Юкка, красула, антуриум, спатифиллум...

24.04.2019
Қаралды: 85

Үйдің сәнін келтіріп қана қоймай, көңілге жылу сыйлайтын гүлдерді сіз де қолыңыздан келгенше өсіріп жатқан боларсыз. Ортамызда сондай әсем гүлдерді өсіруді кәсіпке айналдырып отырған отбасы бар. Түркістан қаласы, Қарашық ауылында тұратын Үсен және Дильназ Омаровтардың бұл кәсіпті қолға алғанына 14 жыл болған. Олар «Райана» атты гүлдер бақшасын ашып, қаламыздың, аудан аумағының тұрғындарын ғажайып бөлме гүлдерімен қамтамасыз етуде.

 

«Мен гүлдерді жан-тәніммен сүйемін, өмі­рімді гүлсіз елестете алмаймын. Сондықтан да болар, гүлдер – менің досым, сырласым, жақыным, асыраушым. Кәсіпкерлік атауына ат қоярда да айрықша мән бердік. Пайғамбарымыз гүлді, миды тыныштандырады деп жасыл түсті жақсы көрген екен. Райана – ораза ұстаған мұсылмандар кіретін Жәннат қақпаларының бірі. Сол себепті ісіміз адал, мінезіміз иманды, Алланың мейіріміне бөленіп, Жәннат­қа лайықты болайық деген ниетпен осы есімді таңдадық. Алғаш 300 мың теңге қаражатпен басталған кәсібіміз, Аллаға шүкір, кеңейіп, бүгінде 50 соттық жерді алып жатқан жылыжайда өсірілген гүлдер қаламыздан бастап, Қызылорда, Таукент қалаларына, Жаңақор­ған, Шиелі, Созақ аудандарына таралуда.

 

Гүлдің өте нәзік екені белгілі. Қақаған суықта жылулықты, аптап ыстықта салқынды, ылғалды талап етеді. Біз негізі Голландиядан, Қытайдан гүлдің көшетін, ұрығын, тыңайтқыштарын алдырамыз, оны егеміз, құтыларға ауыстырамыз, суарамыз, дәрі-дәрмектермен залалсыздандырамыз, баптаймыз. Сатылымға алып шыққан гүлдердің  жағдайы болмай кері қайтқандарын емдейміз.

 

Базардағы сауда нүктесінде, шүкір, тұтынушыларымыз жеткілікті. Арасында: «ас ішпесем де осы гүлді алмай кетпеймін» деп сатып алатын, гүлге жаны өте құмар адамдар да бар», – дейді Дильназ.

 

Мұнда фикус, герань, антуриум (ер бақыты), юкка, спатифиллум (әйел бақыты), отбасы бақыты, крассула, бонсай, калатея, ақша шақыратын гүл, лимон, банан, тағы басқа өсімдік түрлері өсіріледі. Қайсы түрі болмасын ерекше күтімді қажет етеді. Мысалы, юкка – жарық сүйгіш өсімдік, жапырақтары ұзын, жалпақ келеді. Жазда жеткілікті мөлшерде, қыста сирек суғарылады. Тұқымы арқылы да, картоп секілді түйнектерімен де көбейтіледі. Ал антуриумды тікелей күн көзінің түсуінен сақтап, көлеңке жерде ұстағаныңыз дұрыс. Ыл­ғалды жақсы көретін бұл өсімдіктің айналасын күніне екі рет сумен бүркіп тұру керек. Әйелдер қауымы көп алатын спатифиллумді тікелей күн көзінің түсуінен сақтау қажет. Өйт­кені жапырақтары сарғайып, солып қалады. Көктем, жаз айларында мол суғаруды қажет етеді.

 

Қорда, қарашірік, шымтезек, шым және құм араласқан топырақ, сазды топырақ, көң тәрізді топырақтар аталмыш өсімдіктерге ауадай қажет.

 

Нәзіктікті сүюмен қатар, қарап отырмай оны қаражат табу көзіне айналдырған кәсіпкерлер алдағы уақытта «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша шағын несие алуды және гүл сортының одан басқа да түрлерін дамытуды жоспарлап отыр.

 

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.

Түркістан қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ