Көңілім қалды қазақтың ұл-қызынан...

25.04.2019
Қаралды: 389

Мына бір қыздың жан дауысы жаныма тиіп тұр. Тағы бір таңдаудың алдында тұрмыз, не істесек те ойланып істейікші!

 

Іштегі күйініш

 

Мен басқа жерде өскендіктен болар, еліме, жеріме, ұлтыма деген сағыныш және сол арқылы мақтануды үнемі бірінші орын­ға қоятынмын. Мен өскен ортада басқа ұлттар басым болатын, солардың қысымы да көмектескен болар, қазақ деген ұлттың атына кір келтірмеуге тырыстым.

 

Жалпы, олардың бізге деген көзқарасы, азиаттарға деген менсінбей қарауы үнемі ызамды туғызатын. Сіздерге айтайын, олар сондай мейірімді, адал болып көрінуі мүмкін, бірақ олардың санасында қазақты әрқашан төмен ұстау, менсін­беушілік қалыптасып қалған. Оларға сондай атмосфера жасап беріп отырған  – өзіміз. Ішім қан жылап, өкінетінім – қаншама балабақшалар, мектептер орыс тілінде сабақ беріп жатыр, сол жерде оқып жатқан мыңдаған қаракөздерімізді аяймын. Мені алаңдататыны – ертең сол балалар қазақ деген ұлтты, тілін менсінер ме? Қазақ деген ұлты үшін жаны ауыра ма?

 

Қасымда өзіммен бірге өскен екі татар қызы болды Заура және Алина. Олар да өздерінің ұлты үшін қатты күйінетін, татар халқының болашағына алаңдайтын, «Алып Ресейдің құшағында қалып қойдық. Неге біз де кезінде сендер секілді жеке мемлекет болып бөлініп кетпедік екен?! Қазір татар халқы үшін ауадай қажеті – тек тәуелсіз ел болуы. Біреуге бодан болу – халқыңның өзгенің астында езіліп жаншылуы. Бодан болу – ол бірте-бірте жоғары жақтан шеттелуің, өз кәсібіңді, еркін ойыңды қорғай алмау, көшелерде еркін өз тіліңде сөйлей алмау, ұлтыңның кем­сітілуі. Сендер қазір тәуелсіздіктің қадірін түсініңдер. Орыстар күшті, керемет болып көрінгенімен, Құдай бетін әрі қылсын, олардың қол астына кіріп кетсеңдер жаншып, басып тастайды. Бізді қазір ұстап тұрған татар халқының ұйымшылдығы, ауыз біршілігі», – деп айтқан болатын.

 

Шынында да, мен татар халқының ау­ыз біршілігіне, ұлтшылдығына қызығамын. Алып Ресейдің құрамында тұрса да өз тілдерін , салт-дәстүрін ұмытпай жан берісіп келеді. Татарстанда мектептердің дені, яғни 90 пайызы орысша оқытылса да татар халқы бір-бірімен өз ана тілдерінде сөй­лейді.

 

Мен де армандап, Қазақстан деп аталатын, әлемде жерінің көлемі бойынша ойып тұрып 9-шы орын алатын, пайдалы қазбаларға бай, мұнайы мен мырыш-мысы балқып жатқан туған жеріме осы елім үшін бір көмегімді тигізсем екен деп келіп едім.

 

Шыны керек, көңілім қалды, қазақтың ұл-қыздарынан, билігінен. Тілдері шұбарланған, діндері араласқан, жетім мен жесірге толы, көшесі жезөкшеге толы, қызы мен ұлы клубтарда жын ұрған, ауылдан келген өз қандасына мәмбет деп, өз ба­уырын кемсіткен, есігі мен тесігіне дейін параға толы, бәрін ақша шешетін, «әке, көкесіз» жұмысқа тұра алмайтын, салт-дәстүрін ұмытқан, жастары қазақ болуға арланатын, билігі сайқалдыққа бой алдыр­ған, ұлы мен қызы өз жерінде құл болған, пайдалы қазбаларын шетелге сатқан, ақша үшін ұлтын, елін сататын сатқындары көп, жігіттерінен мінез кеткен, қыздарынан қылық кеткен, 5 жастағы әлі өз ана тілінде сөйлей алмайтын баласын 3 тілде оқытып миын шірітіп, мәңгүрттікке итермелеген, білімі ақшаға сатылған, (білімді ақшаға сатқан елдің болашағы қараң, жоқ деуге болады), билігі халқымен санаспайтын, бай мен кедейдің дәрежесі тым алшақтап кеткен, ... айта берсем, өте көп, осы үшін қан жылайды ішім. Неге қазақ тәуелсіздіктің құнын бағалай білмейді? Қасқалар-ау, ертең, бетін Құдай әрі қылсын, басқаға бодан болсақ, өмір сүре алмай қаламыз ғой!

 

Сіздерден, Алла разылығы үшін өтіне­мін, қазақтың қыз-жігіттері, естеріңді жинап, ел болуға талпынайық! Мені жынды деңдер, басқа деңдер, бірақ осы айтқанымның бәрі рас.

 

Айбану КУНТУАРОВА.

Ал Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

(Әлеуметтік желідегі жазба).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ