Отанын қорғаған Орман ата

25.04.2019
Қаралды: 269

Оның өмірін шөбере-шөпшектері жалғастырып жатыр.

 

Алдағы 9-мамырда Ұлы Жеңістің 74 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай жұрт Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған ерлерді, майдангер туыстарын еске алып жатады.

 

Мен де бүгін біздің өңірден майданға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен бір асыл азамат пен оның адал жары және  жалғыз ұлынан өрбіген ұрпақтары туралы айт­қым келеді.

 

Әңгімемнің басты кейіпкері – Орман Елшібайұлы Сары­ағаш ауданында туып-өскен. Әскерде танкист болған. Ол 1939 – 1940 жылдардағы совет-фин соғысына қатыс­қан. 1941-ші, Ұлы Отан соғысы басталған кезде  бірден неміс-фашист әскерлеріне қарсы майдан­ға аттанған. Одан соғыстың алғашқы кезеңдерінде хат келіп тұрыпты. 1942 жылдың күзінен бастап есіл ерден хат-хабар тыйылған, ол майданда хабар-ошарсыз кеткен.

 

Орман ағамыздың жары Атанқыз анамыз – жарын өмірінің соңына дейін күткен асыл адам. Әкесі Әсілбай: «Айналайын, саған рұқсатымды бердім, тұрмысқа шық. Мына жиенім Қоныс жал­ғызсырамасын», – десе де ол кісі екінші мәрте тұрмыс құрмаған. Жан-жары әне-міне есікті ашып келіп қалатын сияқты болып тұрды.

 

Атанқыз апа жалғыз ұлы Қонысты оқытты, тәрбиеледі, қатарынан кем қылмай өсірді. Қоныс ағамыз да парасатты  азамат болып өсті. Мамандық пен жар таңдауда қателеспеді.

 

Қоныс ағамыз газ саласының білгір маманы еді. Ұзақ жылдар бойы Сарыағаш, Қазығұрт, Келес аудандары бойынша ауданаралық газ бас­қармасының бастығы қызметін абыроймен ат­қарды. Сарыағаш аудандық партия комитетінде де абыройлы еңбек етті.

 

Ол жеңгеміз Жұмагүл Майлыбайқызы екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Гүлзат – ұстаз, Исабек – заңгер, Гүланда мен Гүлайхан – дәрігер, Ботагөз – экономист, Нұржан – банк қыз­меткері мамандықтары бойынша білім алды, білікті кәсіп иелері ретінде елге танымал азаматтар болды.

 

Орман ағамыз Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде көзі тірі болғанда биыл 101 жасқа келіп, 6 немере, 21 шөбере, 7 шөпшек сүйген болар еді, ал оның жалғыз тұяғы Қоныс ағамыз 80-ге толып, ол да 21 немере, 7 шөбере көрер еді. «Орнында бар – оңалар» демекші, Аллаға шүкір­шілік етеміз де.

 

Боздағың қайда, боз далам,

Жыр жазып мен де қозғалам.

Ұрпақтар болсын бірлігі,

Қолыңды маған соз, балам, – деп ұрпақтар сабақтастығының жалғасқанына ризамыз.

 

Жақсыбай ҚҰЛЖАБАЙҰЛЫ,

зейнеткер ұстаз, кәсіподақ пен білім беру ісінің үздігі.

Сарыағаш ауданы. Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ