Бізге 29 мың теңге зейнетақы тағайындап, әділетсіздік қылды

24.04.2019
Қаралды: 236

Біздің қатарластарымыз – 1940 жылдары өмірге келген, 1960 – 1965 жылдарға дейін қалаған тамағын алып іше алмаған, жамаусыз киім киіп көрмеген ұрпақ едік. 1960 жылдардан бастап колхоз-совхоздарда жұмыс істеп, елдің дамуына үлес қосқан, 30 – 40 жылдық еңбек өтілімен зейнеткерлікке шыққан жандармыз.

 

Біз еліміз тәуелсіздік алғасын зейнеткерлікке шықтық. Бірақ зейнетке шыққанымызбен тағы да қиыншылыққа тап болдық. Бізді осы жай қатты толғандырады.

 

Бізді зейнеткерлікке шығарарда 1995 – 1998 жылдар аралығындағы 3 жылдың айлық жалақы туралы анықтама өткізуімізді талап етті. Ал бұл кезде колхоз-совхоздың бәрі тарап кеткен еді, жұмыс таппай қалғандар көп. 1998 – 2003 жылдар аралығында жұмыс істеу бұйырғандарының өздерінің белгілі жалақы есебі, зейнетақы қорына аударылған ақшасы болмауы себепті 5 жыл еңбек өтілі есептен шығып қалды. 1995 жылға дейін еңбек еткені туралы алынған анықтамалар қабылданбады. Сондықтан да көптеген адамдар 1995 – 1998 жылдар аралығына тиесілі анықтаманы өткізе алмай, олардың барлығына бірдей жәрдемақы мөлшеріндегі ең төменгі қарттық зейнетақы – 29 мың теңге тағайындалды. Бізден 1 ғана жас үлкен немесе өзімізбен қатар, 20 жыл ауыл шаруашылығында істеп, 55 жасында зейнетке шыққандарға біздікінен артық зейнетақы тиесілі болды. Осы да әділдік пе? Біз мұны өзіміздің құқымыздың шектелгені деп санаймыз.

 

Бұл мәселені Үкімет те, Еңбек және халықты әлеу­меттік қамсыздандыру министрлігі де, Парламент депутаттары да біледі. Осыны айтып біз жоғарыға талай мәрте хат жазғанбыз.

 

Кей деректерге қарағанда, елімізде мұндай тәртіппен зейнеткерлікке шығарылған 35 мыңнан аса адам бол­ған екен. Қазір қаншасы қалғаны белгісіз. Осы қариялардың мұң-мұқтажына жоғарыда отырғандар құлақ асқаны дұрыс болар еді. Өйткені біз ешкімнен кем еңбек еткен жоқпыз. Заңға 1995 жылдан кейінгі емес, оған дейінгі 3 жылдың жалақы мөлшерін есептеу жөнінде ереже ендірілгенде мұндай болмас еді, әрі сол әділ болар еді.

 

Бүгінде біздің тұрғыластарымызды осы жай қатты толғандырады. Біз де өзгелер сияқты сіңірген еңбегімізге лайықты зейнетақымыз болса екен дейміз. Заң шығарушылар, тиісті министрлік басшылары осы мәселеге бір мән беріп қараса екен. Бізге жандары ашыса екен.

 

Әмірхан ШАЛАБАЙҰЛЫ.

Көкарал ауылы.

Ордабасы ауданы. Түркістан облысы.

Әмірхан Шалабайұлының байланыс телефоны: 8-702-760-15-58.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ