның бірінші хатшысы болып барғанда әйелі Мәскеуден ұшып келген екен. Ол кісінің әйелі басқа ұлттың өкілі болған, кейін Мәдина Латиповамен жақсы араласыпты.

 

Ал Құлберген Сұлтанов Түркіменстанның Байрам-Али деген қаласында 1921 жылы туған екен. Мектепті бітіргесін Ресейдің Ульяновск қаласындағы байланысшылар даярлайтын әскери училищеге оқуға түскен. Оқуды 1942 жылы бітіріп, Воронеж майданындағы (кейін 1-Украин майданы деп аталды) 3-гвардиялық танк армиясына жіберілген. Ол Украинаны жаудан азат ету шайқастарына қатысқан.

 

Қ.Сұлтанов Ұлы Отан соғысынан оралғасын еліміздің мұнай өндірістерінде басшылық қызмет атқарған. Ол бірнеше ондаған шәкірттер тәрбиелеген, мұнай өндірісінің қыр-сырына үйреткен. Талай талапты жастарды Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай институтына оқуға жіберіп отырыпты. Мысалы, Маңғыстау облысының әкімі, еліміздің Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі болған техника ғылымдарының кандидаты Ләззат Қиынов – сол кісінің шәкірттерінің бірі.

 

Жалпы, Қ.Сұлтанов – Гурьев облыстық партия комитетінің  бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновпен жақсы қарым-қатынаста болып, отбасымен араласқан, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қосқан жан.

 

Құлберген Сұлтанов Иманғали Тасмағанбетовтің әкесімен де бірге жұмыс істеп, жақсы араласыпты. Нұрғали Ділдаға үйленгенде  жастарға қуана тілектес болып, тойдың ойдағыдай өтуіне атсалысыпты.

 

Ал Ділдә қажының өзі – жас кезінде акушер-гинеколог болып еңбек еткен, талай сәбидің дүниеге келуіне көмектесіп, талайлардың алғысын алған жан.

 

Міне, біздің Әбекең сондай қазыналы қарттың үйінде болып, оның батасын алып қайтыпты. Бұл да бір ұлағатты, жақсы нәрсе ғой.

 

Ә. ҚОРҒАНОВ.

Мақтаарал ауданы.

Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ