Біркөлікте күркетауық өсіріп жатыр

25.04.2019
Қаралды: 311

Бүгінде көктем күшіне еніп жатқан шақ. Төлеби ауданындағы әйгілі «Біркөлік» шатқалында да қазір табиғат тамылжып тұр.

 

Осы жердегі демалыс аймақтарының біріндегі қоғамдық тамақтандыру орнында Аман Тасқұлов есімді азамат жұмыс істейді. Әбекең сонымен қатар өзінің жеке шаруашылығында күркетауық өсіреді. Ол өткен қыс бойы күркетауық етін сатумен айналысты. Бізді қызықтырғаны осы бизнес мәселесі болғандықтан ол кісіге біраз сұрақтар қойған едік.

 

«Мен осы өңірде туып-өс­кенмін, – дейді Әбекең. – Кейін Алматыдағы сауда техникумында оқыдым, сол жақта 30 жылдай тұрып, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын елге қоныс аударғанбыз. Алғашында Шымкентте тұрдық. Сосын Біркөлікке жақын жердегі Қорған ауылынан жартылай біткен үй сатып алдық, құрылысын аяқтап, қазір сонда тұрып жатырмыз.

 

Күркетауық өсіруді өткен жылы қолға алғанбыз. 300 жұмыртқа сатып алып, оларды жасанды инкубаторға салдық. Алайда инкубатор сапасыздау екен, жұмыртқалардың 150-дейі ғана балапан шығарды. Оларды да түгел өсіре алмадық, біразы қырылып қалды. Аман қалғандарын өсіріп едік, әжептәуір табыс әкелді.

 

Бір жылдық күркетауықтарды қыста сойып сатумен болдық. Қаладан келіп, таза етінің килосын 2 мың теңгеден алып кетті. Орта есеппен 5 килодан ет берді. Қораздарының салмағы 5,5-6 килодан шықты. Жұмыртқаларын 200 теңгеден саттық».

 

Әбекең осылай дейді. Айтуынша, тауықтарына жем жеткілікті екен. Дегенмен олардың қазір жемге қарамай, тек көкке жайылып жүргенін айтады. Қазір шаруашылықта 30-дай мекиен мен 2 қораз бар. 25 мекиен бүгінде жұмыртқа басу үстінде. Бұйыртса, отырғанына 28 күн болғанда жұмыртқалардан балапан жарып шығады.

 

Әбекеңнің жұбайы Зәуреш үй шаруасында екен. Олар 3 ұл-қыз өсірген. Балаларының бірі мұнай саласында еңбек етеді, екіншісі – студент, біреуі Алматыда тұрады, жанар-жағармай бекетінде жұмыс істейді.

 

Алда қандай да бір қиындықтар туындамаса, Аман Малдыбайұлының күркетауық өсіруді жал­ғастырып,  дамыту ниеті бар.

 

Жалпы, күркетауық еті ағзаға оңай сіңетін, оны пайдалы дәрумендер мен минералдарға байытатын ет ретінде белгілі. Оның кейбір дерттерге ем болатыны жөнінде де айтылады. Күтімі жақсы болса, күркетауық 30-35 килоға дейін салмақ арттырады екен.

 

Ендеше, осындай пайдалы өнім өндіріп отырған азаматтан өзгелер де үлгі-өнеге алып жатса, артықтық етпес.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ