12 балалы Айсұлу жаңа үйге қоныстанды

24.04.2019
Қаралды: 460

Шымкенттік 12 балалы әйел Айсұлу Жәлелқызы туралы біз бұған дейін бірнеше рет жазған едік. «Замана» газеті баспанасыз, пәтерден пәтерге көшіп қиналып жүрген ананың жайын мәселе етіп көтерген соң «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері бізге байланысқа шыққан болатын. Арада көп уақыт өтпей, «Қазақстан» телеарнасының «Шаңырақ» бағдарламасында аталған қордың еріктілері Айсұлуға үйдің кілтін табыс еткен еді.

 

Кешегі 16-сәуір күні ол жанұясымен жаңа қоныстарына көшіп келді. Біз олардың қандай әсерде екенін білмек ниетте Айсұлудың өзімен сөйлескен едік. 

 

«Сезімімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес! – дейді ол қуанышымен бөлісіп. – Бала-шағам: «Енді өз үйіміз бар. Аулаға қияр, қызанақ секілді көкөністерді ексек, базардан сатып алмайтын боламыз», – деп жатыр. «Біреу есікті қақса қорықпай ашатын болдық-ау! Бұрынғыдай шкаф­қа, төсекке, жан-жаққа тығылудан құтылдық», – деп мәз. Жолдасым да: «Енді бәрі жақсы болады, қиын күндер артта қалды», – деп қуануда.

 

Арманыма осылайша қол жеткізем деп еш ойламаған едім. Бірақ Алладан күні-түні: «Алақанымды құр қайтарма, Жаратқан! Байлық емес, баспана берсең болды. Қазіргі байлығым – бала-шағам», – деп тілейтінмін. Иншалла, Алла берді. Тиын-тебеннен жиналған қаражаттан баспаналы болдым.

 

Әрине, ең бірінші «Замана» газетіне алғысым шексіз! Маған сенбей жатқандар да болды, біз үшін сіздер де қиналдыңыздар, арпалыстыңыздар, бірақ түбі шындыққа жеттіңіздер. Жағдайымызды жұртқа айтып, себепші бол­ған да өздеріңіз. «Харекет» қорына, «Шаңырақ» бағдарламасына, басқа да журналистерге өзара ауызбіршілік жасап, бізге демеу болғандары үшін рахмет айтамын. Әуелі Алла, одан соң сіздердің арқаларыңызда осы дәрежеге жеттік.

 

Еліміз аман болсын, барша мұсылмандарға Алла разы болсын!»

 

Айсұлу осылай дейді. 8 миллион теңгеге сатып алынған Айсұлудың үйі Шымкент қаласындағы «Азат» шағын ауданында орналасқан. 13 соттық жері бар 5 бөлмелі бұл баспана құжаттары рәсімделіп, толықтай осы отбасының меншігіне өтті.

 

Құтты болсын, қуаныш ұзағынан сүйіндірсін дейміз.    

 

 М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ