Мен Мұхаңды ел басқаруға лайық адам деп санаймын

24.04.2019
Қаралды: 346

Алдағы 9-маусымда елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бүгінде оған қатысатын үміткер­лердің бірқатарының аты белгілі болып отыр. Халық арасынан да осы адам Президент болса екен деп ел алдында абырой-беделі биік біраз азаматтардың есімдері аталып қалуда. Солардың бірі – ақиық ақын Мұхтар Шаханов. Яғни жұртшылық Мұхаңды Президент болуға лайық адам деп біледі. Мен де ол кісіні ел басқаруға лайық адам деп санаймын.

 

Мен Мұхаңмен түйдей құрдаспын. Екеуміз де 1942 жылғылармыз, мен 28-наурызда, Мұхаң 2-шілде күні туған.

 

Таяуда жазушы інім Құдияр Біләлдің «Мұхтардың бес ерлігі» атты мақаласын оқып, өте жоғары дәрежеде талдау жасап жазғанына риза болдым. Жалпы, қазақта бірнеше өнері бар, әділ де шыншыл, халқына жақын азаматтарды нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деп баға береді. Менің Мұхтар құрдасымда сол сегіз қырдың бәрі бар.

 

Енді Мұхаңның тоғызыншы қырын мен айтайын – ол бар жазған өлеңдерін, поэмаларын, тіпті орысша аудармаларын да жатқа айтады. Мұндай ақын дүние жүзінде жоқ деп мен сеніммен айта аламын. Мұхаң жазған өлең-поэмалардың бәрі де жүрек тебіренісінен шыққан дүниелер, сол үшін де ол ел есінде мәңгілік сақталады.

 

Өз басым Мұхаңның жүрек тебірентер «Менің атымды неге Мұхтар қойған?», «Түсінісу теоремасы», «Жароков көшесіндегі кездесу», «Нарынқұм трагедиясы» өлеңдерін жатқа айтамын. Мұндай шығармаларды жаттамау мүмкін емес.

 

Өлеңдеріне өзі ән шығарып, оны айтулы әншілердің орындауы, Шәмші ағасымен бірлесіп жазған әндерінің өзі бір төбе.

 

Мұхаңның қазақ тілін сақтаудың маңызы туралы бірнеше өлеңдері бар. Тіл жоғалса, қазақ деген ұлттың жо­йылып, қазақ елінің мәңгілікке жоқ болатынын айтумен келеді. Бірақ ұғынар құлақ жоқ. Себебі биліктегілерге бұл тиімді емес, балалары қазақ тілін сөйлеуден мақұрым, олар тек бүгінгі күнмен күнелтуде, ертеңін, болашағын ойлап бас қатырмайды. Бұл – өте қауіпті құбылыс.

 

Мұхаң, әрине, көп ақындар сияқты кітабын, өлеңдерін жазып жүре беруіне болар еді, бірақ оның шыншыл, ақындық жүрегі, бірбеткей, ойшыл мінезі тыныш жүруіне мүмкіндік бермейді. қоғамда болып жатқан кереғар тірліктерді жүрегімен сезетін ақын өзін қоярға жер таппай, сол сыздаған жараның емін іздеумен келеді. Қоғамға келер қауіпті алдын-ала сезіп, оның қаншалықты  зиян әкелерін, оны болдырмас үшін қандай шаралар қолдану керек – соның бәрін күнібұрын айтып жүрген азамат. Бірақ жоғарыда оны тыңдар құлақ болмай тұр.

 

Мұхаңның табандылығының, бірбеткейлігінің арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданғанын да ұмытпауымыз керек.

 

Жалпы, Мұхаң жайлы көп айта беруге болады. Оның азаматтық болмысы өте кең. Міне, осындай азаматтарды халық құрметтейді, қолдайды. Қолына мүмкіндік тисе, Мұхаң көп тірліктер атқара алар еді.

 

Осы орайда мен көпшілікке, ел бас­қарып жүрген азаматтарға арнап мынадай ой айтқым келеді:

 

Әне, міне дегенше енді екі-үш айда ақиық ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың туған күні де келеді. Алдағы шілде айында ол 77-ге толғалы отыр. Міне, осы мерейлі мерекені неге ел болып, жұрт болып атап өтпеске? Осыны көпшілік болып бір ойласып көрейікші, ағайын!

 

Айдарбек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ.

Айдарбек Қыдырбекұлының байланыс телефоны: 8-702-485-01-83.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ